ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Қазір қымбатшылық желкеден алып, бүйірден қысқан заман. Бірақ баға шарықтады деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Себебі қазір құрылыс-жөндеу жұмыстарының нағыз қайнаған кезі. Біреулер бар жиған-тергеніне баспана тұрғызып әлек, ал енді бірі үйді қалай бастасам деп басы қатып жүр.
Басты себеп – қол қысқа, құрылыс заттары қымбат. Жазда құрылыс заттары материалдары құнының қымбаттай түсетін әдеті. Сырттан, яғни көршілес мемлекеттерден жеткізілетінін айтпағанда, өз елімізден шығатын цемент, ағаш, одан қалды құмның бәсі де бірнеше есеге шарықтап шыға келетінін көріп жүрміз. Құрылыс материалдарының құнына қатысты статистикалық мəліметтерді келтірсек, олардың барлығының дерлік бəсі қымбат екенін байқау қиын емес. Мысалы, 2022 жылдың соңында құрылыс жұмыстарында кеңінен қолданылатын табиғи құмның бір текше метрінің орташа бағасы еліміз бойынша – 2800 теңгеден асып жығылса, табиғи тастан жасалған шағыл көлемі мен маркасына қарай – 3 600-ден 9 900 теңгеге дейінгі аралықта ауытқыған. Ішкі əрлеу жұмыстарына қажетті түрлі түсті майлы алкидті эмальды, қою езілген бояу, кəдімгі қалауға арналған отқа төзімсіз қыш кірпіш, портоанд цемент, сөндірілмеген əк, қабырға мен төбеге арналған ғаныш, маркасы түрліше болып келетін қалауға дайын күйінде шығарылған бетондық қоспа, асфальт-бетон жабындыларына араластырылатын ұсақ жəне ірі түйіршікті құм, сондай-ақ ыстық жəне жылы күйінде қосылатын басқа да компоненттер, болаттан дайындалған швеллер мен бұрыш – құрылыста үнемі үлкен сұранысқа ие бұл материалдардың құны республикалық көрсеткішпен алғанда біркелкі көрінгенімен, жекелеген өңірлерде арзан емес екенін аңғарамыз. Тағы да ресми статистиканы сөйлетер болсақ, осыдан жыл бұрын ең қажетті деген құрылыс материалдарының құны 18 пайызға өскен. Қала берді жұмысшылардың қызмет ақысын қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, қазір ақыл жеткен жерге – ақша жетпейді, сана жеткен жерге – шама жетпейтін шақ. Жаздың аяқталуына 1 ай қалды. Сәйкесінше дәл қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қалалы жерлерде де, ауыл-аймақтарда да бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің саны аз емес. Құрылыстың қарқыны қызған сайын оған кететін материалдарға да сұраныс арта түсетіні анық. Бәрі арзанын іздеп алқынады. Себебі баға бой бермей тұр.
Сонымен құрылысқа қажетті заттардың бағасына тоқталсақ, шегенің 1 келісі – 600 теңгеден сатылуда. Өткен жылға қарағанда 50 теңге қосылған. Ал цемент бір жыл бұрын 1500 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы – 1600 теңге. Үй құрылысына қажетті ағаштың құны құбылып тұр. Іргетасқа қажетті қиыршық тастың 35 тоннасы 80 мың теңгемен үйіңізге келеді. Бұл – үй құрылысына қажетті ең негізгі құрам. Қосымша бөліктерін қосып есептегенде үй соғамын деп тыраштанған жаныңыз кеткен шығыннан сескеніп қалары сөзсіз. – Үй саламын деп әлекке қалған мен ғана емес шығар. Биыл біраз тауардың қымбаттауы қалтаға әжептәуір салмақ болып тұр. Бұрындары 400-500 мың теңгеге соқса, қазір бағасы өскен. Одан кейін ішіндегі сылау, әрлеу жұмысынан бөлек ақша керек. Сонда үй соғу үшін кемі жинаған қорыңызда 15-20 млн теңге қаражат болуы керек, – дейді кент тұрғыны С.Ибраева. Сонымен бірге осы мезгілде жұмыссыздық та біршама бәсеңдейді. Бойында өнері бар азаматтар қолдан-қолға тимей, жаз бойы жырғап қалатыны да жасырын емес. Байқасаңыз, қазір ауыл-ауылдарда құрылысты меңгерген жігіттер бастарын біріктіріп, бригада құрып, жұмыс істеп жүр. Тірліктеріне де көз тояды. Бұхара мен Намәнганнан келген шебер ұсталардан еш кем емес. Мәселен, кентке Керделі ауылының жігіттері үйдің ірге тасын қалауға машықтанған. Ойыңыздағы үйді қағазға түсіріп, сызбаңызды қолдарына ұстатсаңыз болды, ұсталар үйдің көлеміне қарай есебін шығарып, бір апта ішінде шаруаңызды бітіріп береді. Бет қатталып жатқанда ұсталармен хабарласып, еңбекақыларын да сұрастырып та үлгердік. – Тапсырыс берушімен бағасына келіссек болды. Одан кейінгі жұмыс пен құрылыстың өміршеңдігіне өзіміз жауап береміз. Ал еңбекақыға келер болсақ, төленетін ақша да әр үйдің көлеміне қарай өзгеріп отырады. Көлемі көбейген сайын, төленетін қаржы да көбейе түседі, – дейді Алтынбек Әзиев. Білсеңіз, осыдан 4 жыл бұрын орташа үйдің іргетасын 400 мың теңге жобасында қалайтын. Ал қазір мұның бағасы екі есеге өскен. Тіпті миллионға дейін барады. Бұл енді тас қалаушылардың жұмысы. Осыдан кейін қалаушылардың жұмысы басталады. Олардың да өз есептері бар. Қазір қалаушыларыңыз әр қойған кірпішіне сол кірпіштің сатылымындағы бағасымен бірдей ақша алады. Шеберлер шатырды төрт жыл бұрын 500-600 мың теңгенің көлемінде жауып берсе, қазір мұның бағасы да өскен. Солайша сіздің бітпеген үйіңізге 1,5-2 млн теңге қаржы кетеді екен. Әрине, бұған құрылыс заттары кірмейді, есептемеңіз. Ал үйдің ішкі жұмысына басқа ұста іздейсіз. Оның еңбекақысына бөлек келісесіз. Иә, ұсталардың еңбекақысының өскені қара халыққа оңай тимейтіні ақиқат. Дейтұрғанмен, мұның екінші жағы бар. Ол – біздің түнімен көше кезіп сенделіп, жатып ішуге бой үйреткен жастарға қамшы болмақ. Қымбатшылық қашанғы жатқызар дейсіз. Ұсталардың еңбекақысы дәл осы қарқынмен өсе берсе, олар да оянар. Әрекет етер. Баспана салғандардың арасында «Біреуді қарғасаң үй сал деп қарға» деген қалжың аралас астарлы сөз бар. Бұл бәлкім, баспана салу барысында кездесетін түрлі машақаттардың азабынан кейін айтылған сөз шығар. Дегенмен жылы үйге кірген соң, бәрі де ұмытылады. Ең бастысы, баспана алу үшін банкке кіріптар болмайсыз. Жиырма жыл несие төлегенше бір-екі жыл қиналсаң да жер алып, үй салып алған тиімді екен. Тек аздап тәуекел керек. Қорыта келгенде, құрылыс материалдары нарығына қатысушылардың сөзінше, бағаның бұлайша құбылуына электр энергиясы, жанар-жағармай мен ақылы жол құрылыс заттары құнының көтерілуі себепші болып отырғанға ұқсайды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА