Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго –Қырым геморрагиялық ауруынан сақтаныңыз

Конго –Қырым геморрагиялық ауруынан сақтаныңыз

Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ - Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан табиғи ошақтар болып саналады. Бұған аталған өңірлердің климаттық жағдайларының қолайлы болуы басты себеп.
Аса қауіпті ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының былтырғы 2023 жылы эпидемиологиялық ахуалы қолайсыз болды. 17 күдікті жағдай анықталып, оның 4-нің диагнозы расталды. Инфекцияны жұқтыру көп жағдайда кене шағумен,  мал күтімімен,  ауылшаруашылық жануарларын союмен, науқасқа күтім жасаумен байланысты болады.
Аймағымызда биыл 2024 жылы 115 елді мекен қолайсыз деп танылған,  Шиеліде-20  елді мекен есепке алынды. Бүгінгі күні эпидемиологиялық маусымның басталуына орай облыс әкімінің Қаулысына сәйкес барлық аумақтарда аурудың таралуын болдырмау бағытындағы профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының 9-нан басталды, бүгінгі күнге дейін 15 елді мекен қамтылды. Аталған шаралардың тиімділігін арттыру үшін  аудан әкімдіктеріне тиісті аумақтарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге тапсырмалар берілді. Сондай-ақ кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды. Осы ретте тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз.
Бұдан бөлек, а.ж. наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 1782 дана кене жиналды, 178 кене зерттеумен қамтылып, 4 кенеден оң нәтиже анықталды.( Қарғалы табиғаттан , Балаби табиғаттан , Н.Бекежанов МIҚ  малдан) Ағымдағы 2024 жыл басынан бері 16 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген.( Шиелі кентінен 10, Алғабас-2, Жахаев -1, Сұлутөбе -2 жағдай )  
      Көктем келіп, күн жылына басталысымен кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды.
Аудан тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, мейлінше дененің барлық жерін жауып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарынан арнайы құрылған жұмысшы топ емдеу мекемелерінің аса қауіпті ауру тіркелген кездегі дайындық барысын, мамандар біліктілігін мониторингілеп, әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, кене шаққан кезде, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажеттігі туралы тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізуде.

 Г.Айтекеева
Шиелі аудандық
санитариялық –эпидемиологиялық
бақылау басқармасы  басшысы
26 сәуір 2024 ж. 209 0