ИЕСІ ЖОҚ ЗАТТЫҢ КИЕСІ ДЕ КЕТЕДІ
Аудан көркін айшықтайтын бірден-бір белгі – сәулеті. Ырысы тасып, күріші піскен дәулетті өңірдің сәулеті үйлесім таппай жүргенін бұған дейін де жазған едік.
Аудан қоржынына жергілікті және облыстық, республикалық бюджеттен жетерліктей-ақ қаражат тартылып жатады. Аудан басшылары да кент келбетінің айшықталғанына, ауыл-аймақтың абаттануына мүдделі екенін білдіріп, жыл сайын қыруар тірліктің есебін беріп келеді. Оған ел-жұрт куә. Дегенмен алқам-салқам күй кешіп, сұрықсыз қалыпқа енген иесіз ғимараттар көп істі жоққа шығарып тұрғандай. Кент ішіндегі ескі ғимараттар көрер көзге де ерсі. Түн жамылып жүрген жанның да үрейін туғызады. Иесі жоқ ғимараттардың күйі нендей халге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осындай жерлерге үйір-ақ. Құлағымыз шалады, олардың топталып келіп, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындары да осы жерлер екен. Одан қалды қаңғыған ит-мысықтың мекеніне айналады. Нақтырақ айтар болсақ, ел аузында «Қамыс зауыт» аталып кеткен бөлігіндегі Тоқтаров көшесі бойында орналасқан ескі мектеп, теріскей беттегі бетон қабырғаларды атап өтуге болады. Тек кент ішінде емес, ауылдық округтерде де иесіз қалған ескі ғимараттар жетерлік.
– Ата-анасы дүкенге кеткен қызы, мектептен келер ұлы аман-есен орала ма деп қорқып отыратын күн туды қазір. Иесіз ғимараттар зорлық-зомбылық жасайтын мекенге икемделіп барады. Бұл сарынды ақпарат интернет айдынында қаптап кетті. Содан болар ішіне кірмек түгілі жанынан өтуге секемденіп тұрамыз, – деді кент тұрғыны Г.Байжан.
Осыдан үш жыл бұрын «Иең қайда, ғимарат, иең қайда?» деген тақырыппен осы мәселе көтерілген болатын. Алайда тиісті мекеме жауап қатпады, ғимаратқа да тіл бітпеді. Ал енді біз бұған дейін атап өткен мәселе неге шешімін таппай келеді? Мүмкін атын атап, түсін түстеп, мәселені көзге шұқып көрсетпейінше тау қозғалса да, орнынан қозғалмайтын тиісті мекемелердің бейқамдығынан ба? Өзі тұрып, өзі жүрген өлкенің өсіп-өркендеп, гүлденуін кім қаламайды?
Аудан әкімі Нұржан Ахатов жергілікті бюджеттен тиісті қаржысын бөліп, құрылысқа қарқын беріп отыр. Кент ішіндегі көшелер жөнделіп, айналаны аша түскен жарық шамдар да әсемдігімен көзді баурайды. Енді сән мен сапаға көңіл бөлсе, киелі Шиелінің шырайы арта түсері хақ. Мәселен, ешбір ауданда еңсесі биік 9 қабатты үй жоқ. Аты даңғарадай болғанымен жан біткен жанына жуымайтынын бұрындары жазғанбыз. Ел игілігіне жарамай тұрған ғимарат жеке адамның меншігінде деген сыбыс бар. Келген қонақ таңдай қағып кететін тамаша туындыға айналатын ғимарат үйсіз-күйсіз кезбенің мекеніне айналғаны да жасырын емес. 1 қабатта 1-2 отбасы ғана тұрады. Енді міне, сол 9 қабатты үйдің иесі анықталып, жаңаша күйге енер күн жақын деген ақпар шықты. Уақыт еншісінде тұрған бұл мәселе шешімін тапса нұр үстіне нұр емес пе?
САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСҚА АЙНАЛҒАН САПАРЖАЙ
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистралы еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі. Құрылысы сонау 2009 жылдардан басталған күре жолдың жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, соның 2787 шақырымы, яғни Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы облыстарына тиесілі аумағы арқылы бүгінде мыңдаған жүк көліктері мен жеңіл көліктер тәулік бойы үздіксіз қатынауда. Ал осы магистралдың ең ұзақ 1062 шақырымы Қызылорда облысы аумағын кесіп өтеді екен.
Жаһандық геосаясаттың құбылмалы кезеңінде Aзия мен Еуропaны баяғы замaндарда жалғaстырған «Ұлы Жібек жолының» қайта орaлуын зaңды құбылыс деп қабылдауымызға болады. Ал жобаның мақсатына тоқталар болсақ, оның бірінші мақсаты – 8400 шaқырымға созылып жатқан, әрі осы замaнның озық технологиялaрымен жaбдықталған логистикaлық ортaлықтар тізбегі мен трaнзит-көлік жүйелерін қалыптaстыру болса, екінші мақсаты автомобиль жолдарын жаңарту, Сауран, Отырар, Сайрaм, Алтынтөбе секілді мұрaларымызды бүгінгі коммуникaция мүмкіндіктерін пайдaлана отырып туристік ортaлыққа айнaлдыру болып табылады. Сондай-ақ магистраль бойына жол бекеттерін, aс ішіп, аяқ суытатын орындaр, шaғын қонaқжайлар, көлікті шұғыл жөндеу станцияларын ашу арқылы, халықтың бірaз бөлігін жұмыспен қамту көзделген.
Осыдан 4 жыл бұрын күрежолдың әлеуетін толықтай пайдалану мақсатында Шиелі кенті маңынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистралы бойынан сапаржай құрылысы басталған болатын. Жоба құрылысы аяқталса, ол маңда: сапаржай, күту залы, авиа касса, теміржол кассасы және әртүрлі бағыттағы автокөлік кассасы, дәрігерлік бөлім, туристік бюро, намазхана, асхана, ана мен бала бөлмесі, күзет пункті, техникалық қызмет көрсету орталығы, қонақүй, мейрамхана, май құю станциясы, сауда павильоны, жеңіл және жүк көліктерінің тұрақтары іске қосылады деп күтілуде. Сапаржай ғимаратының жалпы көлемі 1500 кв.м. Оның ішінде бірінші қабаты 500 кв.м, екінші қабатты 1500 кв. м, үшінші қабатты 224,4 кв.м. Бұл жол арқылы күніне 5000 көлік жүріп өтетінін ескерсек, жоба экономикалық жағынан ғана емес, әлеуметтік жағынан да мол табыс әкелері сөзсіз. Алайда жалпы соммасы 2 млрд теңгеден астам қаржыға салынып жатқан жоба құрылысы қарқынды түрде басталғанымен, соңы сақалды құрылысқа айналып кетті. Сапаржай құрылысын «Арғымақ» автобазасының директоры Оразәлі Байділда бастаған болатын. 4 мәрте аудандық мәслихат депутаты, 2 мәрте облыстық мәслихат депутаты, «Шиелі ауданының құрметті азаматы», «Құрмет орденінің иегері», «Үздік аудандық кәсіпкер» атанған азамат қазіргі таңда қаражаттың жеткіліксіздігі істі аяқтауға қолбайлау болып тұрғанын айтты. Әрине, үлкен жобаның қаржысы да аз болмасы анық. Жеке кәсіпкердің осы бір қиындығын мемлекеттік қолдау арқылы шешудің бір тетігі табылмас па екен? Себебі Шиелі кентінде осы заманға сай көп функционалды және жайлы сапаржай жоқ екендігін ескерер болсақ, осынау ауқымды жобаның іске асуы бүкіл бір ауданның экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізер еді.
Ауданда қасқайып бос қалған ғимараттарды қайта пайдаға жарату, сұрықсызын сүріп тастау сынды жұмыстар қолға алынуы керек-ақ. Ал біз көтерген мәселенің мән-жайын тиісті мекемелер зерделеп, жауап қатарына сенеміз. «Жаңа Қазақстанды» құру жолында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық үнін еститін үкімет» тұжырымдамасын іске қосқан болатын. Тиісінше бізде «Еститін үкіметке» бұқараның үнін жеткізуге тырыстық.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ