Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЛ АЗЫҒЫ АЗДЫҚ ЕТПЕЙ МЕ?

МАЛ АЗЫҒЫ АЗДЫҚ ЕТПЕЙ МЕ?

Шіліңгір шілденің тағы бір күні. Аптап ыстық алқымнан алып, шыңына жетер шақ – жаздың бел ортасына да келіп қалдық. Десе де, бұл уақыт – қысқы мал азығын дайындауға өте қолайлы кезең. Осыны білген шаруалар қазірде жем-шөп қорын ерте бастан әзірлеуге кірісіп-ақ кетті. Әдетте мал азығын дайындау маусым, шілде айларында жүреді. Сол аралықта үлгермей қалсаң, бұдан әрі шөп қурап, бойындағы нәрін жоғалтады. Бұл істе, әсіресе, ауа райының ыстығына қарамастан, дала төсін дүбірге бөлеп, маңдай терлете еңбек етіп жүрген шаруалардың жұмысы жоғары бағаға лайық.

Қыстың қамын жазда ойлайтын шиелілік жұрт бұл жолы да жылдағы тірлігін тізгіндеді. Жоспар бойынша 2024-2025 жылдардың қысына түсетін төрт түлікке қажет мал азығы қорын жасақтаумақсатында биыл 164 мың 800 тонна шөп (оның ішінде 124 мың 800 тонна табиғи шөп, 40 мың тонна жоңышқа шөбі), 34 мың 200 тонна сабан, 37 мың 600 тонна жем дайындау көзделген. Ал мал азықтық дақылдарын өндіру бойынша 889,8 гектар күздік бидай, 578 гектар жаздық бидай, 95 гектар жүгері, 2180,5 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7713,5 гектар ескі жоңышқа шөбі, 229,7 гектар мал жемдік асқабақ өсірілуде. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәлімдеуінше, биыл азық қорынан тапшылық болмайды. Бұған дала еңбеккерлерінің қарқынды жұмысы дәлел.
– Шөп ору науқаны 31 мамырда басталып, бүгінде бірінші орым толық аяқталды. Жалпы 6 123 гектар жердің 123 гектары тұқымдыққа алынып қалды. 6 000 гектары толық орылды. Енді бір апта көлемінде екінші орым басталмақ. Айта кету керек, қазіргі қолайлы шақты тиімді пайдаланып отырған аудан шаруалары өнімді іс атқаруда, – деді бөлім басшысы.
Шөп дайындау, әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде оны шауып, нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Бұл халықтың ежелден негізгі тіршілік көзі болған мал шаруашылығының тұралап қалмауы үшін аса маңызды. Қазіргі таңда аудан бойынша барлық төрт түлік мал саны – ірі қара – 81 238 бас, қой мен ешкі – 118 210 бас, түйе – 1 516 бас, жылқы – 25 166 басты құрап отыр.
Төрт түліктің негізгі қорегіне айналған жұғымды азықтың бірі – жоңышқа екені белгілі. Бүгінде жоңышқаның бірінші орымынан 22 мың 500 тонна шөп орылған. Жаз бойы гүлдейтін бұл өсімдік мал азығы ретінде үлкен сұранысқа ие. Мұны тұтынушылар толық растайды.
– Бірнеше жылдан бері сиыр баптап отырмын. Азық ретінде мушка жемге күнжара қосып беремін. Одан бөлек ұдайы жоңышқамен қоректендіремін. Сиырлар сүтті мол береді. Бірақ қазір сырттан жайылып келіп жүр, – деді Бала би ауылының тұрғыны.
Иә, қазіргі таңда еліміздегі мал өсіру шаруасында азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуеттілігіне тәуелді. Әзірге мал шаруашылығын қарқынды дамыту толық шешімін таппай отыр. Сондықтан табиғи азықтық қорларды пайдалану басымдыққа ие.
Халық сұранысындағы жоңышқа шөбінің пресі бүгін 400 теңгеге тұрақтаған. Бұл – шама- мен 20 кг өнім. Жоңышқа өндірісімен айналысатын кәсіпкердің сөзінше, баға былтырғыдан әлдеқайда арзандаған.
– Биыл 150 гектар жерге жоңышқа шөбі егілді. Оның бір орымы толық орылды. Былтыр шөптің бір пресі 560 теңгені құраса, қазір баға төмендеді. Бірақ халықтың сұранысы азайған жоқ. Өнімді ұдайы сатып алатын тұтынушылар көп, – деді ол.
Түйіндей келе, қысқы азығын қамдауға кіріскен мал шаруашылығында биыл қиындық болмайды деп топшыладық. Дегенмен, мал қыстату науқанында тек жем-шөп дайындау ғана емес, әр малдың қыстан қысылмай шығуы, олардың саулығы да маңызды. Әрине, сапалы жұмыстан көзделген нәтиже көп. Мал күйлі шаруаның ісі оңынан болсын.

Таслима ӘЛІШЕР
11 шілде 2024 ж. 108 0