Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңісім – береке, бақ, дәулет

Жеңісім – береке, бақ, дәулет

         Жыл сайын 9 мамырда бүкілхалықтық мереке – Жеңіс күні атап өтіледі. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан бері көптеген жылдар өтті. Қазіргі ұрпақтың соғыс жылдары қандай болғанын  елестетуі өте қиын. Өйткені, біздің бақытымызға орай, бейбітшілікте туып, соғыстың қасіретін тартпадық.

         Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
         1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы еді. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
         Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
         Сұрапыл шайқаста қаншама боздақ сұраусыз кетті, құрбан болды. Бірақ, қазақ соған қарамастан, жанын аямай, Отаны үшін, болашағы үшін шайқасты. Бауыржан, Әлия мен Мәншүк, Талғат, Рахымжан, Қасым. Толып жатқан ұлт мақтаныштарының есімдері Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріптермен жазылды.
         Біз, Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ерліктері туралы  еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл мереке – тек ардагерлер мен соғыс балалары үшін ғана емес, біз үшін де мереке.

Ж.Ментаева,
Шиелі аудандық архивінің II санатты архивисі
30 сәуір 2024 ж. 283 0