Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛЫҚҚА ҚОЛ БҰЛҒАП, БОЛАШАҚҚА БЕТ АЛДЫ

БАЛАЛЫҚҚА ҚОЛ БҰЛҒАП, БОЛАШАҚҚА БЕТ АЛДЫ

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев балаларға қамқорлықты күшейтіп келеді. Бүгінде мемлекет қолдауымен балабақшалар саны артуда. Десек те саны артуымен бірге сапа да талап етілетіні шындық. Бүгінгі әңгімеміз осындай талап үдесінен табылып, келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келе жатқан – «Аймира» балабақшасы жайында болмақ.

Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – балабақша. Ол – баланың екінші үйі. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту әрбір тәрбиеші, ұстаздың басты мақсаттарының бірі болуы тиіс. Балабақша – келешек ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Онда ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің а р - н а м ы с ы н қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Осындай мақсатпен 2011 жылы іске қосылған «Аймира» балабақшасында бүгінде 100- ден астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Осы жылдар ішінде шыңдалып, мол тәжірибе жинақтаған 25 маман балаларға тынбай тәлім-тәрбие беріп келеді. Жамила Әділбекова басшылық жасайтын мектепке дейінгі білім ордасы барлық қажеттілікпен толық қамтылған. Әр баланың бейіміне қарай түрлі ісшаралар да жиі өтеді. Соның бір көрінісі 29-30 мамыр күні өткен «Қош бол балабақша» атты мерекелік кеш. «Жұлдыз» тобының тәрбиешісі Айнұр Жаликова мен «Балдырған» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Айгүл Жұмағұлованың шәкірттері сахна төріне шығып, үйренген өнер білімін ортаға салды. – Тілі былдырлап енді ғана шыға бастаған бүлдіршінді тәрбиелеу, жаңа өмірдің жаңалығымен таныстыру тәрбиешіге жүктелген міндет. Яғни олардың бойына білімнің ең алғашқы дәнін егу үлкен жауапкершілікті, білім мен біліктілікті қажет етеді. «Жұлдыз» тобындағы 20 баланың бойындағы талантты танып, дұрыс арнаға түсіруге тырыстым. Енді міне, сол бүлдіршіндер түстерді ажыратып, санақ санауға қабілетті. Менің бүлдіршіндерім мектепке дайын» – деді А.Жаликова. Кеш соңында балабақша меңгерушісі Ләйлә Ахметова бітіруші топтың бүлдіршіндерін марапаттап, алғыс хат табыстаса, құрылтайшы Жамила Әділбекова балалар күні мерекесіне орай бүлдіршіндерге сыйлық таратты.
Г.ӘБДІХАНИ

01 маусым 2024 ж. 167 0