Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДЫҚ ТЕАТРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНСА

АУДАНДЫҚ ТЕАТРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНСА

Театр – адамның жаны, көңіл-күйі, болашаққа деген көзқарасы. Яғни, қоғамды, халықты тәрбиелейтін бірден-бір мәдени ошақ – осы театр. Сондықтан да болар, еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген театрлар жұмыс жасайды. Бір Алматының өзінде аталған мәдени ошақтың 20-ға жуығы бар екен.
Біздің ауданда да «Халықтық театрдың» жұмыс жасап келе жатқанына біршама уақыт болды. Белгіленген норматив бойынша бұл ұжым жылына бір рет қойылым дайындап, оны аудан сахналарында, түрлі деңгейлердегі байқауларда орындайды.
Негізінде, аудандық «мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің ережесінде «Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны» деп көрсетілген. Яғни, пайда табу мақсатында жұмыс жасауға толық құқылы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, аудандық мәдениет үйінде жұртшылыққа рухани тәрбие беретін спектакльдер ақылы қойылып тұрса, қандай жақсы. Бұл туралы мәдениет үйі директорының орынбасарынан сұрағанымызда: «Бізде «актер» деген арнайы кадр жоқ. Сондықтан, жиі қойылым қою үшін қиындықтар туындайды», – деп жауап берді. Сөз арасында бір спектакльді жарыққа шығаруға 2 ай уақыт дайындық жүргізілетінін де айтты. Енді қараңыз, нормативте көрсетілген жылына бір рет қойылуы тиіс қойылымды 2 айда дайындап шығарады дейік. Ал, қалған 10 ай ішінде 5 қойылым әзірлеп, мемлекетке де, өздеріне де қаржы түсіруге болады ғой. Өйткені, ондағы кез келген маманның әртістік қабілеті жоқ дегенге сену қиын. Бойында өнері жоқ қызметкер мәдениет бөлімінің есігін қақпайтын болар. «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» дейді дана халқымыз. Оның үстіне қазір ауданда тозығы жеткен мәдени ошақ жоқтың қасы. Кейбірінің ғимараты жаңадан соғылып, біршамасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Оған қаншама миллиондаған қаржы кеткенін ел біледі. Музыкалық аспаптар мәселесі де оң шешішімін табуда. Қарап отырсақ, мемлекет мәдениет саласынан қаржыны аяп қалып жатқан жоқ. Неге сол қаржының аз ғана мөлшерін болса да ақтамасқа? Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдық клуб үйлерінің өзі мектеп оқушыларын, ауыл жастарын ұйымдастырып ұдайы түрлі шараларды өткізіп тұратын. Қазір бұл нәрсе мүлде жасалмайды деуден аулақпыз. Алайда, баяулап бара жатқандай көрінеді бізге.
Сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. Бүгінде халықтың өнерге, театрға сусап жүргенін жиі байқаймыз. «Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғары интенция» деген екен орыс философы Александр Герцен. Мұндағы «интенция» деп отырғанымыз зат бейнесінің ойда сақталуын сипаттайтын ұғым. Рас-ау, кейде адам қоғамда тапшы мейірім мен махаббаттың керемет үлгісін көріп, рухани азық алып қайтатын орынды қалайды. Сол себепті де, халық театрға қойылым көру үшін ғана емес, өзін-өзі іздеп барады.
Сан түрлі өнердің ішінен тек театрды қозғап отырған себебіміз, театр – адамның рухани серігі, тұлғаның өзін сахнадан көріп, түсінетін орны осы ошақ. Сәкен Сейфуллин қазақ театрын ашқан кезде: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал, егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек» – деген екен. Біздің «Халық театры да» өз көрерменіне рухани мол дүние бере алатынына сенімдіміз.
Қазір ауданда дәстүрлі түрде өтетін жайдарман ойындарының да өз көрермендері қалыптасқан. Әр ойын сайын зал лық толы болады. Ал, театрдың халыққа берері жайдарманнан әлдеқайда салмақты. Сондықтан, көрермен залын толтыру мәселе тудырмайтын секілді. Ебін тауып, жасаймын деген жанға қай істің болмасын жолы табылады. Театрға жас та кәрі де қызығып барары сөзсіз. Біз бұл мақала арқылы мәдениет бөлімінің жұмысын жоққа шығарып, сынаудан аулақпыз. Айтпағымыз, аудан сахнасында жиі қойылым қойылып тұрса, аудан мәдениетінің әлеуеті мен халықтың өнерге деген құрметі артар еді.
27 қараша 2022 ж. 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031