Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕАТРҒА БАРҒАНБЫЗ...

ТЕАТРҒА БАРҒАНБЫЗ...

Наурыз мерекесі қарсаңында қаншама шақырымды артқа тастап, Тұран даласы, киелі Түркістан шаһарына қарай бет алдық. Мұндағы басты мақсатымыз – Алматы қаласынан келген Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ұжымының «Сезім сапары» атты спектакль турының аясындағы көрнекі жазушы, Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған «Махаббат қызық мол жылдар» қойылымын тамашалау...
Түркістан музыкалық драма театры. Жаңадан бой көтерген әсем ғимарат. Сағат тілі 18:00-ді көрсетеді. Театрдың әдебі мен мәдениетін сақтап, біз де бұл жерге бір сағат бұрын ерте келіп алдық. Мәдени мекенге ертемен келіп алсақ та, қойылым тамашалауға келген адамдардың көптігін аңғардық. Залдың сыртында адам лық толы. Келушілер де театрға сай, классикалық үлгіде киінген. Бұрынғыдай емес, қазір рухани кештерге жиі барып, қойылым тамашалауға қызығатындардың саны артқан. Көрермендердің арасында біз сияқты қаншама шақырымды артқа ­тастап, дәл осы қойылым үшін келгендер де бар екен.
Біздің де күй осы. Өкінішке қарай, өзіміз тұратын өңірде театрлық қойылымдар мен спектакльдер жиі сахналанбайтын болғандықтан, көршілес қалалардағы ­театр табалдырығын тоздыруға мәжбүрміз. Бұл жолы Түркістан музыкалық драма театрында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры «Сезім сапары» спектакль-турының аясында «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін сахналады. Алматы қаласынан келген театр ұжымы түркістандық көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қалың көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Әр жыл сайын репертуарын танымды туындылармен толықтырып жүрген ­театр қоржынында көрерменнің айрықша ықыласына бөленген «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінің орны ерекше. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған шығарма өткен ғасырдың өзінде-ақ өз оқырманын тауып, талай жанның жүрек қылын шертсе, Фархад Молдағали режиссурасымен сахналанған спектаклі киелі шаһардың зәулім театр сахнасында жалғасын тапты. Театр ұжымы ­аншлагпен екі ауысымда өнер көрсетіп, Тұран даласын махаббат жырымен әлдиледі, көпшіліктің көңілін босатты. Иә, біз де Қазақстанның түкпір-түкпіріне сапар шегетін «Сезім сапары» атты тур-спектаклін тамашалауға арнайылап ат терлетіп Шиеліден бардық. Қойылым күткенімізден де керемет, әрі шынай болды. Жанарды жасқа толтырып, Меңтай мен Ерболдың махаббат оқиғасына шынайы сүңгіп жыламай көру мүмкін болмады. Өнерді түсінетін, махаббаттың құдіретін ұғынғандарға бұл қойылым ерекше сыйлай білді. Екі жарым сағатқа созылған қойылым соңында қалың көпшіліктің жүрегі езіліп, жаны ауырды... Шынайы эмоциялар шығып, қойылымды керемет сахналаған әртістердің өнеріне тәнті болып, қошемет соқты. Біз де қос жанарымызға жас алып, «Махаббат қызық мол жылдарды» тілімізге тиек етіп, Түркістандағы сапарымызды мақаламызға арқау етуді жөн көрдік...
«Айтпасақ сөздің атасы өледі» демекші, біз бүгін өз ішіміздегі театр сүйер қауымның айтпағын жазбаққа бекіндік. Иә, Шиелі өнер мен дарындыларға бай ел. Бұл өңірде түрлі ақын-жазушы, әртіс, тіпті драматругтар туып, түлеп ұшқан. Бір сөзбен айтқанда, дарындылар жетерлік. Бұл өлкеде рухани бай, шығармашылыққа жақын, түрлі сахналық қойылымды сүйетін қалың көрерме де жетерлік. Тек әттеген-айы – жиі көрсетілетін сахналық қойылымдар мен спектакльдер аз. «Әттең тонның келтесі-ай» дейміз бе, жоқ әлде біз тұратын өңір халқын қойылымға қызықпайды деп жылы ­жауып қой саламыз ба, әйтеуір Шиеліде «Махаббат қызық мол жылдар» секілді туындылар сахналанбайтынын мойындауымыз керек. Бұған себеп те жоқ емес. Біріншіден, біз елі де мәдениетке біртабан жақындап, рухани кештердің құнылықтарын дұрыс ұғына қойған жоқпыз. Бірақ бұл барлық аудан халқы театрға бармайды, қызықпайды деген сөз емес. Саусақпен санарлық адам болса да, рухани кештерді жанындай сүйетіндер бар арамызда. Алайда, сол азды-көпті жан үшін мәдениет қызметкерлерінің кең көлемде кереметтей қойылымды сахналамайтыны белгілі. Бұған дәлел – өңірде соңғы рет мәдениет үйінде спектакль бір жыл бұрын сахналады. Содан кейін қойылымның ауылы алыстады. Бәлкім мәдениет үйінің қызметкерлері осы маңызды мәселені қолға алып, елді қызықтырып, әр ай сайын түрлі қойылымдар, спектакльдер ұйымдастырса, онда аудан тұрғындарының да қойылымға деген қызығушылықтары артар ма еді, кім білсін? Не десек те, біз секілді театр сүйер қауым бір спектакль үшін қаншама жол жүрмей-ақ Шиеліден кереметтей қойылымдардың сахналанғанын күтеді. Театр – мәдениеттің ошағы, руханиятымыздың белгісі.

Сымбат СҰЛТАН
27 наурыз 2023 ж. 547 0