Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ ОЗАР

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ ОЗАР

Елімізде мамыр айының алғашқы күні Қазақстан халқының бірлігі мерекесі айрықша ықыласпен атап өтіледі. Бүгінде көптеген этнос өкілдерінің ортақ шаңырағына айналған мемлекетіміз әлемге бейбітшілік пен келісім арқылы үлгілі жолды нұсқап келеді. Тәуелсіздіктің тұтқасына айналған бірлік пен ынтымақтың арқасында халқымыз бағындырған белестер де аз емес. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Ал аталған мереке келісімі кемеліне жеткен қоғамдағы ынтымағы ұйысқан ұлттар достығының маңызын айшықтай түсетіні анық.
Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісім мерекесінің қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақстан – достық мекені» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов, бірқатар зиялы қауым, өзге ұлт өкілдері және ел басына түскен қиын сәтте жерлестерге демеу болып, көмек көрсеткен ұжымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
Шараны Нұржан Сәбитұлы жүргізіп, қонақтарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ елде орын алып жатқан табиғи апат кезеңінде бұл күнді үлкен жиын етіп емес, дөңгелек үстел ретінде өткізу дұрыс деп табылғанын тілге тиек етті.
– Алмағайып заманда еліміздің ішкі тыныштығы мен бірлігі аса маңызды. Әрі бұндай сәтте татулығы мен ынтымағы жарасқан ел ғана озатыны анық. Бүгінде тұрақтылық жолында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азамат көп. Олардың әрбірінің ел игілігіне атқарып жатқан еңбегі өлшеусіз. Осы тұста қиын сәтте халық арасынан табылып, көмегін аямаған әр отандасымызға шексіз алғыс білдіргім келеді. Татулық мерекесінде барша жан, күллі шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар этнос өкілдері және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек беріп, белсенділік танытқан мекеме басшылары мен ел бірлігін сақтауда еңбек етіп келе жатқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Шиелі аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Байкенжеев, шешен ұлтының ақсақалы Х.Чолондуров, аудан ардагері, Ақпарат саласының үздігі Н.Елтай, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, салық саласының ардагері А.Ким сөз сөйлеп, аудан халқына айтулы мереке қарсаңында жылы лебізін білдірді.
Бүгінде киелі шаһарымызда да түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында ұйысып отыр. Мұнда барлығы 3 067 өзге ұлт өкілі татулықта тіршілік етуде. Соның ішінде 8 мекеме мен ірі кәсіпорындарда 412 этнос өкілі аудан үшін қызмет атқарады. Берекенің бастауы – бірлік екенін жете түсінген аудан тұрғындары да қазіргі таңда татулықты тең ұстауға талпынып келеді. Сондықтан біз үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Салтанатты жиын соңында қонақтар бірліктен асқан байлық та, бақыт та жоқ деген ортақ көзқарастың айналасында пікір білдіріп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Таслима ӘЛІШЕР
04 мамыр 2024 ж. 222 0