Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРТЕЛГЕН ТЕРІ ӨҢДЕЛМЕЙ, ӨНЕРКӘСІП ДАМЫМАС...

ӨРТЕЛГЕН ТЕРІ ӨҢДЕЛМЕЙ, ӨНЕРКӘСІП ДАМЫМАС...

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын дамыту жағынан жасалып жатқан игі істер жетерлік. Әйтсе де, «әттеген-айы» да бар. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп түзелуі тиіс көштің тізімінде тұрған кәсіп болуы тиіс еді. Дегенмен ұмытылып қалды ма, әлде бұл тақырыпты ешкім қозғағысы келмей ме, әйтеуір ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Сіз мұны айтасыз, жеңіл өнеркәсіптің түріне жататын тері және жүнді пайдаға асыруға кәсіпкерлер неге құлықты емес?

Кезінде ата-бабаларымыз бүкіл киім-кешегін, ыдысаяқтары мен күнделікті қолданатын құрал-жабдықтарының біршамасын төрт-түліктің терісінен жасаған. Ал қазір ше? Малды сояды, етін жеп алып, мәз болып, терісін сыпырып, қоқысқа лақтыра саламыз. Есесіне сол теріден жасалатын небір құнды дүниелерді шетелден жүз мыңдаған теңгеге сатып алып жүргенімізді білеміз бе? Сол теріден неге теңге таппасқа? Кейде базар мен сауда орындарына барсаңыз, теріден жасалған түрік, қырғыз, қытай тондары мен аяқ киімдерін көріп жатамыз. Сондай-ақ сұранысқа да ие. Неге? Себебі шет елдерде тері өңдеу технологиясы жоғары дамыған. Ал біз де қалай? Керісінше, мал терісі мен жүнін сол елдерге экспорттап келеміз. Бізден алған шикізат арқылы өздерінің бюджетіне миллиондап ақша жинауда. Дәл осындай сәтте көкейімізде «Өз байлығымызды өзіміз неге игермейміз? Неге кенже қалып бара жатырмыз?» деген сұрақ туындайды. Теріден не өндіруге болады? Бұл сауалымызға жауап та, мәлімет те көп. Шіріп, ит-құсқа жем болып жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қараңызшы. Күздік тері – қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың болады екен. Бұл тері тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге жарамды. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады.


Ал сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Сондай-ақ жабағы – қой-ешкінің сәуір, мамыр айларындағы жабағы жүні, қопсымаған қалың түбітті терісі. Қырықпа деп жабағы жүн мен күзем жүндері қырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісін айтады. Сіз білесіз бе? Туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы-лақ терілерін «Мари» деп атайды екен. Ол бөрік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдай өрнекті болып келеді. Іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісін «Жылбысқы» десе, сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісін «Тоқты шақ» дейді. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды. Осылай кете береді. Ата-бабабалырымыз суықтан қорғану үшін киіз үйді ойлап тапты, тоңбас үшін киім-кешектің неше түрлісін, аяқ киімдерін де өздері тікті емес пе?! Міне, осының бәрі төрт түліктің арқасында жүзеге асырды. Ал қазір біз сол үрдістен айырылып қалғандаймыз. Ойланарлық жайт...

Мәселе шешілмей, мақсат орындалмайды

Мақаланы жазу барысында жан-жақты деректерді қарап, зерттеген болатынбыз. Мәселен, журналист Ержан Қожастың «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына жариялаған «Жүн мен теріні қалай кәдеге жаратамыз?» деген мақаласы осы тақырып аясында кеңінен жазылған. Оның айтуынша, республика бойынша теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын болса, олардың қуаты – 4 млн дана ғана. Бұлай төмен болуының себебі де жоқ емес. Бұның салдары шикізат дайындау, тері сапасының дұрыс болмауы, отандық өнім өндіру талабына сай болмай тұр. Бұл жерде мал шаруашылығын дамытып жүрген ірі серіктестіктер қолдағы мүмкіндігін пайдаланып, экспортқа шығарып үлгерсе де, майда қожалықтар сойылған түліктің терісін өртеп, не көміп тастап жүр. Екінші мәселе – қырқылған жүннің кәдеге аспауында деп жазады. Яғни, елдегі жүн өңдеуші 13 кәсіпорынның төртеуі ғана биязы қой жүнін өңдеуге қауқарлы.

Қайтпек керек?


Расында, біз жаңаша нәрсе ойлап табудан қорқады екенбіз. Неге деген сауал туындайды. Мәселен, біреу балабақша аша қалса, соны бәрі қайталап, мектепке дейінгі мекемелердің саны көбейіп кетеді. Одан қалды кенттегі тойханалардың көптігін айтып та керек емес шығар. Жаңылысып кетеміз. Кентте ғана емес-ау, бүгінде көп ауылда жергілікті тұрғындардың жиын атап өтетін бір мейрамханасы табылады. Керек десеңіз, екі аттасаңыз, кондитерлік өнім, гүлдер сататын орын мен шаштараз, моншаға кезігесіз. Жалпы жергілікті кәсіпкерлер қызмет көрсету саласына қарай әбден бет бұрып алған. Әлбетте, бұл жаман емес. Десек те, өндірістік бағытты да қалыс қалдырмау керек. Мысалы, ауданда 81 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар. Қой мен ешкінің саны 120 мыңнан асып жығылады. 1500 түйе, 25 мыңнан жоғары жылқы өсіріп отырмыз. Ал терісі қайда? Өкінішке қарай малдың терісін өртеп, қоқыста тастауға мәжбүрміз. Себебі ауданда оны қабылдайтын белгілі бір нүкте жоқ. Бар болғанның өзінде терінің құны ол жерге апарған шығынды да ақтамайтыны белгілі. Осыншама малы бар ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығыңыздар демейміз. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түліктің терісін жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасы артар ма еді?! Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі керек-ақ. 

ТҮЙІН: Статистикаға сүйенсек, еліміз жылына 40 мың тонна жүн өндіреді, бірақ оның тек 20 пайызы ғана қайта өңделеді. Сондай-ақ 2022 жылы 3,4 млн терінің тек 22 пайызы қайта өңделген. Бір қуантарлығы, бұл мәселе ел көлемінде көтеріле бастады. Лайым, мәселе қаралып, мақсатсыз қалмайды деп сенеміз. Ұзын сөздің қысқасы, дайынды сырттан тасымай, өзіміздегі барды оңтайлы пайдаланайықшы...

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ 
Фото: aikyn.kz 
01 ақпан 2024 ж. 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031