ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ТЫЙЫМ БАР МА?
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда отбасында кездесіп жататын қорқыту, кемсіту оқиғалары қалыпты жағдайға айналған. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерге ести-ести құлақ та үйренді. Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында ұшырасады. Үлкен дертке айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма?
Қалам ұшында қордаланған өзекті тақырыпқа орала берудің өзіндік себебі бар. Шыны керек, көтерілген мәселе елімізді дүр сілкіндірген соңғы оқиғалардан кейін тіпті қызу талқыланып жүр. Бұған қоғам мүшелері де назар аударып, әлеужеліде азаматтық үн қосып жатқандар жоқ емес. Бұрын «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп қиындықтан үнсіз құтылатын қоғам енді әр нәрсенің лайық бағасын берер кезеңнің алдында тұр.
Аудандық соттың мәліметіне сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық себебінен жыл басынан бері неке бұзуға байланысты 121 арыз түсіп, оның 9-ы кері қайтарылған. 101-іне азаматтық іс қозғалса, 62 отбасының сұранысы ажырасумен аяқталған. Небәрі алты ай көлемінде сараланған сандардың сипаты жан шошырлық. Сонда бүтін жанұяны шайқалтқан статистиканың себебі неде?
Шынында, тіршілік тірегі – әйелдер қауымының құқығын қорғау – кез келген қоғамның басты мәселесі. Бірақ соған қарамастан, нәзік жандардың 40-60%-ы отбасында немесе кездейсоқ жағдайда озбырлыққа ұшырайтыны дәлелденген. Мамандар бұндай жағдайлардың басында аудан бойынша көбіне маскүнемдікке салыну, қаражат тапшылығы секілді мәселелердің тұрғанын атап өтті. Әйел адамды ұрып-соғу салдары да көш қатарынан қалған жоқ.
Иә, жанұяда қысым көрген әйел қоғамнан ұялып, болған жайтты жасырып қалады. Шағымдануға шамасы бармай, бауырындағы баласын ойлап, нәтижесінде, аталған іс тек отбасының айналасында қалып қояды. Бұның үлкен салдары елімізде неке қию санының төмендеп, есесіне ажырасулардың көбейіп бара жатқанынан көрінеді. Ал озбырлық соңы толық емес отбасылар құрамында жалғызбасты аналардың басым болуына әкеліп отыр.
«Ауруын жасырған өледінің» күйіне түсірген тақырып жөнінде күні бүгінге дейін терең талқыланбағаны, тек жалпылама айтылып келгені белгілі. Десе де, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлықзомбылық жазасын қатайтатын заңға қол қойғаны әмбеге аян. Негізгі мақсат – тұрмыстық саладағы қайғылы оқиғаларды болдырмауға жағдай жасап, адамдардың өз әрекетіне деген жауапкершілігін арттыру. Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстардың алдын алуға қаншалықты ықпал ете алады?
– Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді, – деген еді Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
Бүгінде тұрмыстық қылмысқа барғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамау үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Аудандық сот қатаңдатылған заңның нәтижесінде жауапқа тартылушы қылмыстық кодекске сәйкес жазаланатынын мәлімдеді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның сөзінше, өткен жылы отбасылықтұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел, 7 бала көз жұмған. Аталған қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылғанын бәрі білу керек. Себебі жазасыздықтың соңы ауыр зардаптарға әкеледі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл заң жобасында ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі және орташа, ауыр зиян келтіру сияқты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қарастырылғанын атап өтті.
Тың тақырыптың түйінін тарқатуға қоғам белсенділерінің назар аудара бастағаны рас. Дегенмен, біз бұл кеселмен бүгін ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Өкінішке қарай, аталған қоғам індеті әбден асқынып, бүгінде тамырын тереңге жайып үлгерді.
Қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресіп, мәселенің маңызын қоғам болып сезінсек, белгілі бір жетістікке жетеріміз анық. Күйзеліс күрмеуін жүйелі шешудің бір жолы – бала бойына ұлттық құндылықтарды ерте жастан бастап сіңіру. Себебі қоғамдағы кез келген нәрсе тәрбиеге келіп тірелері хақ. Отбасы болудың жауапкершілігі өскелең ұрпақтың санасына сіңер болса, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға да еркін жауап табар едік.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ