Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРЫҚ БАҒАСЫНДА ӨЗГЕРІС БАР

ЖАРЫҚ БАҒАСЫНДА ӨЗГЕРІС БАР

Сейсенбі күні Кәсіпкерлік Кодекстің 124-6-бабының және ҚР Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы No36 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының талаптарына сәйкес электр энергиясына қатысты алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілуі жөнінде жария тыңдау өткізілді. Жиынға депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен тұтынушылар қатысты.

Жария тыңдауды ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Самал Ахметова ашып, электр энергия бағасы өзгеруінің негізгі себептерін атап өтті.
– Энергия бағасының өзгеруіне бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу бағасының 16,5 пайызға, электр энергиясын тасымалдау тарифтерінің «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 12,8 пайызға, «ҚЭТТК» АҚ-ның 26,9 пайызға және «KEGOC» АҚ-ның ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызмет тарифінің 2,9 пайызға өзгеруі, жүктемені көтеруге электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету қызметі бағасының 2,9 есеге өсуі, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1 кВт сағатқа 1,05 теңгеден 1,47 теңгеге артуы себеп болып отыр, – деді ол.
Аталған өзгерістерге байланысты мамыр айының соңында «Шиелі Жарығы» ЖШС электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын алдағы уақытта көтеру туралы ақпарат ұсынған болатын. Бұл жөнінде «Шиелі Жарығы» ЖШС директорының уақытша міндетін атқарушы Жорабек Сәдібеков арнайы баяндама жасады.
«Шиелі Жарығы» ЖШС-нің электрмен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы ҚҚС-мен 1кВт сағ. 24,26 теңгені құрап отыр (немесе 28,4 пайызға өзгеруімен). Айта кетейік, аталған мекеме қазіргі таңда Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы, Жалағаш ауданы тұтынушыларын электр энергиясымен жабдықтау қызметін атқарып келеді.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Бүгінгі таңда Департаментпен бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілуде. Жария тыңдауда айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, түпкілікті шешім қабылданатын болады.

Таслима ӘЛІШЕР
22 шілде 2024 ж. 160 0