ӨНЕР МЕКТЕБІНЕ – 55 ЖЫЛ
Қазақ өнерінің қайнар бастауларының бірі – Шиеліде өнерге деген құрмет айрықша. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Ал өркениетті ұлт тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.Өнер қонған ортада балаларды сиқырлы сұлу саз әлеміне бастайтын ғажайып мекен бар. Бұл жерде әуелеген жеті нотаның әдемі әуендері көңілдерге қуаныш пен шабыт, үміт пен сенім сыйлайды. Әрине, бұл – Шиелі өнер мектебі. 1968 жылдан бастан аудан өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, қаншама шәкірт тәрбиелеп, бүгінде үлкен өнер ордасына айналды. Ширек ғасырға жуық уақытта аталған өнер ордасы өз биігінен түскен емес. Міне, биыл Шиелі ауданының өнер мектебіне – 55 жыл. Атаулы датаға орай өнер орнының жас таланттары талантын паш етіп, көпшілікті тәнті етті.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1980-1990 жылдары дағдарыс уақыты кезеңінде Шиелінің орталығында бір уақытта бес мектеп жұмыс істеген. Кейін 1991-1992 жылдар аралығында Кеңес Одағы тарқаған соң, қаражаттың жетіспеушілігінен төрт мектеп жабылып, содан осы балалар музыка мектебі қалады. Уақыт өте келе, 2020 жылдан бастап аталған орын атауы «Шиелі өнер мектебі» деп өзгереді. Қазіргі уақытта мұнда 2022 жылдан бері Нариман Мизамбаев басшылық етіп келеді.
– Мені шәкірттердің өнерге деген қызығушылығы, құрметі қуантады. Өнер мектебінің негізгі мақсаты – балалардың музыкалық сауатын ашу, қызығушылығын арттыру, аспаптарда ойнауға үйрету және ұлттық музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау. Не нәрсенің бастау бұлағы болады десек, мектептің алғашқы директорлары – Мейрамбек Аманбаев, Амангелді Әбілқасымов, Әлімхан Оспанов, Абай Алтынбеков ағайларымыздың еңбегі ерен. Ардақты азаматтардың салған сара жолымен кейін де қаншама өз ісіне берілген майталман маман мектеп мәртебесін биік белеске көтере білді. Ал шәкірттер өнер додаларында аршындай суырылып алға шығып, таланттарымен топ жарды, – дейді өнер мектебінің директоры.
Сан таланттың басын тоғыстырған салтанатты шара барысында аудан әкімі Нұржан Ахатов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, өнер иелеріне толағай табыстар тіледі. Әрмен қарай 55 жылдық мерейтойға арналған «Ұлы өнердің бастау бұлағы» атты мәдени-тарихи жинақ кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған аудан әкімімен бірге қадірлі қонақтар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Педагогика және дәстүрлі өнер институтының директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Нәку Мейірманов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетова және білім саласының ардагер-ұстазы Абай Алтынбеков қатысты. Абай Абдоллаұлы сахна төріне шақырылып, жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бұл кітап руханият өріндегі тағы да бір құнды дүние болмақ.
Кеш бұдан әрі өнер мектебінің 55 жылдығына арналған «Ұлы өнердің бастау бұлағы» атты мерекелік концертпен жалғасты. Залда отырған тыңдарман дәстүрлі әннен бастап, домбыраның, қобыздың, баянның, фортепианоның, үрмелі аспаптардың үнін тыңдап, тамсанып қарап отырды.
Шынында, музыка саласын ансамбльсіз, оркестрсіз естестету мүмкін емес. Шиелі ауданы өнер мектебінің мұғалімдері өңірдің мәдени іс-шараларында белсене қызмет жасап келеді. Атап айтсақ, 1989 жылы Дүйсенбі Смайыловтың бастамасымен аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Жас дәурен» ән-би, «Нартай сазы» халық аспаптар ансамблінде өз өнерлерін көрсетуде. 2012 жылы өнер мектебінің жанынан құрылған «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі де айтарлықтай біршама аудандық, облыстық, республикалық жетістіктерге жетіп, қазіргі таңда «Арман» мәдениет үйінің тұрақты ансамбліне айналып үлгерді.
Тағы бір айта кететін жайт, мектеп мұғалімдерінен құралған оркестрдің атауы жайында. Оркестр мүшелерінің ұйғарымымен 2022 жылдан бастап жерлесіміз, күйші, композитор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қошқарбек Тасбергенов атындағы оркестр болып өзгертілді. Осы ретте аталған оркестр шарада халыққа тамаша өнерін паш етті.
Айта кетейік, үлкен өнер ошағынан білім алған түлектер де концертке келіп, талай жылдан кейін алтын ұя мектебімен қайта қауышты. Тіпті сахнада өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөленді.
Осылайша, қаншама талантты баланың талабын шыңдай білген, қанатын қатайта түскен ауданның Шиелі өнер мектебінің мерекелік іс-шарасы жоғары дәрежеде қорытындыланды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ