Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨШКЕ ІЛЕСЕТІН ЕМЕС, КӨШТІ БАСТАЙТЫН ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

КӨШКЕ ІЛЕСЕТІН ЕМЕС, КӨШТІ БАСТАЙТЫН ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Тақырыпқа арқау болған сөзді Мемлекет баксшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 31 мамыр күні – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесті. Жиында ғылым саласына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысы шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынын, бізге инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін тілге тиек етті. – Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек.
Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастық мүддесі барынша ескерілетін болады, – деді ол.
Расында қазір мемлекет тарапынан отандық ғылым үлкен қолдауға ие. Мәселен, жыл санап ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған. Білікті мамандар даярлауға арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейген. Бүгінде елімізде әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Алдағы таңда тағы бірнешеуі ашылмақ. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер қатары артты.
Сондай-ақ технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылды. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді. Осыны баяндай келіп Қ.Тоқаев шетелге сапарға шыққанда ғалымдармен жиі кездесіп, оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақыратынын айтты. Сонымен қатар Президент теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнату керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Қ.Тоқаев жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік – жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі екенін мысалға келтірді.
– Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік эконо-микадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ІЖӨ-нің 20 пайызын иеленді. Бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз. Қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылымитехникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды.Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғы¬лыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тыптыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс, – деп сөз сабақтады.
Жаңа Қазақстан құру жолындағы басым бағыттың бірі – цифрландыру, яғни сандық жүйенің сиқырын сан түрлі салада көре білуіміз керек. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтынын айтып, бәсекеге қабілетті елдер қатарында озық тұруымыз үшін күш жұмсау керектігін де сөз етті.
– Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ. Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық «Surbana Jurong» консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді. Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді, – деді.
Сан саланың түйткілін тарқата отырып, Жаңа Қазақстанның әлеуеті жететін түрлі өндірістің бой көтеретінін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы жаңа заманға сай жан-жақты мамандардың көбейіп келе жатқанын жеткізді.

«Өскен өңір» ақпарат

04 маусым 2024 ж. 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (9236)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (9235)

07 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30