Қысқа дайындық қарқынды
Шиелілік шаруалар қылышын сүйретіп келетін қыста қысылып қалмаудың қамын жазда ойлайды. Себебі, мал азығы – ертеңгі ел азағы. Қыстың қамын ерте ойлайтын ауылдағы ағайынның шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті. Олай етпеске шарасы жоқ. Өйткені жыл сайын құны көкке шарықтаған шөппен ауылда бірлі-жарым мал асырау қиынға айналып бара жатқандай. Биылғы жылы шөп бағасының ойламаған жерден қымбаттауы барлық шаруаларды алаңдатып отыр.
Қазақ «Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Бірақ, биыл бұл тәмсілдің өңін өзгертіп, қыстың да, жаздың да жайын бүгіннен ойлау керектігін сезіндік. Себебі жаз басталмай жатып қуаңшылық болып, дала көгермей, шөп шілде шықпай сарғайып жатыр. Бірқатар облыста төтенше жағдай жариялау мәселесі көтерілді. Алдағы қысқа ерте бастан қамдану мәселесі пысықталуда. Осы мақсатта бейсенбіде аудан әкімінің орынбасары Е.Апетовтың төрағалығымен жиын өтті. Жиынға ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков, кент және ауылдық округ әкімдері, егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалық төрағалары, ZOOM платформасы арқылы ауыл әкімдері, БАҚ өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде орын алған қуаңшылық салдарынан жазғы мал жайылымы мен жем-шөп дайындауды ұйымдастыру мәселері айтарлықтай қиындық тудырып тұр. Тіпті, бұл жағдай азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне және мал шаруашылығы өнімінің қымбаттауына ықпал етуде. Сондықтан жем-шөп мәселесін жедел шешу үшін әр ауылдық округтерден жұмысшы топ құрылу мәселесі көтерілді.
Жианлыс барысында жауапты тұлғалар берген жауаптан ұққанымыз аудан бойынша биылғы жылға мал басына қажетті азық қорын жасақтау мақсатында 125 мың тонна шөп, 85 мың тонна табиғи шөп, 40 мың тонна жоңышқа, 28 мың тонна сабан, 540 тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр. Бір қуантарлығы 5448 гектар ескі жоңышқа орылып, одан 21792 тонна жоңышқа шөбі өндірілген.
Қазірдің өзінде, ауданда жоңышқаның бір данасы 600-650 теңге аралығында сатылып жатыр. Осыған орай, мемлекет басшысының жеке, қосалқы шаруашылықтар үшін жем-шөптің қолжетіміділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өзіндік құнына талдау жүргізіп, жем-шөптің оңтайлы құнын анықтау, бағасын ұстап тұру мақсатында жиынға жиналғандар өздерінің ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, ардагер Т.Бабасов барлық ауылдар осы бастан жем-шөп қорын жасақтау қамына кірісуі керектігін алға тартты. Әр атыздың басындағы қылтиған қамысты да орып алуды айтты. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков жоңышқа шөбінің қымбаттауына байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, арзандатылған жанар-жағармай бөлу мәселесін шешу жолдарын қарастыруды сөз етті. Иә, алдағы қысқа сақадай-сай, жем-шөп қорын мол етіп, малдың қоңын көтеріп алған абзал. Сонымен қатар, кейбір іргелі ауылдардағы тұрғындардың жердегі үлесі бар шаруа қожалықтары да өз үлескерлеріне жылдағыдан артығырақ етіп дивидент есебінен шөп түсіріп бергені тиімді болмақ.
Шапағат Тілеубаев