«ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Игілікті шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға негізделген шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.
– Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін нақты істер атқарылуда. Соның бір айғағы – бүгінгі «Тең қоғам» орталығының ашылуы. Біздің негізгі мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату. Сондай-ақ орталықта мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында құқықтық, психологиялық кеңес беру, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету секілді қызмет түрлері көрсетілетін болады, – деді аудан әкімі.
Жарымжан жандарға көмек көрсететін нысан Қожа Ахмет Яссауи көшесі №109 мекенжайдан ашылып отыр. Біле білсеңіз, бұл «Өскен өңір» редакциясының байырғы ғимараты. Мемлекеттің ұсынысына сай қызмет бағытын өзгертуге шешім қабылданып, күрделі жөндеуден өткен ғимарат енді әлеуметтік нысан ретінде жұмыс істейді. Айта кету керек, орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайландырып бейімделген. Ғимараттың жалпы алаңы – 134,2 шаршы метр. Ал ғимараттың кеңселік құрал-жабдықтары «Байқоңыр Солар» ЖШС-нің бас директоры Евгений Гладьевтің демеушілігімен алынған. Дәлірек айтқанда, елге жанашыр азаматтың қолдауымен орталыққа (смарт теледидар, жаттығу құралдары, кеңсе жиһаздары) сыйға берілді. Жанға жайлылық сыйлайтын орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар үстел ойындарымен қатар дене жаттығуымен, шығармашылықпен де айналыса алады.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ