ПАЙ-ПАЙ ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ!

Іс-шараның шымылдығын аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы ашып берді.
– Қазақ келіні қай кезден де отбасының ынтымағын келтіріп, татулығын бекемдей білген. Байқаудың мақсаты да қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын,отбасы құндылықтарын насихаттау, – деді ол.
Аталған сайыста отбасының көркін келтіріп, жанжақтылығымен танылып жүрген ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған 12 келін өзара сынға түсті. Байқау шарты бойынша әр үйдің үлгілі келіндері алдымен, өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырды. Ұлттық киімге ерекше мән берілді. Келесі «Өнерлі – келін сүйкімді» кезеңінде қатысушылар ән салып, би билеп, қойылым қойып, өздерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарын ұсынды. Үй шаруасын ұршыққа иіріп қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған келіндер өз өнерлерін барынша ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Ойлы болсаң, озып көр» аталған үшінші бөлімде келіндер салтдәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді. Байқаудың соңғы бөлімінде сайыскерлер талайды тамсантуға тырысып бақты. Яғни, алып келген ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын айтты.
Өнегеге толы сайысқа Бәйтерек ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Назарбекова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның «Құрметті азаматы» Нәйла Палымбетова, Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова мен «Ziyatker school» ЖШС мектебінің директоры Шахархан Бектұрғанқызы әділ бағасын берді.
Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болған рас. Соның нәтижесінде «Үлгілі келін» номинациясына Назгүл Кәрісбекова, «Инабатты келін» номинациясын Жазира Ибрагимова, ал Гүлзира Асқарова «Аспазшы келін» атанса, «Ибалы келін» номинациясына Динара Жұмабек, «Өнегелі келін» деген атауды Жанат Ахетова иеленсе, «Өнерлі келін» номинациясын Мира Жаханова алды.
Дүбірлі додада бас жүлдені Жиделіарық ауылынан келген Лаура Қалиқызы жеңіп алса, бірінші орынды Сағыныш Қайратқызы қанжығалады. Екінші орынды Гүлжайна Баймұратова және Әйгерім Әлмахан алса, үшінші орын Гүлназ Назарбаева мен Алмагүл Нұрабаеваға бұйырды.
Айнұр ИБРАШ