Баспана салуда қымбатшылық қинайды
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тәмсілді тарқатып айта берсек таусылмайтын тақырып. Жыры сол, отбасы атанғаннан кейін бұрын-соңды қозғалмаған тақырыптар енді өзекті мәселелерге айналады. Соның бірі, ең маңызды бөлігі – баспаналы болу. Баспанаңыз болмаса «бір кем дүниенің» күйін кешіп, тапқаныңыз желге ұшқандай болады да тұрады.
Дәл қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қалалы жерлерде де, ауыл аймақтарда да бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің саны аз емес. Құрылыстың қарқыны қызған сайын оған кететін материалдарға да сұраныс арта түсетіні белгілі. Сонымен бірге осы мезгілде жұмыссыздық та біршама бәсеңдейді. Бойында өнері бар азаматтар қолдан қолға тимей, жаз бойы жырғап қалатыны да жасырын емес. Бірақ, осынау баспана салу мәселесі бір қараған адамға оңай көрінгенімен оның да өзіне тән қиыншылықтары мен қызықшылықтары болады. Мысалы, алғашқы ізденіс – қалауыңыздағы үйдің бағасы шарықтап тұрғанын көргенде көңіліңізге кірбің түсіреді. Ал, құрылыс жүргізіп, үй саламын десеңіз қаражатыңыз қалтаның түбін көрсетпейтіндей болуы керек.
Сонымен әлемді дүрліктірген вирустың сауда-сатыққа әсері зор болды. Қымбаттамаған зат қалмады. Оның ішінде құрылыс материалдар да бар. Үй салуға қажетті заттар: цемент, кірпіш, ағаш, темір, шатыр. Бұларсыз үйдің қаңқасы қаланбайды. Қосымша топырақ, құм, шеге, тас, су, бұдан басқа қызмет түрлері тағы бар. Құрылыс материалдарының бағасын білмекке бірнеше сауда үйін аралауды құп көрдік. Алғашқы нысан Нұрбер сауда үйі.
Құрылыс материалын сатушы «Нұрбер» дүкенінің иесі Бақберген Көшеровтың айтуынша, пандемияның әсерінен тасымал қызметінің бағасы біршама өскен.
– Шет елден елге, елден өңірлерге тауар жетемін дегенше бағада жолдың ұзақтығына қарай арта береді. Оған жанар-жағар майдың қымбаттауын қосыңыз. Осыған орай, сатылатын тауар бағасы өзгеріп отырады. Біз әр тауарға 20, 50, 100, 200 тг қосамыз. Одан артық қосылмайды. Өйткені, өндіріс ошағынан шыққан тауарда бұрынғыдан қымбат болып келуде. Қазірдің өзінде зат қымбаттап кетті деп халық шулап жүр. Мен затқа көп баға қоспаймын. Бағаның аяқ-асты өсуіне пандемияның тікелей қатысы бар және ортадағы делдалдарға байланысты, – дейді кәсіпкер Б.Көшеров.
Ал, «Аян» құрылыс дүкенінің иесі, кәсіпкер Сабыр Ермахановтың дүкенінде 5000 түрлі тауар өндірісі бар. Заттың күрт қымбаттауына байланысты көңіліндегі алаңын жасырмады: «Бағаның қымбаттауынан тұрақты тұтынушыларды жоғалтып алмасақ болар еді. Сондықтан бағаны ұстауға барынша күш салып отырмын. Мәселен, былтыр 80 мың болған есіктерді қазір 110 мыңнан табасыз. Ал, менде бұрынғы баға. Оны көтерейін десем халықтың қалтасы көтермейді» дейді. Сондай-ақ, кәсіпкердің тасымал көлігінің жеке болуына байланысты заттың тым қымбатқа сатылмауын қадағалап отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен құрылысқа қажетті заттардың бағасына тоқталсақ, шегенің 1 кг – 550, цемент – 1600, әк –1200, темірдің 1 м – 1100, 6 м қаңылтыр – 7200 теңге тұрады. Фундаментке қажетті қиыршық тастың 1 рейстік түсірімі 40 мың теңгеден басталады. Бұл үй құрылысына қажетті ең негізгі құрам. Қосымша бөліктерін қосып есептегенде үй соғамын деп тыраштанған жаныңыз кеткен шығыннан сескеніп қалары сөзсіз. Онсызда вирустың әсерінен адамның рухы әлсіреп қалғанда қымбатшылық ту сыртыңнан пышақ сұққандай болады.
– Үй саламын деп әлекке қалған мен ғана емес шығар. Биыл біраз тауардың қымбаттауы қалтаға әжептәуір салмақ болып тұр. Оның үстіне өзбек ағайындардың шекарадан өте алмауына байланысты қызмет түрі бұрынғыдан екі есе қымбаттаған. Бұрындары 400-500 мың теңгеге соқса, қазір 1-1,5 млн теңгеге соғады. Одан кейін ішіндегі сылау, әрлеу жұмысы бар. Оғанда 1 млн-нан асатын қаражат жұмсалады. Сонда үй соғу үшін кемі жинаған қорыңызда 10 млн теңге қаражат болуы керек, – дейді Алмат Ибраев.
Жалпы, жыл басынан бері бағаның өсуіне себеп көп. Құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты тұрғын үйлердің де құны шарықтап кетті. Оған шамасы келмеген жұрт арзанға түсетін ауыл-аймақтардан үй салуды жөн көрген. Алайда, көктемгі баға өзгеріп, нарықтағы қымбатшылық енді оған да мұрша бермей отыр.
Баспана салғандардың арасында «Біреуді қарғасаң үй сал деп қарға» деген қалжың аралас астарлы сөз бар. Бұл бәлкім, баспана салу барысында кездесетін түрлі машақаттардың азабынан кейін айтылған сөз шығар. Дегенмен жылы үйге кірген соң бәрі де ұмытылады. Ең бастысы баспана алу үшін банкке кіріптар болмайсыз. Жиырма жыл несие төлегенше бір-екі жыл қиналсаң да жер алып, үй салып алған тиімді екен. Тек аздап тәуекел керек.
Ақбота Баянбай