ЖОСПАР АУҚЫМДЫ, ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ
Бүгінде аудан бойынша бірқатар игілікті істер жүзеге асырылып, жаңа жобалар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жоспар бойынша қолға алынған межелердің ойдағыдай орындалуына сеп болуда.
Өңірде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар қазірде жалғасын тауып үлгерген. Көктем туғалы бұл шаралар тіпті қарқын алды. Соның бірі – жол жөндеу мәселесі. Жол – экономиканың күретамыры екені белгілі. Сондықтан оның сапалы, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы болуы аса маңызды.
Шиелі ауданында жалпы ұзындығы 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның 80 км – республикалық, 98 км – облыстық, 145,4 км – аудандық маңыздағы жолдар. Шиелі кенті және елді мекендерді қоса есептегенде ұзындығы 395,38 км құрайтын 401 көше бар. Бұл көшелердің 198,69 км асфальт төселсе, 145,69 км қиыршықтас төселген. Ал 51 км – топырақ.
Соңғы жылдары аудандағы жол жөндеу жұмыстары өзгеше қарқын алған. Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың жыл басында жасаған баяндамасына сәйкес былтыр кент көлемінде жалпы ұзындығы 18,9 шақырым болатын 49 көше орташа жөндеуден өткен. Бұл үшін бюджеттен 535 млн теңге қаралған. Сонымен қатар демеушілер есебінен 20 көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен «Самара-Шымкент-Сұлутөбе» кіреберіс 3 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеуге 265 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұдан бөлек өткен жылы жоба құны 1 млрд 900 млн теңге болатын Шиелідегі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент» тасжолының 8 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 466 млн теңге, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолын орташа жөндеуге 130 млн теңге, кенттегі Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 346 млн теңге бөлінген.
ЖОЛДА ЖАҢҒЫРУ БАР
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың наурыз айында берген есебі бойынша биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд теңгеге Шиелі кентінің 11 көшесі мен Ш.Қодаманов ауылындағы көпір күрделі жөндеуден өтпек. Қазіргі таңда аталған жұмыстар қолға алынды. Мәселен, Шиелі кентіне қарасты Тәуелсіздік көшесіне күрделі жөндеу шараларына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Ақ Тоған» ЖШС жеңімпаз атанған. Конкурс нәтижесіне сәйкес мердігер мекемемен 315 млн теңгеге келісім-шарт жасалып, бүгінде қызу жұмыс бастау алды. Жөндеу жұмыстарының жүргізілу уақыты 3 айға жоспарланған. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жүргізіліп, тиісті мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аталған жөндеу жұмыстарын іске асыру мақсатында 5 арнайы техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар аудан орталығында орналасқан әл Фараби, Досбол Датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Бұдабай көшелері де күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстардың жобалық құны 1 млрд 560 млн теңгені құрайды. Бұл тарапта мемлекеттік сатып алу конкурсынан «Қызылорда жолдары» ЖШС жеңімпаз атанған. Аталған жұмыстардың өтпелі кезеңіне сәйкес қазіргі таңда Шәкәрім көшесінде де күрделі жөндеу жұмыстары бастау алды.
Бұдан бөлек былтыр «Қызылорда облысы Шиелі ауданының аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын қайта құрылымдау» жұмыстарына ҚР Ұлттық қорынан барлығы 4 161 230 теңге қаралған болатын. Бас мердігер – «Ақ Тоған» ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биылғы 1 ақпанда басталды. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары тізімінде көпір мәселесі де бар. Аудан әкімінің есебі бойынша өткен жылы Ә.Тәжібаев ауылында орналасқан көпірді күрделі жөндеуге 305 млн теңге бөлінген. Биылғы жоспарға сәйкес аудандық маңыздағы «Шиелі-Қодаманов» жолындағы көпір қордан бөлінген 311 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтуге тиіс. Бүгінгі таңда «Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Самара-Шымкент-Қодаманов» аудандық маңызы бар автомобиль жолының К-3 коллекторындағы көпірді күрделі жөндеу» жұмыстары жүргізілуде. Аталған құрылысмонтаждау жұмыстары наурызда басталды. Бас мердігер – «Жылу – ХХІ» ЖШС.
АҚЖОЛТАЙ ЖАҢАЛЫҚ
Аудан бойынша өсім көрсетіп жатқан жұмыстардың қатарында газдандыру ісі де бар. Қазіргі таңда өңірдегі 40 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бұған дейін жаңа жыл қарсаңында Еңбекші мен Жиделіарық ауылдарында газ алауы тұтанып, тұрғындарды қуанышқа бөлеген болатын. Бүгінде кент және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас, Ш.Қодаманов сынды ауыл тұрғындары көмір тасып, пеш жағып, күл шығару машақатынан арылды.
Бұл тұрғыда Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Досбол датқа, Бестам ауылдарына газ тарату желілерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1 жарым млрд теңге қаржы бөлінген. Өткен жылы қос ауыл «көгілдір отынмен» қамтылған болса, биыл бұл елді мекендердің қатарына Бестам мен Ә.Тәжібаев ауылдары қосылды.
Ал жақын күндері Алмалы және Досбол датқа ауылдарына табиғи газ жүргізу жоспарлануда. Газдандыру жұмыстары осы қарқынынан таймаса, алдағы бірнеше жылда Шиелі ауданы толық «көгілдір отынмен» қамтылады деген үміт бар.
Облыс әкімі өз сөзінде Шиелі ауданының бүгінгі бюджеті 17 млрд теңгеден асқанын айтқан болатын. Қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және ұлттық қор есебінен кенттегі электр желілерін конструкциялау, қосалқы станцияларды қайта жаңғырту, Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарын сыртқы электрмен қамту жұмыстары бастау алды.
Сондай-ақ аудан инфрақұрылымында да ілгерілеу бар. Қазірде әр салада жоспарланған жаңа ғимараттардың құрылысы басталып кетті. Межелі нәтижеге қол жеткізіп, жыл соңына дейін халық игілігіне ұсыну жоспарланып отыр. Мәселен, Жансейіт елді мекенінде жаңа мектептің құрылысы басталды. Оқушылардың жайлы орында тиісті білім алуына тағы бір білім ордасы қосылмақ.
Бестам ауылында жаңадан клуб үйін соғу жоспарланған. Қазіргі таңда жауапты мамандар жұмысқа кірісіп, ғимараттың орналасар жерін анықтау үстінде.
Көкшоқы мөлтек ауданында руханият үйінің құрылысы бастау алмақ. Бұнда аудандағы 6 мекеме тұрақтап, жұмысын жалғастыратын болады.
Аудан орталығында да бірқатар құрылыс орны бой көтермек. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман:
– №219 мектептің жанынан спорт кешені салынса, №252 мектеп іргесінен 375 орындық қосымша құрылыс орны бой түзейтін болады. Аталған ғимараттардың құрылысын биылдан қалмай, жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді.
Кент көлемінде қолға алынған қарқынды жұмыстардың өнімді нәтиже береріне сенім мол. Бастысы, аудан экономикасының жоғарылап, жоспарлардың жүйелі жүзеге асып жатқаны қуантады.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ