Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдықтан неге таппаймыз теңге?

Қалдықтан неге таппаймыз теңге?


Жаһандану заманының ең күрделі мәселесі – қоқыс қалдығы. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзін дүр сілкіндіріп отыр. Себебі тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар адам өміріне орасан зиян келтіреді. Тіпті оны өртесе де, жерге көмсе де, сорттаса да әлі күнге дейін адам баласына төндіретін қаупі азайған жоқ. Деректерге сүйенсек, дүниежүзінде әр тұрғын шамамен жылына 300 кг жуық қоқыс шығарады. Ал бұл есепке зауыттар мен фабрикалардан шығатын қоқысты және қоғамдық жерлерде пайда болатын қалдықтарды қосып, есептей беріңіз. Жә, дүниежүзіндегі деректі қозғап болсақ, өзіміздің елде жылына қанша қоқыс шығатынын талқылап көрелік. Ақпараттық агенттіктердің мәліметтеріне сенсек, Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жиналып, соның ішінде қағаз, картон өнімдері, металл, пластик, тамақ қалдықтары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқты қалдықтар, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық және басқа да күнделікті өмірде қолданатын заттардың қалдығы шығады. Бұлардың әрқайсысы топыраққа және ауаға, су мен адамның тыныс алуына зардабын тигізері мәлім. Бұдан бөлек, буып-түю секілді заттардың сыртқы орама қаптары да тау болып үйіліп жатқан қоқыстың бір бөлшегін қүрап отыр. Сол себепті тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді бүгінгі күннің басты тақырыбы ретінде жазсақ айып болмас.

Жалпы тұрмыстық өмірде біз қанша зат қолдансақ, сонша қоқыс шығатыны белгілі. Қоқыс шығармау үшін өмір бойы ештеңе пайдаланбай да жүре алмаймыз. Өмір сүрген соң міндетті түрде шығын шығады. Алайда сол қоқысты да тиімді пайдаланып, қоршаған ортаны ластамаудың амалын қарастырған жөн. Осы уақытқа дейін тұрмыстық қалдықтар өртеліп я болмаса жерге көміліп келгенін жоғарыда айттық. Алайда мұндай зиянды қалдықтарды бұлай тастаудың екі жолы да тиімсіз екеніне ғалымдардың көзі жетіп отыр. Сондықтан 2019 жылы елімізде пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз салуға тыйым салынды. Осы жылғы дерек бойынша елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 пайызға артқан екен. Алайда республика аумағындағы 20-дан астам қоқыс полигоны 125 млн тонна коммуналдық қалдыққа толып қалған. Оның үстіне қарапайым тұрғындар да қоқысты сұрыптап салуға немқұрайлы қарап жатады. Кейде қағаз бен әйнекті, пластмасса мен тамақ қалдығын бір жәшікке тастап жатқанын көзіміз де көрген кездер болған. Сондықтан бүгінгі күні қалдықтардан құтылудың бірден бірі жолы – оны қайтадан өңдеу.

Әрине, құлаққа түрпідей тисе де бұл кәсіп бірталай адамға пайдасын тигізері сөзсіз. Ең біріншіден, адамдарды жұмыспен қамтып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына мұрындық болса, екіншіден, бейберекет шашылған қалдықтармен қоршаған ортаны ластаудың алдын алады. Еуропаның Германия, Аустрия, Швеция және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі негізгі үш бағытына сүйенсек, аталған өнімнің құнды компоненттерін қайталама шикізат ретінде қолдануға және қайта өңдеуге болады. Себебі бір рет қолданылған кейбір заттар қайтадан өңдеуге жарап жатады. Мысалы, қағаз қалдықтары, консервіленген және алюминий құтылары, пластмасса мен шыны бөтелкелерді қайталама энергетикалық ресурстар ретінде пайдалануға болады. Оның барлығын алдын ала залалсыздандырып, белгіленген табиғатты қорғау нормалары мен ережелерге сәйкес қалдықтарды полигонға жеткізеді. Нәтижесінде, біріншіден, қалдықтың 40-60 пайызы қайталама материалдық ресурстар ретінде қолданылса, екіншіден, 25-35 пайызы энергияны кәдеге жарату арқылы жағылып, оның 20 пайыздан астамы көміледі. Яғни тұрмыстық қалдықтардың кем дегенде 50 пайызы қайталама материал ретінде іске асырылып келеді. Өкінішке қарай, мұндай қайта өңдеу нәтижелері біздің елімізде кездеспейді. Әңгіменің әлқиссасында айтып кеткендей біздің елде тіпті қалдықтар сұрыпталмайды. Еуропа елдерінде тұрмыстық қалдықтардың әр жәшікке салынуы қатаң қадағаланады.

Тіпті бұл туралы сарапшы Ерлан Каримов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұқбатында былай деп пікір білдіреді: «Бүгінгі таңда елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 3005 полигоны бар, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетіні тек – 635 полигон. Бұл жерлерде 125 млн тонна қатты-тұрмыстық және қауіпті қалдықтар жинақталған. Оларды қайта өңдеу де, жою да мүмкін емес, өйткені аймақтарда қоқысты қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Жыл сайын өткізілетін ғарыштық мониторингтің нәтижесінде мыңдаған заңсыз полигон анықталды». Осындай мәліметтерге қарап, мүмкін қалдықтан пайда табуды ең бірінші өзімізден бастау керек па деген ойға да қаламыз. Себебі сұрыпталып салынған қоқыс жұмысты жеңілдетеді. Бұдан бөлек, жасыл экономикаға қатысты жастарды ынталандыратын бірнеше жобалар ұйымдастырылса да артық етпейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданымызда «Zhas project» бағдарламасының негізінде өңір жастары «Green plastic» жобасы арқылы тың дүниелерді іске асырған болатын. Мәселен, Бақытжан Ыбрашев пластмасса бөтелкелерді қайта өңдеу жұмысын қолға алып, нәтижесінде еден мен қабырғаға төсеуге болатын арнайы плиткаларды шығарған. Ол үшін арнайы бөтелке пішініне ұқсас қоқыс жәшігін орнатып, қоқыс арасынан тіпті пластмасса бөтелкелерді жинауына тура келген. Осындай тынымсыз еңбегінің арқасында тұрмыстық қалдықты өңдеп, қарапайым ғана бөтелкеге екінші өмір сыйлады. Ал ол оған шабыт берген «Zhas project» бағдарламасы. Осы сияқты ауданда білікті жастар жетерлік.

Тек оларға қаржылай қолдау білдіретін жобалар керек-ақ. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін халықпыз. Осындайда әлемдік деңгейге шығып, дамудың даңғыл жолына түскен алпауыт мемлекеттерді айтпай кетпесек болмас. Мәселен, Жапонияда аралды кеңейту және әуежайлар сияқты ірі нысандарды, тіпті Осака қаласындағы EXPO-2025 нысандарын салу үшін қалдықтардан брикеттер шығарған. Швеция өз зауыттарының жұмысын қамтамасыз ету үшін көрші елдерден қоқыс иморттауға мәжбүр. Аустрияда жергілікті тұрғындар қоқыс жағу зауыттарының жанынан тұрғын үй сатып алуға тырысады, өйткені үй жеңілдетілген негізде жылу мен энергиямен қамтамасыз етіледі. Германияда Ганновер қоқыс электр стансасы 280 мың тонна қалдықтары жағып, 53 мың үй шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету үшін 170 000 МВт сағат электр энергиясын өндіреді. «Айта, айта Алтайды. Жамал апам қартайды» демекші, қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі бүгін ғана басталған жоқ. Ол жылдар бойы газет бетінде де, әлеуметтік маңызы бар басқосуларда да талқыланып келеді. Алайда, аузын айға білеген басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің еліміз көштің соңында келе жатқанын кімнен жасырамыз? Хош, бірекі жылда қалдықты қайта өңдеп, жапырып теңге таппай-ақ қоялық. Тым болмаса қоқысты сұрыптау салуды санамызға сіңірейікші. «Тамшы тама-тама тас жарады» дегендей, біз де барабара қалдықтарға жаңа өмір сыйлап, сол арқылы экономиканы да, экологияны да гүлдендірерміз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
Фото: egemen.kz

30 қаңтар 2024 ж. 376 0