Мемлекеттік қызметшілер волонтерлік қызметпен айналысуда
Елімізде волонтерлік қызмет айтарлықтай дамуда. Бүгінде қандай да бір төтенше жағдай орын алса, еріктілердің жүргенін байқаймыз. Осылайша, волонтерлік қызмет қазақ қоғамының ажырамас бір бөлшегіне айналды.
Бүгінде елімізде жастардың волонтерлік іспен айналысуға ықыласы жоғары, яғни жастардың көпшілігі қайырымдылық іспен айналысып, қоғамға өзінің пайдасын тигізіп жүр.
Еріктілер – бұл өз ынтасымен азаматтық қоғамның игілігі үшін әрекет ететін, өзінің білімін, уақыты мен күшін материалдық сыйақы алуға немесе ақы төленетін жұмысқа емес, бірлескен әлеуметтік күш үшін арнайтын адамдар.
Осындай игі істермен өз үлесін қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер Сырдария ауданы Айдарлы ауылдық әкімі аппаратының бас мамандары Есенгелді Ережеп Есенгелдіұлы мен Әлтаев Ерсұлтан Серікбайұлын атап өтуге болады. Аталған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметте 3-4 жылдан бері қызмет атқарып келеді, ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласуда. Ауыл жастарын ұйымдастырып, жастар бригадасын құрып, волонтерлік жұмыстармен тұрақты түрде айналысады. Мәселен, жастар демеушілігімен ауылдың кіре берісіне арнайы қақпа салып, тұрмысы төмен отбасылардың үйлерінің шатырларын жаңадан қаптатып, ауыл аймағына 700 түп ағаш отырғызған. Есенгелді Ережеп Есенгелдіұлы мен Әлтаев Ерсұлтан Серікбайұлы ауылды дамытуда игі істері үшін халықтың разылығына бөленіп, түрлі алғыс хаттармен марапатталған.
Волонтерлік қызметпен айналысу мемлекеттік қызметшілер арасында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Хожбанова Әлия Сатыбалдықызы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің
мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы