ОБЛЫСТА ЕУРОПАЛЫҚ ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 2005 жылдан бастап тұрақты түрде Еуропалық иммундау аптасы өткізіліп келеді. Оның негізгі міндеті — әрбір азаматқа арнайы профилактикалық жолмен алдын алуға болатын аурулардан қорғануды түсіндіру. Биыл бұл апталық сәуір айының 21-і мен 27-сі аралығында жүзеге асырылмақ. Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Еуропалық иммундау апталығының басталуы туралы сөз болды.
- Вакциналау – аурудың алдын алып, денсаулықты сақтауға септігін тигізетін бірден бір шара. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің қолжетімді құралы ретінде танылған. Ал, иммундау қазіргі уақытта қолданылып жүрген медициналық араласудың ең тиімді және үнемді шараларының бірі. Еуропалық иммундау апталығы Дүниежүзінің бірнеше елі қатысатын әлемдік жобаға айналды. Сондай-ақ, иммундау әмбебап әдіс болып табылады. Жыл сайын иммундау дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, паротит, қызамықтан болатын 2-3 миллион өлімнің алдын алуға, аурулар мен мүгедектіктен қорғауға мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн. Ал, 2024 жылғы Еуропалық иммундау апталығы ата-аналарды, медицина қызметкерлерін қызылшаға және көкжөтелге қарсы вакцинациялауға баса назар аудара отырып, сондай-ақ адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинациялауды енгізу қажеттігіне баса назар аудара отырып, иммундаудан уақтылы өтудің маңыздылығы туралы хабардар етуге бағытталған, - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова.
- Профилактикалық екпелер 12 ауруға қарсы міндетті вакциналауды көздейтін Ұлттық екпе күнтізбесі шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, екпелер жекелеген кәсіптік топтарға, аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын табиғи-ошақты аурулармен аурушаңдық деңгейі жоғары аумақтарда тұратын адамдарға және инфекциялар ошағында эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Айта кетейік, елімізде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер республикалық бюджет қаражаты есебінен бірнеше инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізіледі. Мәселен, жоспарлы профилактикалық екпелер мен эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық екпелер сол тарапқа жатады. Ал, жергілікті бюджет қаражаты есебінен “А” вирустық гепатиті, тұмау, сібір жарасы мен профилактикалық екпелер жүргізіледі,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Төлегенова.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі