Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕТТІ ЕҢ КӨП ЖЕЙТІН ОБЛЫС

ЕТТІ ЕҢ КӨП ЖЕЙТІН ОБЛЫС


Бәріміз ұлттық ас болғаннан кейін етті жақсы көретініміз ақиқат. Бірақ «жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіретін» етті республикамыздың қай аймағының тұрғындары көбірек жейді? Бұл енді үлкен мәселе, өйткені бір айлық жалақыға қарап отырған отбасылар да кездеседі. Оларды «күнде ет жейді» деп айту қиын.
Бірақ сарапшылардың зерттеуіне қарағанда тамаққа етті көп тұтынатын тұрғындар Атырау облысында тұрады екен. Бұл туралы Ranking.kz сайтының сарапшылары мәлім етті. Әрине мұның барлығы ең алдымен әр отбасының өмір сүру сапасы мен тұрмыс деңгейіне байланысты екені сөзсіз. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, әрбір қазақстандық отбасы өткен жылы 72, 9 келі ет және ет өнімдерін тұтынған көрінеді. Бұл әрине Қазақстан бойынша орта көрсеткіш. Атырау облысының әр тұрғынына шаққанда, бұл көрсеткіш жоғары, 85 келіден айналып тұр. Онан кейінгі орында Алматы қаласының тұрғындары тұр, олар жылына шамамен 83, 5 келі ет жейді екен. Үшінші орынды 82,6 келі нәтиже бойынша шығыс қазақстандықтар алады. Ал ең төменгі көрсеткішті –Оңтүстік Қазақстан облысы иемденіп отыр. Оңтүстік тұрғындары жылына шамамен 58,2 келі ет жейді екен. Бұл аймақта халық өте тығыз қоныстанған, сондықтан тұтыну деңгейі  төмен болуы мүмкін. Қызылорда облысының әрбір тұрғынына – 65,2, Ақтөбе облысына – 67,4, келі ет тиесілі. Ал қалған аймақтарда көрсеткіш төмендегідей: Маңғыстау -81,9, Павлодар- 81,6,  Жамбыл-70, Батыс Қазақстан -69,, Алматы облысы-75,2, Қарағанды-79,1, Солтүстік Қазақстан -69,8, Қостанай -68, келіден болып тұр.
Осы орайда тағы бір қызықты деректі айта кету керек, негізі қай малдың еті өтімдірек? Жылқының ма, сиырдың ба, жоқ әлде Қазақстан халқы қой етін жақсы көре ме? Бұл ретте сарапшылар ең алдымен сиырдың етін Қазақстан тұрғындары көбірек сатып алатынын есептеп шығарған. Одан кейінгі орында қойдың еті тұр.  Ал үшінші орынды тартылған ет (фарш)  өнімдері алатынын айта кету керек. Жалпы зерттеуде жылқының еті атап көрсетілмеген, соған қарағанда соғымды жақсы көретін қазақ тек қыс айларында ғана жылқының етін тұтынатын сияқты.
Осы ретте сарапшылар тағы бір қызықты деректі алға тартқан. Ауылда екі адамның бірінің қорасында ірі қара мен ұсақ малдар бар. Бірақ етті кім көбірек жейді, қалалықтар ма, ауылдағылар ма? Зерттеу барысы көрсеткендей, ауылдың әрбір тұрғыны 2017 жылы 69,1 келіден ет тұтынған. Ал қалалықтар болса, жылына 75,8 келі  ет жейді екен. Селода тұратын тұрғындарға қарағанда қалалықтар тартылған етті екі есе (7,4 келі) көп пайдаланатыны анықталған.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
12 мамыр 2018 ж. 1 417 0