ЖҰМЫС – ҚАРҚЫНДЫ, ЖОСПАР – ЖҮЙЕЛІ
Мәдениет пен тіл – қашан да бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Олардың ел дамуына қосар үлесі айрықша. Өйткені аталған сала тарапынан жасалып келе жатқан келелі істер кемел келешекке бастайтын даңғыл жол болмақ. Олай болса, ауданның мәдениет саласы осы уақытқа дейін қандай жетістіктерге жетті? Қандай ілкімді істер қолға алынды? Осы мақсатта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Әзімханға хабарласып көрген едік.
Оның айтуынша, бөлім ҚР Тіл туралы Заңын негізге ала отырып, Шиелі ауданы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтанулық және талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компанияларға көрнекі ақпаратты дұрыс жазу, бизнес саласындағы көрнекі ақпаратты (хабарландырулар, жарнама прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат) мемлекеттік тілде рәсімдеу қажеттігі бойынша консултациялық түсіндіру жұмысын ұйымдастырады.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың 26-27 наурызы аралығында көрнекі ақпараттарда тіл туралы заңнамалардың сақталуын зерделеу мақсатында мониторинг жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы Шиелі аудандық филиалы басшысы Сұлтан Сағындық пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары бірлесіп, кентке қарасты кәсіпкерлік нысандарды және халыққа қызмет көрсету орындарын, сауда орталықтары мен басқа да жеке кәсіп нысандарындағы жарнамаларды зерттеді. Бұнда олар көрнекі ақпараттардағы тіл нормаларының сақталуы, мемлекеттік тілдің қолданылуын зерделеу бойынша мониторинг жұмыстарын бағдарлады.
Мониторинг нәтижесінде 20 нысанның көрнекі ақпараты мен жарнамалары зерделеніп, 4 нысаннан кемшіліктер анықталды. Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының «Деректемелер мен көрнекті ақпарат тілі» атты 21-бабына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкер нысан иелеріне ұсыныс хат берілген.
Қазіргі таңда бөлімде жұмыс өте қарқынды. Алдағы уақытта мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік субъектілерге, квазимемлекеттік секторға, олардың тіл заңнамасы талаптарының орындалуына әдістемелік көмек көрсетіледі. Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу шеңберінде тілдік ортаны дамыту мен құрудың өзекті мәселелері жөніндегі іс-шараларды өткізу және оларды бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында «Көрнекі ақпараттағы көкей тесті» мәселе тақырыбында семинар, «Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты дөңгелек үстел өткізіледі. Сондай-ақ жоспарда қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында «Мемлекттік тіл және БАҚ» атты байқау ұйымдастыру жоспарға қойылған. Әңгіме соңында бөлім басшысы барлық іс-шараларға шолу жасап, алда әлі де бірталай жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Иә, тіл мәртебесі қоғамда бірінші орында болу қажет. Себебі тіл ұлт мерейін үстем етіп, елімізді өркендетеді. Оған ешкімнің таласы болмаса керек. Ал онымен жұмыс істейтін аудан мамандарының қазіргі жұмысы жүйелі.
Айнұр ИБРАШЕВА