Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС ДОМБЫРА КҮМБІРЛЕЙДІ ҚОЛЫНДА

ҚОС ДОМБЫРА КҮМБІРЛЕЙДІ ҚОЛЫНДА

Қазақ халқының төл өнері хақында сөз қозғағанда, ең алдымен, домбыра еске түседі. Қадым заманнан бері ұлттық болмысты айшықтап тұратын қос ішекті, көп пернелі аспаптың бүтін бітімінде көненің киелі күмбірі, ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі жатыр. Бабалар аманатын арқалап, осынау қасиетті өнердің мәртебесін айғақтайтын Ұлттық домбыра күнінің қарсаңында халықтың тұл бойындағы күрескерлік мінезін, оның мәдениеті мен рухани байлығын күмбірлеген күй арқылы танытып жүрген өнер иесімен сұхбат құруды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз – қос домбыраны қатар шертіп, ел ықыласына бөленіп үлгерген Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы жанындағы «Ұлт аспаптар» халық оркестрінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділбек Тәшімов. Төл аспапты жанына серік еткен азаматты аудан жұрты «Сыр қаршығасы» деп те атап кеткен.

– Әділбек Ахметханұлы, бүгінде аудан халқы сіздің ұлтымыз ұлық тұтқан домбыраның құлағында ойнап, күмбірлете күй тартатыныңызға қанық. Ендеше, алғашқы сауалымызды ел баласының осы бір бекзат өнер жолына келуінен бастасақ. Өзіңіз туралы тарқатып айтып өтсеңіз.
– Мен 1984 жылы наурыз айының 4-жұлдызында Шиелі өлкесінде дүниеге келдім. Шашты руының Бошай тармағынан тараппыз. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсіл бар. Әкем домбырашы болатын. Сол кісінің жанында жүріп, 5 жасымнан бастап қара домбыраны қолыма алдым. Содан бері қазақтың киесіне айналған аспапты серік етіп, өнер жолында кәсіби деңгейде білім алуды мақсат еттім. 1999 жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге түсіп, 2004 жылы Астана Музыкалық академиясында, әрмен қарай Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып, 2009 жылы тәмамдадым. Қазіргі таңда Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде қызметтемін. 2018 жылдан бері аудандық оркестрдің жетекшісі болып келемін.
Домбыра – бұл қазақтың қазынасы, бойындағы киесі мен қасиеті. Бүгінде төл өнеріміз тұралап қалмасын деген тілекпен шәкір шыңдаудамын. Сондай-ақ Ә.Тәжібаев ауылында жас таланттар дайындап, оларды домбыра өнеріне баулып отырмын. Қазақ пен домбыра қашан да егіз ұғым емес пе? Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үнін өшірмеу – негізгі мақсатымыз.
– Жөн сөйледіңіз. Халқымыз домбыраны қуанышта да, қайғыда да қатар қолданып келді. Оның сыңғырлаған үнімен ұлттың мызғымас тарихын, құндылықтары мен салт-дәстүрін жеткізді. Жалпы, домбыраның көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын тылсым сезімді ұғындыра алатын қасиеті бар. Қос ішекті шертіп отырған жанға қарап тамсанбасқа болмайды. Ал екі домбыраны қатар қолға алып, көркем күй күмбірлету – кімнің болсын қолынан келе бермейтін өнер. Өзіңіз қос домбырада ойнауды қайдан меңгердіңіз? Бұған себеп болған кім немесе не?
– Қос домбырада қатар ойнау әдісін алғаш рет қазақтың әйгілі күйші-композиторы – Нұрғиса Тілендиев атамыздан көрген едім. Бұл өнерді үйреніп, әрі қарай жетілдіруге ұстаздарым – өзіміздің Шиелінің тумасы, күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, күй патшасы Қаршыға Ахмедияров пен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қошқарбек Тасбергенов себеп болды. Қазір шертіп жүрген «Аққу» күйін де осы Сырдың дарынды ұлдарынан үйрендім. Мен дәріс алған зиялы жандардың қатарында Құрмет орденінің иегері Төлепберген Тоқжанов та бар. Сол кісілердің ықпалымен күйдің қадір-қасиетін ұғындық. Иә, домбыраның өзіне тән үні бар. Бұл қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады. Осы тұста талай қазаққа рух берген қара домбыраны күмбірлетуге үн қосып, дәстүрлі өнер жолына бағыт сілтеген ұстаздарымның еңбегі зор.
– Біз де бірде қос домбырада ойналған сазды күйіңіздің тыңдарманы болып едік. Шыны керек, тыңдап отырғанда, бір күрсініп, бір мұңайып, мың түрлі әсерге бөлендік. Сондайда оның құдіретті үнін естігеніңе, басқа емес, қазақ болып туғаныңа тәубе етесің. Бұл, бір жағынан, күйшінің шеберлігін аңғартса керек. Осы тұста сіздің ауданның бас күйшісі атанғаныңыздан хабардармыз. Исі қазақтың құрметіне бөленіп, сезімі мен ойына әсер ете жүріп бағындырған сондай белестеріңіз турасында ой қозғасаңыз.
– Халықтың асыл қазынасына айналған төл өнердің жолында қызмет ете жүріп, бірнеше рет марапат мінберіне көтерілгенім бар. Бір парасына тоқталып өтейін. 2007 жылы шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы атындағы республикалық байқаудың лауреаты, 2008 жылы Астана қаласында өткен республикалық күйшілер сайысының I орын жүлдегері болдым. 2011 жылы Астана қаласында өткен Шабыт халықаралық байқауының дипломанты, 2017 жылы дәулескер домбырашы, композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық байқаудың екі мәрте лауреаты атанып, «Үздік орындаушы» номинациясын жеңіп алдым. 2020 жылы «Ғасырлар пернесі» республикалық байқауының I орын жүлдесі бұйырды. Ал 2021 жылы ҚР Күйшілер одағының мүшесі, сол жылы «Шиелі Жыл үздігі – 2021» мега жобасында «Үздік бас күйші» номинациясының иегері атандым. Сондай-ақ 2022 жылы Сыр елінде өткен Әлшекей Бектібайұлы атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесімен, ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталдым. Бұдан бөлек Мәдениет министрлігінің, облыс, аудан әкімдерінің бірнеше Алғыс хаты бұйырды.
Таяуда ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында облыс әкімінің қолынан марапат алдым. Аймақ басшысы елге әрі қарай еңбегің сіңіп, шәкірттерің шыңдардан көрінсін деген тілегін білдірді. Ұлттық өнерді бағалап, ерекше қолдау білдірген ел ағасы Нұрлыбек Машбекұлына алғысым шексіз. Аллаға шүкіршіліктер болсын. 
– Сөз арасында дәстүрлі өнердің қыр-сырына баулып жүрген шәкірттеріңіздің бар екенін атап өттіңіз. Жас буын сенім үдесінен шығып жүр ме? Олардың жеткен жетістігі қандай? Жалпы, аудандағы ұлттық аспаптардың насихатталу жолына қандай баға бересіз?
– Иә, домбыра халықпен ежелден бірге жасасып келеді. Сол кезеңдерден-ақ қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын. Қазір де домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл – қуанарлық жайт. Шәкірттерімнің арасында да түрлі додада бақ сынап, елге жүлдемен оралып жүргендері аз емес. Мәселен, бүгінде республикалық конкурстардың лауреаты атанып жүрген Мәди Сейсенбаев, республикалық конкурстың бас жүлдегері – Бағлан деген оқушыларымды ерекше айта аламын. Сондай-ақ Ташкентте өткен халықаралық байқаудың бас жүлдегері – Ақжол Жансерік, Телікөлдің жігіті Әбдіғани Нұрлыжан да әртүрлі конкурстардың лауреаты атанып жүр.
Әрине, домбыра үйрену елдің елжандылығын көрсетеді. Сондықтан оны үйрету аясын кеңейткеніміз жөн. Мойындау керек, егер аудандық музыкалық мектептермен байланыс жасап отырмасақ, жағдайымыз қиын. Себебі онда нота білетін, аспапта еркін ойнай алатын кәсіби мамандар бар. Ал бізде бір күйді бастан- аяқ тарта алатын жандар саусақпен санарлық. Басқа аудандарда өнер иелері музыкалық мектеп ұжымдарымен бірге оркестр ретінде өнер көрсетеді. Бұл үшін ұжым басшылары мәселені шешіп отырса игі. Өз мамандары кіріспесе, қалғаны зая кетушілік болар еді.
– Талайды тамсантқан «Шиелі толғауы» бүгінде еліміздің біраз жерін шарлап кетті. Қара домбыраның шанағынан төгілген тәтті күйге тәнті болғандар көп. Бұл туындыңыз қандай жағдайда туды? Құлақ құрышын қандырар авторлық шығармаларыңыз жөнінде әңгімелесеңіз.
– Жалпы, махаббаттың түрі көп қой. Ол әкеге, анаға немесе Отанға деген махаббат болуы мүмкін. «Шиелі толғауы» елге деген махаббатты көрсетеді. «Әркімге өз туған жері – мысыр шаһары» деген сөз бар. Адамның өмірге іңкәрлігі де туып-өскен топырағына деген ыстық сезімнен пайда болады. Сол арқылы тамырыңа қан жүгіреді. Күйдің тақырыбын да сондай махаббатпен «Шиелі» деп қойдым.
Аталған толғаудан бөлек «Ақ көркем» күйі де қазіргі таңда өз тыңдарманын тауып үлгерді. Сонымен қатар шыққанына небәрі 1 апта болған «Еркемсің» күйін айтып өтейін. Расында, әр адамның ішкі әлемінде өзінің құпия бір еркесі болады. Бұл туынды сол тақырыптағы сезімдерді
көрсетеді.
– Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар салмақты үлесі бар. Бұл бір жағы халқымыздың домбыраға деген құрметінің бір көрінісіндей. Мерейлі күннің қарсаңында еліңізге бір ауыз жылы лебіз білдірсеңіз.
– Мемлекет басшысының қолдауымен күнтізбемізге Ұлттық домбыра күні қосылды. Бұл – халқымыздың ұлттық өнерін ұлықтау мақсатында жасалған игілікті істің бірі. Домбыраны ұлықтау – ізгілік атаулыны ұлықтау деп білемін. Оның мәртебесі – ұлттық өнеріміздің мәртебесі. Сондықтан ол қашан да биіктей беруі керек. Қазақтың төл аспабының күні баршамызға құтты болсын. Әр қазақтың баласы өнерлі болсын. Еліміз өсіп, өркендей берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
10 шілде 2024 ж. 121 0