ҚАНАҒАТТЫ КӨККЕ КӨТЕРГЕН ҚАНАҒАТШЫЛДЫҒЫ
Тілшілік қызметте жүргендіктен, сан түрлі мамандық иелермен тілдесеміз, тіпті оқырман қауымнан солар жөнінде мақала жазуға ұсыныс та түсіп жатады. Бұл жолы өз ісінің білгір маманы Қанағат Өмірбекұлы жайында қалам тербемекпіз.
Кейіпкеріміз ел мен жерге қызмет етуде адалдығынан айнымай, адамгершілік құндылықты жоғары қойғанды жөн көреді. Үнемі салмақты мінезімен ерекшеленетін ол Ы.Жақаев ауылының тумасы. Осында ер жетіп, жастайынан еңбегімен көпшілікке танылды. Арман қуған албырт жас 2002-2007 жылдар аралығында Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіндегі «Қиын балқитын металл емес және силикат материалдарының химиялық технологиясы» мамандығын күндізгі оқу бөлімінде оқып бітіріп шығады. Әрмен қарай еңбек жолын 2007 жылы ЖШС «Састөбе цемент» зауытында «Өндірістік техникалық бөлімінің» инженері болып жұмысын жалғайды.
Ал 2008 жылы өндірістік техникалық бөлімінің инженер–технологы болса, 2010-2019 жылдары аталған бөлімде басшылық қызметке көтеріледі. Өндірістік салада өзінің тәжірибесін көрсете білген жас маман осылайша білікті басшыға айналды.Қазірде жас қызметкерлерге өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, еңбекке деген сыйластықты, адалдықты, қиындықтарды өз бетімен жеңе білуді үйретіп жүр.
2019-2021 жылдары «Састөбе цемент» зауытының техникалық директоры, 2021- 2022 жылдарда ЖШС «Терlostil Түркістан» компаниясында басшылық қызмет етеді. Содан кейін 2022 жылдан бастап ЖК «Teplobrend» термопанельдер өндіріс цехын ашып, өз қызметін абыройлы атқарып келеді. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі» цемент зауытында ауысым басшысы болып та жұмыс істейді.
Міне, осы бір қоңыр мінезді, қазақтың қарапайым жігіті Қанағаттың халқы үшін жасаған еңбегі көп-ақ. Ал кейіпкеріміздің сыпайылығы, мәдениеттілігі, жауапкершілігі оның негізгі қасиеті. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын өзінің отбасына сіңдіре білген, балаларына қамқоршы әке, жарына адал тірек, жұмысына адал жан болуы оның мерейін одан әрі асырғандай. Ілтипаттылығы да көрер көзге көрініп тұрады. Мұның барлығы ата-анасының берген жақсы тәлім-тәрбиесі дерсіз. Әкесі Өмірбек Әбекұлы колхозда 40 жыл еңбек еткен ардақты ардагер, ал анасы Күлсара Асанова медицина саласының ардагері, ҚР «Құрметті азаматы», 5 бала тәрбиелеп, барлығына жоғарғы білім алуға жағдай жасаған, абзал ана. 2018 жылдан бері анасымен бірге тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесіп, көмек қолын созып келеді. Атымтай жомарт жанның жұбайы Гүлназ Жұмаділдақызы да әркез қолдау білдіріп отырады.
Айнұр ИБРАШ