Дәулет Мұқаев тазалық шарасын сенбі емес, бейсенбі күні өткізуді ұсынды
2 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев тазалық жұмыстарын сенбі емес, тұрақты түрде бейсенбі күні өткізуді ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Мәжілісмен ел арасында көп жүретінін, өңірлерді жиі аралайтынын алға тартып, қоғамда қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты арнайы орынға тастау мәдениеті әлі де қалыптаспай отырғанын айтты.
«Қоғамда әлі де азаматтарымыздың қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мысалы, пластик, әйнек және полиэтилен пакеттердің шіруі 1000 жылға дейін созылады. Мұның Жер Анамызға, адамзат баласына, келер ұрпаққа тигізер залалы зор», деді Дәулет Мұқаев.
Депутат дамыған елдердегідей азаматтарды айналаны таза ұстауға дағдыландыру, ерікті түрде тазалық жұмыстарына жұмылдыру үшін аптаның бір күнін тұрақты тазалық күні деп бекітуді ұсынды.
«Мысалы, аптаның тағы бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық. Адамдарды мәжбүрлеп емес, ал керісінше өз ықыласымен, тұрған жеріне деген жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасайық. Біз сол кезде ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай көшені тазалап жүрген ата-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз», деді мәжілісмен.
Дәулет Мұқаев бұл шараны жүзеге асыру ісіне әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын үн қосуға шақырды.