МӘЗІРІНІҢ МӘНІ, КӘСІБІНІҢ СӘНІ КЕЛІСТІ
Тіл тұғырынан түспеуі үшін тіршілік қамытында жүретін бөлімнің бірі – «Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімі десек жаңылыспаймыз. Мемлекеттік тілдің өркен жайып, әр саладағы қолданысында тілдік нормалардың орындалуын, көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуын жоспарлы түрде қадағалап жүрген сол бөлімнің жетекші маманы Нұршат Бағдатұлы мен аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлының кәсіпкерлермен байланысы үзілген емес. Олар белгілі бір нысанның сыртқы маңдайша жазуы, ішкі-сыртқы көрнекілік ақпараттық тақталардың стандарттық нормаға сай орналасуы, жазылуы сынды жұмыстарды күн тәртібінен түсірмейді. Ал бүгінгі әңгімеміздің кейіпкерлері қазақ тілінің жанашырына айналған қос кәсіпкер – Дінмұхамед Дәуренбеков пен Ержан Ақбергенов.
Қазақ тілінің заңнамада бекітілген стандарттар кеңістігінде қанат жая алмауының негізгі себебі – қоғамның келбетіне айналған көпшілік қызмет көрсету орталықтарының, тұтас бизнес секторының мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауынан дейді мамандар. Оған дәлел-дәйек те жетерлік. Күн сайын сәні мен салтанаты келіскен тамақтану орталықтары бой көтеруде. Десек те маңдайшадағы атауына келгенде бірыңғай қазақ тілді мән-мағынасы бар сөзді табу қиын-ақ. Кәсіпкерлерден қазақ тілі неліктен қағажу көреді деп сұрасаң, айтар уәжі «Бізге ешкім айтқан жоқ», «Билік ескерткен жоқ». Билік ескертпесе де барлық ақпаратын орыс, тіпті ағылшын, қытай тілінде ұсынуға даяр кәсіпкерлер мемлекеттік тілге келгенде неліктен шабыты сарқыла қалады екен дерсіз. Міне, сондай кәсіп иелеріне еш қымсынбастан насихаттауға болатын «Дәмді» отбасылық асханалар желісінің қос қожайынын айтуға болады.
– Әрине, біз де кәсібімізге атау қойып, маңдайша ілгенде бір сынға ұшырадық. Бастапқыда кәсіпті шағын ғана асханадан бастаған жандармыз. Сондықтан үлкен тамақтану орталығын тұрғызғанда «Grand damdi» деген атауды заман талабына сай көрдік. Маңдайшаға ілдік. Бір күні түрік ағайындар ауқаттануға біздің асханаға бас сұқты. Сонда асханадағы атаудың мағынасын сұрады. Біз «Grand» үлкен деген мағынаны береді деп түсіндіргендей болдық. Әлгі меймандар «соны неліктен өз тіліңде жазбадыңдар?» деп сұрағанда намыстан жерге қарадым. Әп-сәтте ойланбастан асхана атауын кириллицамен таңбалап, «Дәмді» деп өзгертуге шешім қабылдадым. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен сабақ болды, – деді Д.Дәуренбеков.
Расында, мәдениетің, әдебиетіңді, дінің мен діліңді көрсеткің келсе, ең әуелі тіліңді сөйлет. Бұл еш жерде жазылмаған заңдылық. Оны бүгінгі кейіпкеріміздің бір ғана әттең-айы тағы да айшықтап берді. Өмірден алған сол сабақ Дінмұхамед пен Ержанның ісін өрге домалата түсті. Аудан орталығынан еңсе көтерген үлкен отбасылық асханалар желісінің тағы бір ерекшелігі ас мәзірі қазақ тілінде ұсынылады. Ал даяршылар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қызмет көрсетеді. –
Бүгінгі таңда 50 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ұлдар қазақы оюланған жакет пен тақия кисе, қыздарымыз да ұлттық киім үлгісімен меймандарға жайлылық сыйлайды. Бастапқыда қазақ тіліндегі талапқа сай ас мәзірін табу қиынға түсті. Көбісі тікелей аудармалармен қате жазылған. Сондықтан орыс тілі аралас мәзірді ұсынып жүрдік. Алайда ¬ауданда ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Махамбетәлі Әбдіхамитұлы ұстаз бізге ас мәзірін толық қазақ тілінде тегін өзгертіп беретінін айтып, қолқа салды. Бұл сәтте біз тағы да қазақ тіліне деген құрметтің биік екенін сезіндік әрі қуандық! Өйткені, осындай тілге деген жанашыр ұстаздан қазақ тілінің мерейін арттыратын мыңдаған шәкірттердің өсеріне сендік, – деді Е.Ақбергенов.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деген еді биік мінберде. Расында, қос азаматты бір істің басында біріктірген бірлік болса, тірлігінің тоқтамауы ана тіліне деген сүйіспеншілігінен болар деп топшыладық. Себебі Ержан мен Дінмұхамедті аудан халқы тек кәсіпкер ретінде емес, атымтай жомарт жандардың қатарынан көреді. Қысылғанға көмек қолын созу қазақты қазақ ететін ерекше қасиеті емес пе? Бүгінге дейін 2 отбасына баспана сыйлап, әр жыл сайын 30 үйге азық-түлік таситын да осы екі азамат. Жыл сайын Рамазан айының алғашқы күнінде ауызашар беріп, жақсы істің қасынан қара көрсететін қос азамат осы.
– Мен қазақпын. Бұл – қазақ елі. Сондықтан қазақ тілінде сөйлеп, қазақша мәзір ұсынайық. Барша қазақстандық кәсіпкерлерді қазақ тілінде бренд қалыптастыруға шақырамын. Бұл жолда жоспарымыз да, мақсатымыз да айқын. Тілің үшін тірлік етсең, бүкіл ел сенің тілеуіңді тілейтініне көзіміз анық жетті. Мемлекеттік тілдің тынысын тарылтпай, мерейін арттырайық! – дейді, тілдің жанашырына айналған кәсіпкерлер!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ