Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛДЫҚТЫ АР ТҰТҚАН

АДАЛДЫҚТЫ АР ТҰТҚАН

Адам қартайғанмен, сезім қартаймайтынына, заман өзгергенмен, уақыт өзгермейтініне, шала қазақтар көбейгенмен, салт-дәстүріміздің жоғалмайтынына көз жеткізіп, іштей марқайып отырамыз. 85 жасқа толса да, түрін-түсін бермейтін бір ағамыз бар Шиеліде. Елдің үлкен-кішісі Қалекең деп құрметтесе, сырттағылар «Ай, анау Қалдыбай аға ма?» деп, шын пейілмен сұрастырып жатады.
Ұзақ жылдар ауданның ұлттық идеологиясына жетекшілік жасады. Мамандығы –орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, аудандағы этнос өкілдерімен тіл табысып, ұлттар арасындағы достықты сақтай білді. Қалекең жағымды мінез-құлқымен орыс, шешен, корей, татар, өзбек, т.б. ұлттар арасында да «Уважаемый Калеке» атанып, аралас-құралас жүретін. Сол кездегі коммунистік партияның алдыңғы шептегі батыл, қайсар, өте білімді старшинасы болды. Оны замандас-тұстастары жақсы көрді. Қазіргі қариялар да Қалекеңді көргенде, бауырлары келгендей құшақтарын жаяды. Бұның артында көркем мінез, үлкен жүрек, адалдық, адами сирек қасиеттер, зор білім жатқанын сеземіз.
Сананы үзбей жетілдіріп отырудың бір жолы – кітапқұмарлық. Қалдыбай аға бір жылда 39 кітап оқып шығыпты. Оған күнделікті «Өскен Өңір», «Шарайна-Сейхун», облыстық «Сыр бойы» газеттерін, республикалық «Жас Алаш», «Айқын» басылымдарын қосыңыз. Өмір бойы жалғыз кітап оқып көрмеген кісілерді еске алсақ, Қалекеңді кім дейміз? Бұл қырын жастарға, ұрпаққа үйренетін үлгі десек болады. Ми кітаптан мол қорек алып жатқандай, оқырманын жасартып жібергендей. «Кемеңгерге де кеңес керек, ай түнде керек, ақыл күнде керек» дегендей, ақылды көп жасағаннан емес, көп оқығаннан, көп көргеннен сұрасақ керек.
Үнемі жайраң қағып жүретін Қалдыбай Смайылұлы бүгінде Шиелі мен Қызылорда арасында шапқылап жүр. Кіші ұлы – Сәттардың қолында. Жасы ұлғайған адам ұл-қызын сағалайды демекші, Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Бірақ ол кісіні Шиеліде күнара көріп, қауышып жатамыз. «Мен Қызылорда қаласында туғанмен, ата-бабам, өзім де шиелілікпін, соны біліп қойыңдар» – дейді абзал ақсақал.
Қалдыбай Сүгірбай 1939 жылы 14 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты «Коммунизм» орта мектебінің 1-сыныбына барып, 1957 жылы бітіріп шығады. Осы жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын 1962 жылы Арал ауданы «Қаратерең» орта мектебіне жолдамамен жіберіліп, мұғалімдік жұмыспен бастайды. 1962-1964 жылдар аралығында әскери борышын Литва Республикасының Каунас қаласында өтейді. 1964-1966 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылындағы №401 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет жолын жалғастырады. 1966-1995 жылдар аралығында Шиелі аудандық партия комитеті аппаратында «Білім қоғамы» аудандық ұйымының жауапты хатшысы, аудандық партия комитеті 1-хатшысының көмекшісі, жалпы білім, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Жоғарыда аталған қызметтерді атқара жүріп, Қалдыбай Сүгірбай 1969-1971 жылдары Алматы Жоғары партия мектебін бітіреді. 1977-1990 жылдар арасында Шиелі аудандық партия комитетінің мүшесі, халық депуттатары аудандық кеңесінің депутаты болып сайланады. 1995-1999 жылдары Шиелі аудандық мұрағат бөлімінің директоры, 2011-2015 жылдар аралығында «Қазақ тілі қоғамының» аудандық бөлімінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, 1994 жылы құрметті зейнеткерлікке шығып, «дербес зейнеткер», қоғам қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болып, ел ішінде көрнекті қария саналып, халықтың құрметіне бөлене білді. Қаншама қызмет төрінде болса да, «Біз орындаушы болдық» деп, қарапайымдылық танытып отырғаны ағамыздың абыройын асқақтатқандай көрінеді. Ол «мен» деп көкірек қақпады.
Қалдыбай Смайылұлы аудан басқарған Ғафур Мұхамеджанов, Әзімхан Исмаил, Сейілбек Шаухаманов, Қален Әбдешевтен тәлім алған, оларды ұстаз, басшы тұтқан. Әсіресе, С.Шаухамановтың көмекшісі бола жүріп, одан алған тағылымы өмірінің жемісіне айналғанын жасыра алмайды. Қызметте жүріп, дос-жаран арттырған Қалекең Өмірзақ Исаханов, Сейілбек Аманжолов,Қани Ахетов,Жағыппар Зермұхамедов, Мұрат Дүйсекұлы, Зәкім Жайлыбаевты әсте ұмытқан емес. Тірілерімен әлі де жақсы достық қарым-қатынаста.
Ауданның бас идеологы Қ.Сүгірбай ауданға гастрольмен келген қазақтың айтулы ақын, жазушы, артистермімен, өнер иелерімен ауылдарды бірге аралап, кейін сыйластықта болған. Мысалы, Бибігүл Төлегенова, Сәбира Майқанова, Роза Бағлановалар. Роза апайдың Қалекеңе риза болғаны сонша, оған қаратып «айналайын, сыпайылық адамды әдемі етіп жібереді, саған рақмет» деп, қолын алған екен. Өте сыпайы, қарапайым, адал, сабырлы, қанағатшыл көрікті жігіт Қалдыбай даңқты әнші апайымызға бекерден-бекер ұнамаған секілді. Ұлы Р.Бағлановадан мақтау сөз естіген сырбаз ақсақал сол сыпайы, жақсы жайсаң қалпында. Ширақ, тып-тың.
«Ұстазым С.Шаухамановтың ауданда қалдырған ізі көз алдымда» деген еді Қ.Сүгірбай. Кейінгілер біліп жүрсін дегендей, оның тұсында орталық алаң, стадион, Ұлы Отан соғысында опат болған шиелілік боздақтарға арнайы орнатылған мемориал салынды. Колхоз, совхоздағы елді мекендердің кіре берісіне ағаш егіп, гүлдендірді. Ауданда гүл мерекесін өткізді. Аудандық мәдениет және демалыс саябағын жасап, балалар шомылатын бассейн ашты. Күзгі жиын-терім науқаны алдында «Қызыл керуен» ұйымдастырды. Еңбек адамдарын, өнер адамдарын көтермеледі. Мысалы, Жадыра Таспамбетоваға Социалистік Еңбек Ері атағын әперді. Нартай Бекежановты насихаттауға көңіл бөлді. Сөз қадірін білуге, үлкен жиналыстарда сөйлер сөзін ыждағатты даярлауға райком жігіттерін баулып отырды. Сондағы бір топ инспекторды «Абсекарам» тобы деп атады. Ондағысы «Аб» – Абдолла, «се» – Сейілбек, «ка» – Қалдыбай, «ра» – Рахым, «м» – Мәлібек Санаубаев еді. Бәріміз жабылып, жиналысқа сөз жазып даярлаймыз. Басшымыз бәрінің басын қосып, мәнді баяндама жасайтын деп, өз ойын ортаға салды. Жақсылық істерді біз де қолдадық. Ұстазға деген сағыныш Шиелі аспанында қалықтап тұрғандай.
Қазіргі таңда Қалдыбай Смайылұлы –екі ұлын ұяға, үш қызын қияға қондырған бақытты әке. Ұл-қыздарынан 17 шақты немере сүйген армансыз ата. Құдай қосқан жан жары – Есенкүл екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Үй ішімен жоғары білімді азаматтар. Тұңғышы Мұхтар мен келіні Эльмира – экономист-есепші, ұлы Сәттар – заңгер, Айнаш келіні – пошта қызметкері. Эльмира қызы – мұғалім, жұбайы Тәшім – құрылысшы болатын, жақында дүниеден озды. Гүлжаухар – дәрігер, жұбайы Шынжырбай – атақты нейрохирург-дәрігер, Гүлбану – банк қызметкері, жолдасы Бейбіт те дәрігер болып қызмет жасайды. Аналары Есенкүл дүниеден ерте озғанмен, ұл-қыздарының, Қалдыбай ағамыздың жүрегінде мәңгі сақталған. Жасы ұлғайған әкелерін пір тұтып, қас-қабағына қарап, бар жағдайын жасап, жақсы адамдар төріне көтеріп келеді. Әулеттің ұйытқысы да, қаймағы да – осы біздің Қалекең, Шиелінің ардақты Қалекесі.
Қалдыбай Смайылұлы абыройлы өмір жолында адал қызмет атқара жүріп, көптеген марапаттарға ие болды. Ол «Еңбек ардагері» медалімен, «Қызылорда облысына 70 жыл», «Шиелі ауданына 60 жыл», «Ы.Жақаев –120 жыл» мерекелік медальдарымен, Халық депутаттары Қызылорда облыстық Советінің грамотасымен, ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», ҚР ардагерлер ұйымының 20 жылдығы мерекесіне орай облыстық ардагерлер Кеңесінің «Алғыс хатымен», Шиелі ауданының әкімі мен аудандық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ Қазақтан Коммунистік Халық партиясының, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ө.Айтбайұлының марапаттарына ие болған. 2015 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын алған Қалдыбай Смайылұлы сексеннің сеңгірінен секіріп, тоқсанның төріне қарай аяқ басты.
«Қарты бардың – қазынасы бар» деген қазақтың даналық сөзі біздің Қалекеңе, Сүгірбай Қалдыбай Смайылұлына арнап айтылғандай. Қазыналы қартқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Шиелі зиялы қауымының белсенді өкілі, басшыдан гөрі қызметкерлердің қамқоршы ағасына көбірек ұқсайтын ардагер Қалдыбай Смайылұлын мерейтойымен құттықтай отырып, бойына Алла Тағала күш-қайрат, қарышты қадам, шаттық пен қуаныш сыйласын дейміз.

Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

13 мамыр 2024 ж. 141 0