ТҮЛІК ӨРГІЗІП, ЖЕР ЕМГЕННІҢ НЕСІБЕСІ МОЛ
Зеңгі баба тұқымын бағып-қағудың машақаты барын, шығынсыз өсіру оңай еместігін, бақташыдан қажырлы еңбекті, темірдей төзімді талап ететіндігін қазақ «Сиыр бақтым, сидаң қақтым» деп тәмсілдеген. Әлбетте, қыстың күні тебіндеп, тамағын өзі тауып жей алмауы мен жылы жерге ділгірлігі өзге малдармен салыстырғанда қадірін кеміткенімен, бір бас сиырдың өзі бүтін бір отбасын асырағаны мұқым елге мәлім. Осыдан 5 жыл бұрын еліміздегі ірі қара саны 7 миллион шамасында болған. Бұл көрсеткішті әр жылдары арттыру – ұдайы жоспарда.
ЖАЗ БЕН ҚЫСҚА ТӨЗІМДІ
ХІХ ғасырда қазақ даласында британдық герефорд бұқасы мен қалмақтың ірі қарасын будандастыру арқылы қазақтың асылтұқымды ақбас сиыры пайда болды. Бұқасы орта есеппен 800-900 келі, сиыры 450-500 келі тартатын тұқымды халық «құттымал» деп айдар тақты.
Ресми мәліметтерге сенсек, кезінде саны 1 жарым миллионға жуықтаған қазақтың ақбас сиырының қазір небәрі 637 мыңы ғана қалыпты.
Егер ақбас тұқымды сиыр өсіруді қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорттауға таптырмас мүмкіндік туады екен. Себебі, қазақтың ірі қарасы ет беру жағынан шетелдік асылтұқымды сиырлардан еш қалыспайды. Олар жайылым таңдамайды. Шөлге де, табиғат қолайсыздықтарына да шыдамды дейді мамандар.
Егер ақбас тұқымды сиыр өсіруді қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорттауға таптырмас мүмкіндік туады екен. Себебі, қазақтың ірі қарасы ет беру жағынан шетелдік асылтұқымды сиырлардан еш қалыспайды. Олар жайылым таңдамайды. Шөлге де, табиғат қолайсыздықтарына да шыдамды дейді мамандар.
Қазақтың ақбас сиыры – ТМД-да алғаш болып шығарылған арнаулы етті бағыттағы ірі қара тұқымы. Жергілікті жердің табиғи өзгешеліктері мен азықтық ерекшеліктеріне әбден бейімделген. Жазда ыстыққа, қыста аязға өте төзімді.
БАҒДАРЛАМА БАСТЫ ИГІЛІК
Көзін таба білгенге, сиыр малының пайдасы көл көсір. Оның үстіне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы өз жағдайын күйттеп қана қоймай, дүйім жұртты етпен қамтамасыз етуге болады. Әрине, оның ішінде сиыр еті де бар. Сиыр еті болғанда да, біздегідей асып жейтін емес, шетелдіктер сүйсініп жейтін, «мәрмәр ет».
Енді Шиелі ауданындағы ахуалға ойыссақ. Киелі өңірде соңғы жылдары мал шаруашылығы саласының қарқыны жыл санап артып, даму көрсеткіші жоғарылап келеді. Қолда бар дерекке сенсек, 2024 жылдың наурыз айындағы көрсеткіші бойынша мүйізді ірі қар саны – 81 238 басты құраса, уақ мал – 118 210, жылқы – 25 166 басқа жетсе, түйе саны – 1516 басты құраған.
Нақтылай келе, ірі қара 117,6%, уақ мал 103,4% жылқы 96,8%, түйе 106,2 пайызға көбейген. Төрт түлік мал басының артуына байланысты ет өнімі – 108,7 пайызға, сүт өнімі – 101,1 пайызға артқан.
Ал осыдан 2 жыл ауданда мүйізді ірі қара саны – 89 509 бас, уақ мал саны – 136 320, жылқы – 23 778, түйе – 1 656, құс саны – 31 918 бас болса, өткен жылғы жарты жылдық көрсеткіш бойынша, мүйізді ірі қара – 93 161 бас, қой мен ешкі – 145 967 бас, түйе – 1705, жылқы – 25465, құс – 30 079 басты құрапты. Ал ет өнімі – 102 пайызға, сүт – 102,3 пайыз артқан көрінеді.
Жыл өткен сайын мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді. Мұнысы көңілге қуаныш нұрын себелейді. Иә, түлік өргізген мен жер емгеннің несібесі молдығына куә жұрт. Оның үстіне, Үкіметіңіздің «мал-жаныңды өсірсең, жағдайыңды жасаймын» деген жайы тағы бар. Ауыл шаруашылығының шегесі босаған арбасын алға жылжытқысы келген шаруагерге мемлекеттің де мейірі түсіп тұр бүгінде. Тиісінше аграрлы саланың ауыр жүгін жеңілдету үшін Үкімет жобаларын үкілеп те отыр. Түрлі бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығының тынысын ашқысы келеді. Бұл бағдарлама шарапатын Шиелі ауданының шаруагерлері де көріп келеді. Солардың бірі – «Ару Ана» шұбат цехы шұбатпен қатар сиыр сүтінен құрт, айран, қаймақ сынды өзіміздің өнімдермен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. «Ару Ана» шұбат цехы жылына 245 тонна өнім өндірсе, дәл осы бағыттағы «Асылхан» шаруа қожалығының сүт фермасы 200 тоннаны құрап отыр.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарына әл беретін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да кәсіпкерлер өз шаруашылықтарын жүргізуде. Мәселен, тұрандық Ләззат Қалымбетова, Олжас Әшірбеков, сұлутөбелік Дәурен Дюсенаевтар нақ осы бағдарламаның игілігін көруде.
Төрт түліктің аймаққа етене жақын түрі мүйізді ірі қара мен қой малын өсірушілерге мемлекеттік қолдау кеңейіп, селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізуге көңіл бөлінуде. Кәсіпкерлерге ет өндіруге байланысты мемлекеттік субсидия беріліп, мал өсіруге қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда мал өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты шаруа қожалық саны 700-ге жуықтаған.
Бүгінде мал шарушылығының асылдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Нәтижесінде, асыл тұқымды мүйізді ірі қара саны – 2171 басқа, асыл тұқымды қой малының саны – 60000 басқа, асыл тұқымды түйе саны – 367 басқа, асыл тұқымды жылқы саны – 281 басқа жеткен.
Төрт түліктің жақсы өнім беруі үшін шөбі шүйгін жайылымды жердің болуы аса маңызды. Өткен жылы кейбір шаруалар жайылымды алқаптың жоқтығын айтып дабыл қаққан болатын. Өткен жылы көтерілген мәселелер шешімін тауып, биыл қайталанбайтынына сенім артып отыр. Аудан аумағында – 3,2 млн га, оның ішінде жайылымды алқаптар – 1 211 356,8 га болып, ол ауданның жалпы жер көлемінің – 34 пайызын құрап отыр. Оның ішінде жайылымды алқаптар ауыл шаруашылығы жерлерінде – 228 658,5 га, елді мекен жерлерінде – 25311 га, қосалқы жер қорында – 906 986,4 гектарды алады.
Ендігі тұста Қазақстанның, оның ішінде Сыр өңірінің сиыр етін экспорттауда өзгелермен бәсекелесе алатын шама-шарқы бар. Тек ауыл шаруашылығы әлі де қолдаусыз қалмауы керек.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ