Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРЫНДЫ ЖАСТАР ДЕБЮТІ

ДАРЫНДЫ ЖАСТАР ДЕБЮТІ

Таяуда Көкшоқы мөлтек ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде «Аманат» балалар және жасөспірімдер үйірмесі «Бремен музыканттары» атты музыкалық қойылым қойды. Бәрімізге бала күнімізден таныс туындыда театрдың жас артистері алғашқы дебют көрсетті. Бұл ертегіні сахналауда жігерлі жастардың басын қосып, білек күшін бір іске жұмылдырған жас режиссер Әйгерім Әлмаханның еңбегі зор.
Спектакль болады дегенді көптен күткен балалар және аудан тұрғындары мәдениет үйіне топырлап келіп жатты. Зал лық толы. Ал сахнаның сыртында қобалжып тұрған артистердің аурасы бөлек болды. Шәкірттеріне үміт артып, олармен бір толқында жүрген жас режиссер Әйгерім Әлмаханның еңбегін қалайша айтпасқа?! Ол – талант көрсе талабын ашып, өнерлінің отын өшірмейтін талантты маман.
Қойылым барысында көрермен көтеріңкі көңіл-күйде болып, керемет қошемет көрсете білді. Көптен бері мұндай қызықты спектакльді көріп-тамашаламаған қонақтар ондағы ақымақ патша, ханшайым, Бремен қаласының музыканттары – ит, мысық, есек, әтеш және әнші жігіт, күзетшілер, қарақшылар және басқа да кейіпкерлерді сәтті сомдаған үйірменің қыз-жігіттеріне тәнті болып, олармен бірге рөлдерге енгендей күй кешті. Әсіресе, ақымақ патшаның рөлін сомдаған Мейіржан Өтегеннің іс-қимылы, дауыс ырғағы залда отырғандарды өзіне баурап алды. Ал ханшайымды ойнаған Аделя Қасымбекованың нәзіктігі, кейіпкерді сезіне алуы тамсандырды. Ханзада рөлінде болған Нұрасыл Ырысбек көрермен көзайымына айналды. Себебі сахнада өзін-өзі ұстауы ерекше көзге түсті. Шұғыла Жанарбектің де өнерін бағалап кетуге болады. Шуд кейіпкерді ойнап, өзін жан-жақты қырынан көрсетті. Актерлік шеберлігі, сүйкімді қылықтары бір бөлек.
Қойылымның көрерменге берер тәрбиесі мол. Мұнда адал достық пен нәзік махаббат, өнерге деген құштарлық бейнеленді. Басты рөлдегі кернейші жігіт кезбе артис, тұрақсыз жан бола тұра, патшаның қызына ғашық болады. Оған жар болудың амалын іздейді. Яғни, табансыз адамның өзі баянды махаббат үшін бар күшін сарп ететіндігі айтылады. Ал оның достары шытырман оқиғадан жапа шекпей өтуіне көмектеседі. Сатқындық пен адалдықтың аражігі көрсетіледі.
Ертегіні көре отырып, әрбір кейіпкерлерді айрықша бағдарлап отырдық. Солардың ішінде қарақшы қыздар рөлінде Нарқыз Ешпанова, Сымбат Жұлдызбаева, Жаннұр Маратқызы және Диляра Жарасқанқызының билерін, образдарын ерекше атап кеткен жөн. Сондай-ақ Аян Құрбан мен Рамазан Әлмаханның, Нұрасыл Нұраханов, Айзере Аяпбергенова, Нұржанат Рысбек және Ғалия Мақсатқызы сынды таланттар өз рөлдерін де шынайы ойнап шықты. Үйірменің жас өрендері қазірдің өзінде отандық фильмдерге түсіп, шеберліктерін дамытып жүр. Айта кетейік, бұл қойылым Шиелі кенті әкімінің қолдауымен, «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтті.

Айдана НАЗАРБЕКОВА
17 сәуір 2024 ж. 393 0