Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мына жалпақ дүниеге әлі бейімделіп үлгермеген, айналасын танып-түсіне бермейтін ерекше балалар туралы сөз қозғау кімнің болсын жанына батары анық. Қоршаған ортаның қолдауына, түсіністік пен мейірімге мұқтаж жандардың қалауын қанағаттандырып, қатарынан тысқары қалмай тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарының жақсаруына жан-жақты қолдау көрсету – қазіргі қоғам алдында тұрған үлкен жауапкершілік.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың сұраныстарын елеп, талай отбасы үшін ізгі амал жасап жүрген орталықтың біздің ауданда да бар екенін білетін бе едіңіз? Басылымның бұл санында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің, кент орталығына табан тіреген «Тең қоғам» орталығының жұмысын сөз етпекпіз.
2022 жылдың қазан айында аудан әкімінің қолдауымен ашылған орын өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасауды мақсат етеді. Ясауи көшесінің бойына жайғасқан орталықтың ата басылым – «Өскен өңір» газетінің байырғы ғимараты екенін бірі білсе, бірі білмес. Мемлекет ұсынысына сай қызмет бағытын өзгертіп, күрделі жөндеуден өткен бұл жердің енді әлеуметтік нысан ретінде қызмет атқаруы көңілге қуаныш сыйлайды.
Балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде бүгінде 116 бала тәрбиеленуде. Мұнда оларға 8 бағытта, атап айтсақ, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Ал арнайы орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, спортпен шұғылданып, бойындағы өнерлерін шыңдауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Жаттығу құралдарымен, смарт теледидармен, кеңсе жиһаздарымен жабдықталған.
Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бағытында мұнда 31 әлеуметтік қызметкер, 2 кеңесші, 1 айқындаушы, 1 бөлімше меңгерушісі қызмет етеді. Көп жылдық тәжірибесі бар жандардың сөзінен бұл жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін байқадық. Десе де, бала жанының бағбанына баланған олар бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қоғамдық ортаға бейімдеуде өз ісінің маманына айналған. Бөлімше меңгерушісі Сара Көшкінбаеваның сөзінше, әлеуметтік қызметкерлер балалармен бірге түрлі шаралар өткізеді, үстел ойындарымен қатар, дене жаттығуларын жасап, шығармашылықпен де айналысады. Балалардың қатарында түрлі сайыстарда топ жарып, үлкен жетістіктерге жетіп жүрген, арнайы әлеуметтік қызметтен шығып, қазіргі таңда өмірден өз орнын тауып үлгергендері де аз емес.
Шынында, тәлім алушыны нәтижеге жетелейтін тәлімгері екені рас. Ұжым қызметкерлерінің пікірінен олардың өз ісіне деген махаббатын, шәкірттеріне деген үлкен сүйіспеншілігін байқадық. Сондай жандардың бірі – Бақтыгүл Ілияс. Жасөспірім шағында оң-солын жіті танымаса да, ерекше қабілетті жандарға, жетімдер мен қараусыз қалған балаларға қамқор болуды армандаған ол адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасып жататынын тілге тиек етті. Бала бойына білім ұялатып, керек көмек көрсетуден бөлек, оны өмірдің кез келген сынағына қарсы тұруға үйретіп, қолдау білдіру – әр істі махаббатпен атқаруға сеп болады деген пікірде.
– Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Қолдауға мұқтаж жандарға пана болып, анасынан көрмеген жылулықты сыйлау – менің үлкен арманым еді. Қазір сол қалауым орындалды деп толық айта аламын.
Бұл салада 8 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Балалармен өткен әр жылым мені одан әрі шыңдап, өз мамандығыма деген махаббатымды арттыра түсті. Еңбек жолымды 9 оқушымен бастадым. Қазір солардың әрқайсысы қоғамнан өз орнын тауып кетсе де, менің жүрегіме әлі күнге дейін қуаныш сыйлап, үміт беріп отырады, – деді Бақтыгүл Сапарәліқызы.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын енгізу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру және жандандыру мақсатында қызмет алушылар арасында мерекелік, мәдени және спорттық ісшаралар жиі өткізіледі. Балалардың бойындағы қабілетіне, өнері мен талабына біз де бірнеше мәрте куә болдық. Осы тұста әлеуметтік қызметкерлердің үлесі зор екенін айтпай кетуге болмас. Тәлімгерлер баланың бойындағы дарынын байқаса, онымен әрі қарай жұмыс істеп, қабілетін шыңдауға тырысады. Соның себебінен тәлім алушылар да шығармашылық тұрғыда жақсы серпін алған. Мұны олардың сахнада өзін еркін ұстауынан, мың бұрала билеп, әуелете ән шырқауынан, тіпті өрнекті өлең оқуынан байқауға болады. Ерекше тұлғаларға ерекше қызмет жасап келе жатқан нәзік жандар бұл жолда тек махаббат деген алпауыт күш қана адамды биікке жетелеп, ісінен нәтиже шығаруға дем беретінін айтады. Әрине, әрқайсысының көкірегінде бауыр етіндей болып кеткен бала жүректердің өзіндік жолы қалыптасып, өмірге деген құштарлығы артып, қанаттары қатая түссе деген тілегі бар.
Тиянақты жұмысқа ата-аналарда алғаусыз алғыс айтады. Расында, ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір жанның арманы – ұрпағын оңалтып, өмірге бейімдеу болса керек. Оларды шарасыздық шыңырауына құлатпай, жігеріне жігер қосып жүрген – балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі, бала тағдырын бәрінен биік қойған ұжым қызметкерлері. Ендеше, ерекше балаларды елеусіз қалдырмаған үлкен жүрек пен табанды тірлік те ескерусіз болмауы керек. Бұл тұрғыда балалардың ерекше болуын тағдыры деп түсініп, олардың шынайы бақыты үшін қоғам болып қолдау білдірсек игі.

Таслима ӘЛІШЕР
01 маусым 2024 ж. 154 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (9236)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (9235)

07 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30