Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БИ ӨНЕРІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?

БИ ӨНЕРІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?

Би – сезім мен нәзіктікті жеткізуші өнер. Оған қоса, халықтың эстетикалық болмысын әспеттейді. Кез келген халықтың өзіне тән билері бар. Қазақ бұрыннан сахна өнерін, оның ішінде би өнерін ерекше құрметтеген. Адамдардың қоршаған ортадан алған сезімдері, табиғат құбылыстары, тұрмыстық көріністері музыка ырғағымен би қимылына айналған.
Кезінде қазақтың фольклорлық би ырғақтарын халыққа кеңінен жеткізген «Гүлдер», «Алтынай», «Сазген», «Ақмаржан», «Қазына» сынды би ұжымдарын айрықша айта аламыз. Ұлттық би өнеріне өлшеусіз үлес қосқан танымал бишілер – Шара Жиенқұлова, Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Зәуірбек Райбаев, Гүлжан Талпақова, Шұғыла Сапарғалиқызы, Алмас Бекбосынов есімдерін әркез мақтанып айтып жүреміз. Ал бүгінде бидің балет, бал биі, танго, вальс, фокстрот, румба, мамбо, ча-ча-ча, твист, ламбада, қамажай, қара жорға, аққу биі секілді жүздеген түрі бар. Осы тұста бір қызық дерек, 2011 жылы үнді бишісі Каламандалам Хемалентенің 123 сағат 15 минут бойы билеген биі ең ұзақ би ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енді. Бұл рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңарта алмай келеді.
Қазіргі уақытта бекзат өнеріміз сахнадан бөлек, әншілік сияқты Шиелінің той-томалақтарынан көрініс табуда. Иә, той сәнін бимен келтірген тиімді. Әйтсе де, топ-тобымен той жағалап жүретін қыздардың қимылын би деп айта алмас едік. Одан да гимнастика, болмаса, сән көрсетілімі деген дұрыс шығар. Себебі ешқандай хореографиялық білімі жоқ, дене бітімдері мен бойлары да сәйкес келмейтін бишілерді көргенде қынжыласыз. Тіпті биші деп атауға бола ма екен? Тек тойдан табыс табу үшін бастарын құрай салған қыздар музыка ырғағына сай үйлесімді қимыл жасамай, тек қолдарын ербеңдетіп, дастархан ортасында әрі-бері жүрумен уақыт өткізеді. Хореографияға тән пластика әрі денелері мен бел омыртқалары иілікпейді. Тіпті сонысын жасырғысы келе ме, қауырсын типтес маталардан қидалап әзірлеген көйлектерін денесіне жапсырып, көбелек, болмаса, құс кейпінде иліге алмай, төрге бір озып, босағаға бір қайтып, биін тәмамдайды. Бұдан бөлек, көйлекті келте киіп алып, бұраң-бұраң етіп билейді. Дәл осы билерін қымбатқа санайтынын қайтерсің? Сонда біздің ұлттық өнеріміз қайда қалды? Бишілеріміз не ойлап жүр?
Қарапайым халықтың барлығы бірдей бидің мәнін ұға қоймайды. Сондықтан олар «би дегеніміз осы екен ғой» деп, «трансформер-костюмдері» үшін қызығып, қымбат ақшаға болса да жалдай береді. Оны көрген өзге жұрттың би туралы түсінігі қалай қалыптасады?
Кейде іс-шараларға барғанда, бишілердің пластикасына, харизмасына тамсанып қарайсыз. Қарап отыра бергің келеді. Бір қимылды қайталамай, нағыз би өнерін көрсетеді. Той да мәдениеттің ортасы емес пе?! Онда қызық-думан көру үшін де баратын адамдар болады. Біздің айтпағымыз, би деген ұлы өнерді жақсы жағынан көрсетіп, дәріптесе дейміз. Той ұйымдастырушылар осыны бір ескеріп қойса жақсы болар еді...

Айнұр ИБРАШЕВА

11 маусым 2024 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031