Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нан бағасы 200 теңге болса...

Нан бағасы 200 теңге болса...


Наннан құдіретті не бар? Бір замандары «Нан болса, ән де болады» дедік. Бұл ақиқат сөз еді. Әлемде бір үзім нанға зар болып отырған миллиондар аз ба? Айлығы шайлығына жетпей, қалт-құлт етіп бір үзім нан үшін базар жағалап жүргендер өзімізде де баршылық емес пе? Олар жанының қадірін білмесе де, нанның қадірін жақсы түсінеді. Біз бұл арада жасып жүргендерді ғана емес, асып ішіп, тасып жүргендердің нанды аяқ асты ете бастағанын да меңзеп отырмыз.


Қазір әлеуметтік желі арқылы әркім өз базынасын әлемге жеткізе алады. Ол рас. Десек те, кейде бір мәселені көтергенде оның екінші тұсын ескере бермейміз. Мәселен, дүкендерде сатылатын 1 бөлке нанның салмағы қанша? Ал мемлекеттік стандартта нанның салмағы қанша грамм болуы керек? Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет біраз уақыт бұрын өзінің фейсбук парақшасында нанға қатысты бір мәселе көтерген болатын. Аудан тұрғындарының талқысына түскен нанның бағасы мен қадірі жайында біз де толығырақ тарқатып көргенді жөн санадық. Сонымен Б.Күлімбет: – Мемлекеттік стандарт тек медициналық құралдарда ғана бар деп ойласам, олай емес барлық жерде бар екен. Мысалы, 1 бөлке нан мемлекеттік стандарт бойынша 620 грамм болуы керек болса, «Қазына» сауда орталығынан сатып алған 1 бөлке нан 370 грамм болып шықты. Әрине бұған дүкеннің еш қатысы жоқ. Мәселе наубайханада болып тұр. Биыл 2024 жылы кәсіпкерлерді тексермеу туралы мараторий 1 қаңтардан бастап тоқтатылды. Сіздің жеп отырған наныңызды салмағы қанша грамм? Наубайханашылар қандай уәж айтар екен? – деді. Алдымен дүкен сөрелеріндегі нан бағасын зерделедік. Кент орталығындағы бірнеше дүкенге бас сұғып, 1 бөлке нанның бағасы 110-115 теңгеден сатылып жатқанын білдік. Енді ардагердің сауалына жауап іздеп Тәуелсіздік көшесі бойындағы «Дархан» наубайханасына жол тарттық. Бізді Сұлтан Дәулет есімді азамат күтіп алды. – 1 бөлке нанның қамыр күйіндегі салмағы 420 грамм, ал піскен нан 380 грамм болады. Біз дүкендерге нанның 1 данасын 100 теңгеден жеткізіп береміз. Егер 1 нанның салмағы 620 грамм болуы керек болса, бізде нанды 200 теңгеден өткізуге тура келеді. Себебі мемлекеттен көрсетілетін жәрдем ­бойынша ұнды келісім шартпен СПК «Байқоңыр» арқылы 7800 теңгеден алатынбыз. Алайда ол ұннан жасалған нан піспейді, сапасы өте нашар. Халық ол нанды өзімізге қайтарып әкеліп берді. Сондықтан келісімшартты үзіп, 1 жылдан бері ұнды 10 500 теңгеден сатып алудамыз. Сондай-ақ 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың айлық жалақысы 150-200 мыңның арасында. Одан бөлек жанар жағар май, жарық пен жылу, салықты қоссақ, наубайханашыға қалар табыс тиын-тебен ғана, – деді наубайханашы. Расында ас атасына балайтын нанның қандай еңбекпен дастархан басына келетінін кейде ескере бермейді екенбіз. Қазіргі таңда ауданда ірі 7 наубайхана бар. Мәселен, 50 келі 1 қап ұн 10 500 теңге болса, одан 130 нан шығады. Ал 130 дана нан 13 000 теңге болады. Одан наубайханаға 2500 теңге пайда қалады. Енді ол пайдасы әр дүкенге нан тасымалдайтын көлігінің жанар жағар майына, жұмысшылардың жалақысына, салық пен жылуына шашқанда қандай пайда қалмақ? Оны да ойламасқа болмайды. – Менің наубайханада жұмыс істегеніме 20 жыл болыпты. Осыдан 20 жыл бұрын бір шөлмек минералды су 60 теңге, нанның бір бөлкесі 60 теңге болды. Ал қазір екеуінің арасындағы айырма жер мен көктей. Мәселен, су 500 теңге болса, нан бағасы – 110 теңге. Бұл – нанның қадірін түсірмей ме?. Қазір «ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңданың» заманы. Бұрын жерге түскен нанның қиқымын теріп, қасиетті санасақ, қазір қоқыс жәшіктерінің жанынан өте қалсаң, жаның түршігеді. Жағалай шашылған – нан. Осыдан соң 5 теңге қосылса «нан қымбаттады» деп шуылдап жатамыз. Меніңше, нанның шынайы бағасы 150-200 теңгеден болуы керек. Сонда ғана нанның қадірін түсінетін шығармыз, – деді Жанар апай. Арзанның қадірі болмайтыны тәрізді, бидайдың бағасын өмір бойы төмен бағада ұстап тұру да ауыл шаруашылығын өркендетуге кері әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені кез келген шаруа тер төгіп өсірген бидайын арзан бағаға бергісі келмейді. Бірақ лаж жоқ, баға сондай болған соң, нарықта белгіленген бағаға өткізуге мәжбүр.​​​​

Ал дала қосындағы тіршілік техникасыз бітпейді. Демек, техникаға кетер дизель отынының бағасы еткен еңбегіңнің жарымын соған жұмсауға алып келеді. Содан, жер тырнаған диқанның да қай бір шекесі шылқи қойсын?! Нан бағасы, мұның өзі – үлкен бір мәселе. Оның бағасы көтерілер болса, ауылдағы кәсіпкер бидайын қымбатқа өткізіп, жағдайын жақсартар еді, техника паркін жаңалар еді. Ал ауылдың жағдайының жақсарғаны – мемлекетіміздің жағдайының жақсарғаны. Енді бидай бағасы қымбат болса, оны сатқан ауылдағы ағайын біраз пайда табар еді. Демек, келесі жылы ол бидайды көбірек егуге мүдделі болады. Өнімнің көлемімен қатар, сапасын арттыруға тырысады. Ауылда жұмыс болса, жұмыссыз жүрген жастар да баруға ұмтылады. Шыны керек, бәріміз жиылып, қалаға үдере көшкеннен еш пайда жоқ. Ауылға тұрып, жұмысын істеп, малын өсіріп, егінін егіп отырса – нұр үстіне нұр емес пе?! О с ы о р а й д а а у д а н д ы қ а у ы л шаруашылығы бөлімінің арнайы маманы Қасымхан Құрманалиевпен тілдескен едік. Маман «Ауданда ірі 7 наубайхана СПК «Байқоңырмен» келісімшартқа отыратын. Алайда 2023 жылдың мамыр айынан бастап барлық наубайхана әлеуметтік ұннан бас тартты. Ұн жол шығынымен 7400 теңгеге келеді. Бірақ әлеуметтік ұннан жасалған нан дұрыс піспей, тұрғындардан көп шағым түскендіктен келісім шарт толық үзілді» деп наубайханашылардың сөзін растады. Ал кент тұрғындарының бірі «Нан бағасын қымбаттатуға қарсымын. Өйткені тұрмысы төмен отбасылардың қалтасына салмақ түседі» десе, енді бірі «Бидайдан жасалған ащы судың 1 құтысы 1000 теңгеден кем емес, дәл сол бидайдан жасалған нан неге арзан болуы керек. Қымбаттасын! Ел қадірін білсін!» десті. Расында, тоқшылықтың мәуесін тарылтып алмайық Дамыған елдердің озық тәжірибесін негізге алсақ, Алманияда күнделікті 3 мыңнан астам түрлі нан мен тоқаш пісіріліп, сатылады екен. Елдегі орташа көрсеткіш бойынша бір неміс отбасы жылына 42,4 кило нан тұтынады. Мәселен, Штутгарт қаласында багеттер теңгеге шаққанда – 1 500 теңге. Германиялықтарда ұзақ жылдар бойы наубайшы мамандығы кеңінен өріс алды. Қазіргі таңда неміс наубайшылары өнімдерін әлеуметтік желілер мен көрмелерде жиі жарнамалап жүр. Сөйтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, көпшіліктің қалауындағы өнімді ұсынуға тырысады. Алманиялықтардың ас атасына деген сүйіспеншілігі жыл сайын артпаса, кеміген емес. Сол себепті бұл елде нан-тоқаш өнімдерінің 3200 түрі бар. Осыған байланысты мемлекеттің қолдауымен «Неміс нан институты» құрылып, тоқсан сайын арнайы бақылау жүргізіліп тұрады екен. Ал Күншығыс елінде күріш тағамы негізгі өнім болғанымен, кейінгі кездері Батыс иіріміне бет бұрғанын аңғаруға болады. Мәселен, жергілікті тұрғындар дүкен сөрелеріндегі француз багеттері мен америкалық тостерлерді жиі сатып алады. Осы орайда бір нанның бағасы иенге шаққанда – 610 теңге болады екен. Осылайша әлемдік тәжірибенің өзі ас атасына деген құрметтің қандай болатынын аңғартып отыр. Ал біз де ше? Туған күнде тәтті тортты бетке ұрып, бүтін нанды қоқысқа тастаймыз. Тіпті әлеуметтік желіде тренд қуам деп нанды табан асты етіп жатқан жасөспірімдердің ісі ше? «Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген текті қазақтың ұрпағымыз. Қашанда үлкеннің ғибратын құлаққа ілеміз. Олай болса, нанға зар болғандар мен нантепкі жасап жүргендердің «тірлігін» жұрт болып жұмылып айта алсақ, қане. «Нан қалдығын енді қайда тастаймыз?» дейтіндер де табылар. Көбіне мұрты бұзылмаған тоқаштар көгеріп, үлкен дүкендер мен мейрамханалардан шығады. Мүмкін нан қалдығын жинап, фермермен келісімге келіп, соларға берсе, қасиетті нан қара жерде жатпас па еді? Нан қадірі – жан қадірінен кем емес дегенді әр азамат түсінсе, кіндігінен тараған ұл-қызына ұқтырса, иманды іске ұйытқы болар ма еді? Ал нан бағасы сапасына сай болса қымбатсына қоймайтын шығармыз...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ 
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
 


05 ақпан 2024 ж. 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930