Қоқыста да пайда бар
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық шығарылады. Бірақ оның аз бөлігі ғана өңделеді. Мысалы, әрбір қазақстандық жылына шамамен 280-330 мың келі қалдық қалдырады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі полигондарда, қоқыс алаңдарында жиналады. Олардың 97%-і қоршаған ортаны қорғау заңының талаптарына сай келмейді. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың кезек күттірмейтінін мәселеге айналып тұрғанынан хабар береді.
Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырып отырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.
Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырып отырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.
Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, өндірістік қалдықтар өз алдына, тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті екен. Яғни әйнекті әйнек, қағазды қағаз, пластикті пластик төгетін жәшікке бөлек салады. Нәтижесінде әйнек сауыттардың 90 проценті, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңделеді. Ал біздің елімізде ше? Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталмақ түгілі, оның 15 проценті ғана өңделіп, пайдаға жарайды. Сондықтан қоқысты кәдеге жаратушы осындай кәсіпорындар қалалар да ғана емес, ауылды мекендерде де жұмыс істесе бұл мәселені шешуге болады.
Жұрт қазір мемлекеттен кәсіпкерлік бағытында беріліп жатқан жеңілдікті пайдалануға құлықты. Бірақ көпшілігінің бизнес-жоспары мал бордақылау, сұлулық салонын ашу секілді онсыз да ауданда көп кәсіптің төңірегінен әрі аса алмай келеді. Бастысы жеңілдікті жібермей, қаржыны қармап қалса болғаны. Одан кейін кәсібі дөңгелеп кетсе бір жөн. Бірақ дені аяғынан тұра алмай, мемлекет берген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай жатады. Осындайда неге өңірде тапшы, тың кәсіппен айналысып, шаруасын шалқытпасқа деген ойға қаласың.
Мәселен, қоқысты қайта өңдеу саласы. Бұл тұрғыда елде санаулы ғана кәсіпорын жұмыс жасайды. Олардың өзі бүкіл Қазақстандағы қоқысты сұрыптауға қауқарсыз. Сондықтан бұл салаға инвестиция көптеп қажет. Мысалы, жақында осы бағытта Қызылордада шыны зауыты ашылды. Ал аудандарда қажетсіз қалдықтарды қабылдайтын жеке адамдар ғана бар. Оған да тәубә демеске лаж жоқ. Соның бірі – кент тұрғыны Айжамал Айтпенбетова есімді кәсіп иесі. Ол кісі қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы қайта өңдеу зауытына өткізуді жолға қойыпты.
– Тіршілік барда, қоқыс еш уақытта таусылмайды. Үш жылдан бері қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Макулатура, бөтелке, шыны, баклажка, полиэтилен пакеттер, пластик қалдықтары, картон қағаздары, малдың жүні мен терісін жинап, сұрыптаймыз.
Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Адамдар тұрмыстық қалдықтарын өртеп, ауаны ластағанша, бізге өткізсе дейміз. Сонда ауа да таза, қалдық та қайта өңделіп іске асатын еді. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Меніңше тұрғындарға ақпарат жетіспей жатқан секілді, – дейді кәсіп иесі.
Бір өкініштісі, кәсіпкерге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Егер сәл субсидия немесе бір демеу болса онда жұмыс еселеніп, әжептеуір нәпақа табар едік дейді. Бір жағынан, тұрғындар да толық үйренеді.
– Мен үнемі өз ұсынысымды айтып жүрмін. Бізге қолдау көрсетсе, біраз мәселенің шешімі табылар еді. Меніңше, жаһан жұртының алдында екі мәселе тұр. Біріншісі, ауызсу, екіншісі, тазалық мәселесі. Сондықтан бүгіннен тазалыққа мән берген жөн, – дейді ол.
Әлем елдеріндегі тәжірибе
Осы тұста әлем елдерінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін зерделеп көрген едік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, дамыған елдерде жерде жатқан қоқыстар әжептеуір табыс көзі саналады. Әсіресе, қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары кәдеге жарамды әрі сұраныста екен. Мәселен, Финляндия қалдық заттарды өңдеу бойынша әлемде көш бастап тұр. Онда «қалдықтар иерархиясы» деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес көзіне айналған. Пекинде қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды. Бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Францияда қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 процент аллюминий, 50 процент әйнек, 50 процент газет қағазын өндіреді екен.
Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да поллиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір супермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады. Мысалы, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі ағаш пен темір жәшіктерден пластиктен жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полиэтиленген пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде. Мұның бәрі түптеп келгенде қоршаған ортадағы тепе-теңдік заңдылығын сақтап, әлемді экологиялық апаттан қорғап, адам денсаулығына оң әсерін тигізері анық.
Міне, өзге елдерге қарап көз сүйсінеді. Ал бізде керісінше қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. Оның арасында немкетті қарап, жәшікке жеткізбей «күл болмасаң бүл бол» деп тастай салатынымыз да бар. Қоқыс жәшігі түгілі балаларға арналған ойын тербелгішін бір айдан кейін-ақ қиратып кеткендерді көзіміз көріп жүр. Содан болар, тазаланған аймақ қайта қоқысқа толып, еңбекті еш ететіні.
Түйінін айтсақ, қатты қалдықтармен қоғамды ластағанша, жиып-теріп, өткізіп отырсақ, қаражатқа айналып шыға келеді, бастысы аулаңызға жинап, Айжамал апайдың кәсіпорнына хабар берсеңіз болғаны. Әрі кәсіпкердің ісіне демеу бергеніміз болар еді. Ал мемлекеттен берілетін көмекті құзырлы органға қалдырайық.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ