Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарымсыз қаржының қайырымы бар ма?

Қайтарымсыз қаржының қайырымы бар ма?


Қазір ел оңай ақша табуға бейім. Түрлі сайттардағы жарнамалар, ойын автоматтары ақша табудың жеңіл жолы көрінгенімен, қарызға батып жататындар қарасы қалың. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Біз қозғағалы отырған мәселе – мемлекет тарапынан берілетін гранттар. «Ашыққанға балық берме, қармақ бер» демекші, қайтарымсыз грантты алып, кәсіп ашып жатқандар қаншама? Десек те, бұл гранттарды кейбір пысықтар пайданың көзіне айналдырғандай. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, көзге көрінген жайттардан түйгенім – осы.
Екі қолға бір күрек таппай жүргендер мен тың идеясы бар азаматтарға кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, қаржы жоқ деп, етекті жасқа толтырып отыратын емес, миды іске қосып қарекет қылатын мезет. Алайда, түрлі бағдарламалар негізінде жыл сайын бөлінетін қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатыр ма? Тұрмыс жағдайын түзеймін деген жандар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Әсіресе, жүйелі жоспары, нақты мақсаты, айқын бағыт-бағдарламасы бар адамдар үшін зор көмек. Бұл қатарға кейінгі жылдары көпбалалы аналар қосылды. Бір ғана 80 мыңнан астам тұрғыны бар Шиелі ауданында 2020 жылы 776 адам грант иесі атанған. Бұл – жоғары көрсеткіш. Арнайы оқу курстарынан өтіп, комиссия алдында жобасын қорғап, қаражатты алу да оңай шаруа емес. Жобалардың дені мал шаруашылығын дамытуға арналады. «Сиыр алсам, қаймақ шайқап, май айырамын, сүт сатып, ақша табамын» дегендер де жоқ емес. Егер шынымен солай болса…
Кей жағдайларда, қолында малы бар азаматтар да мал аламыз деп грант алады. Алған қаражатты басқа мақсатта жұмсап, қолындағы малды келген комиссияға көрсетіп, «аңқау» комиссияны «алдауға» шебер. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегеннен аулақпыз. Алайда, берілген қайтарымсыз қаражаттың қорғаған жобаға жұмсалатындығын қадағалау механизмдерін жетілдіру әрі қатаңдату қажет. Аспаннан ақша жаумайтындығын жете түсінген жағдайда ғана мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек – қайтарымсыз грант құмға сіңген судай болмас еді. Біле білген адамға, бұл қаражат еліміздің өркендеуі үшін маңдай тер сіңіріп, еселі еңбек етіп жүрген сіз бен біздің еңбекақымыздан ұсталатын салық. Қаржы елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалса, әлдеқайда маңыздырақ болар еді.
Адам мен ақшаның қадірі қатар жүретін біздің қоғамда гранттың мәні бөлек. Істің ыңғайын білетіндер көзін тауып, грант алып, кәсібін дөңгелетіп, қатарға қосылып жатыр.
– Мен былтыр «Бастау-Бизнес» арқылы оқып, сертификат алдым. Жоба қорғау оңай болмады. Жылыжай ісі жөніндегі жобам қолдау тапты. Өзім тұратын жерім ыңғайлы болған соң, бау-бақша егуді жөн деп санадым. Топырағы құнарлы, суы мол жер. Жылыжай салуда поликарбонат және целлофан, әйнек материалдарын пайдаландық. Қандай шаруаны қолға алсаң да, ынтамен кіріскен дұрыс. Таңмен таласа тұрып, бала-шағамызбен еңбектенеміз. Биыл күн райы да жақсы болған соң, мол өнім алып мақсатпен жұмыс жасап жатырмыз, – дейді кент тұрғыны Жаңабай Әбдіқадыров.
– Биылғы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру бағытында 350 азаматқа мемлекттік грант беру жоспарланып, қазіргі таңда, аудан бойынша 311 адамға 181437400 теңге берілді. Атап айтар болсақ, Бастау Бизнес арқылы 75, қысқа мерзімде оқу оқыған – 41, атаулы көмек алушы – 195 адам мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Сондай-ақ, біздің орталық мемлекеттік гранттың мақсатты пайдалануын, мемлекеттік гранттың шарт талаптарын орындауына мониторинг жасауды жүзеге асырып отырады. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 4 грант алушының шарт талаптарын орындамай, грант қаражатын мақсатсыз пайдаланғандығы анықталып, қаржыны сот тәртібімен республикалық бюджетке кері қайтаруға шешім шығарды, – деді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Ақжол Мейірбекұлы.
Грант алғандар үш айдан кейін есеп тапсырады. Қаражаттың жұмсалған бағытын көрсетеді. Дұрыс-ақ. Егер алған малы жоғалып немесе басқадай жағдай орын алса ше? Олар не істейді? Бұл жағдайдағы іс-әрекет тетігі қарастырылмаған. Құмға сіңген қаражат деген осы емес пе?
Сөз жоқ, ақшаң болса, дүние де кең. Себебі, бәріміз пендеміз. Ұстағымыз, тапқымыз, дүние алғымыз келеді. Бірақ, мемлекетті алдап емес, табан ақы, маңдай термен тапқан ақша берекелі боларында қаперде ұстайық.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 575 0