ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ БОЛАДЫ
Қазір ел оңай ақша табуға бейім. Түрлі сайттардағы жарнамалар, ойын автоматтары ақша табудың жеңіл жолы көрінгенімен, қарызға батып жататындар қарасы қалың. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Біз қозғағалы отырған мәселе – мемлекет тарапынан берілетін гранттар. «Ашыққанға балық берме, қармақ бер» демекші, қайтарымсыз грантты алып, кәсіп ашып жатқандар қаншама? Десек те, бұл гранттарды кейбір пысықтар пайданың көзіне айналдырғандай. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, көзге көрінген жайттардан түйгенім – осы.
Екі қолға бір күрек таппай жүргендер мен тың идеясы бар азаматтарға кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қаржы жоқ деп, етекті жасқа толтырып отыратын емес, миды іске қосып қарекет қылатын мезет. Алайда, түрлі бағдарламалар негізінде жыл сайын бөлінетін қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатыр ма? Тұрмыс жағдайын түзеймін деген жандар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Әсіресе, жүйелі жоспары, нақты мақсаты, айқын бағыт-бағдарламасы бар адамдар үшін зор көмек. Бұл қатарға кейінгі жылдары көпбалалы аналар қосылды. Бір ғана 80 мыңнан астам тұрғыны бар Шиелі ауданында 2023 жылы 149 адам қайтарымсыз грант иесі атанған. Арнайы оқу курстарынан өтіп, комиссия алдында жобасын қорғап, қаражатты алу да оңай шаруа емес. Жобалардың дені мал шаруашылығын дамытуға арналады. «Сиыр алсам, қаймақ шайқап, май айырамын, сүт сатып, ақша табамын» дегендер де жоқ емес. Егер шынымен солай болса…
Кей жағдайларда, қолында малы бар азаматтар да мал аламыз деп грант алады. Алған қаражатты басқа мақсатта жұмсап, қолындағы малды келген комиссияға көрсетіп, «аңқау» комиссияны «алдауға» шебер. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннен аулақпыз. Алайда, берілген қайтарымсыз қаражаттың қорғаған жобаға жұмсалатындығын қадағалау механизмдерін жетілдіру әрі қатаңдату қажет. Аспаннан ақша жаумайтындығын жете түсінген жағдайда ғана мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек – қайтарымсыз грант құмға сіңген судай болмас еді. Біле білген адамға, бұл қаражат еліміздің өркендеуі үшін маңдай тер сіңіріп, еселі еңбек етіп жүрген сіз бен біздің еңбекақымыздан ұсталатын салық. Қаржы елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалса, әлдеқайда маңыздырақ болар еді.
Адам мен ақшаның қадірі қатар жүретін біздің қоғамда гранттың мәні бөлек. Істің ыңғайын білетіндер көзін тауып, грант алып, кәсібін дөңгелентіп, қатарға қосылып жатыр.
– Мен былтыр «Бастау-Бизнес» арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Жоба қорғау оңай болмады. Мал азығын өңдеу ісі жөніндегі жобам қолдау тапты. Өзім Талаптан ауылдық округінің тұрғынымын. Ауылда мал ұстап, күн көріп отырған отбасы көп. Сондықтан мал азығын шығару біз үшін тиімді жоба боларына сендік. Қазіргі таңда бидай өндіріп отырмыз. Қандай шаруаны қолға алсаң да, ынтамен кіріскен дұрыс. Таңмен таласа тұрып, бала-шағамызбен еңбектенеміз. Биыл күн райы да жақсы болған соң, мол өнім алып мақсатпен жұмыс жасап жатырмыз, – дейді талаптандық тұрғын Қ.Ғаниқызы.
– 2023 жылы 149 адам грант алған, мақсатсыз пайдаланған 9 адам анықталған. Оның ішінде 4 адам сотқа берілді, 5-уіне материал дайындалып жатыр. Грант қаржысын мемлекетке қайтаруы жөнінде соттың шешімі 3 адамға шыққан. 1 адамға сот процесі жүріп жатыр. Сондайақ біздің орталық мақсатты пайдалануын, мемлекеттік гранттың шарт-талаптарын орындауына мониторинг жасауды жүзеге асырып отырады. Талаптар да қатаңдатылды, – деді аудандық кәсіпкерлік палатасы бөлімінің директоры Б.Бауыржанұлы.
Грант алғандар үш айдан кейін есеп тапсырады. Қаражаттың жұмсалған бағытын көрсетеді. Дұрыс-ақ. Ең бастысы, қолға алған кәсіпті жандандырып, отандық өнімдерін қатарын толықтыра түссе, нұр үстіне нұр болмақ.
Сөз жоқ, ақшаң болса, дүние де кең. Себебі, бәріміз пендеміз. Ұстағымыз, тапқымыз, дүние алғымыз келеді. Бірақ, мемлекетті алдап емес, табан ақы, маңдай термен тапқан ақша берекелі боларын да қаперде ұстайық.
Г.ӘБДІХАНИ