Батыр қыз атындағы білім ордасы
Алты алаштың анасына балаған Сыр елінің бас қаласы Қызылордаға биыл – 200 жыл. Осынау жылдардың жылнамасын парақтағанда қаншама маңызды оқиғалар мен көркем істердің тізімі көз алдымыздан өтері анық. Сол жемісті жұмыстардың сапында Қызылорда қаласындағы оқу орындарының құрылып, елге керекті кадрлар даярлай бастауы еді.
Иә, ұлы суреткер жазушы М.Әуезов: «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп тегін айтпаған. Білім – адамзаттың сарқылмас қазынасы. Адамзат тарихында ұлт болсын, ұлыс болсын, жеке адам болсын тек білім арқылы ғана өзінің көздеген мақсатына жетеді. Даланың сауаты мен парасатын өз өмірінен биік қойған жас ұрпақ тәрбиесіне жанкештілікпен қарайтын қаршадай қыз-жігіттердің қасиетті ұясы болды – бұл білім ордасы. Адамзат ұрпағын тәрбиелеу – адамның ең басты борышы деп ұққан талай тәлімгер ұстаз осы ұядан қанаттанып ұшқаны бұл күнде бүкіл аймаққа мәлім.
Сонымен, біз тақырыпқа арқау еткелі отырған қасиетті қара шаңырақ – ғасырға жуық тарихты қамтып, сол аралықта талай түлектердің қанатын қомдап, қияға қанат қақтырған Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі. Негізі өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақ педагогикалық техникумы болып іргесі қаланған бұл білім ордасы талай жастың өзіндік бет-бейнесін айқындап, нағыз азамат етіп тәрбиелеуге үлес қосты.
Аталмыш колледждің ұстаздары мен қызметкерлері ауданда болып, мектептерде кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында жаңалықтары мен жоспарлары турасында біршама әңгіме де өрбіді.
Білгеніміздей, өзінің іргетасы қаланған алғашқы жылдарында педтехникум небәрі 3 бағыттағы маман даярласа, қазір қоғам сұранысына орай он бестен аса мамандық бойынша кәсіп иелерін даярлайды екен.
Колледждің бұл жылғы мамандар даярлаудағы ерекшелігі 11-сыныптан кейін 2 мамандық бойынша қолданбалы бакалаврлар дайындалатын көрінеді. Оның бағдарламалары әзірленіп, жоғарғы оқу орнымен келісім-шартқа қол қойған. Сөйтіп, алдағы уақыттарда қолданбалы бакалаврлар дайындалады. Тағы бір айта кететін жайт, биыл үштұғырлы тіл саясаты аясында ағылшынша білімі бар математика, физика мамандары оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшпақ. Тіпті, «Білім-инновация» мектептерінде сабақ беріп, іс-тәжірибелері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылғаннан кейін нақ осы мамандарға сұраныстар түскен көрінеді. Ал, осы жылы мектепке дейінгі ағылшынша білімі бар тәрбиеші, бастауыш сынып мұғалімдерін даярламақ.
Дина ЖҮСІПОВА.