Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫПША БЕЛ БОЛУ ҚИЫН БА?

ҚЫПША БЕЛ БОЛУ ҚИЫН БА?


Арықтауға арулар құмар-ақ Иә, сұлулық үшін не істемейміз? Бәріміздің қолымыздан жасап алсақ та әйтеуір әдемі көрінгіміз келеді. Әсіресе, қыпша бел болу үшін барымызды саламыз. Біріміз жаттығу жасап, спорт залға барсақ, енді біріміз түрлі дәрідәрмектер ішіп арықтаудың амалына көшеміз. Ал одан нәтиже бермегендері амалдың жоғынан ота жасатып, денедегі артық майдан арылады. Ал бұлардың зияны жайлы білеміз бе?

«Әдемі болмасаң айнаға өкпелеме» дейді қазақ. Бұл сөзді бұрынғылар жиі қолданғанымен, бүгінгілерге әсер етіп жатқаны шамалы. Өйткені қазір заман дамыған. Озық технологияның дәуірі жүріп тұр. Ақшаң болса сұлулықты сатып алуға болады. Бүгінде сұлулық салондары мен косметологиялық орталықтар кескін-келбетіңізді өзгертіп беруге қауқарлы. Ерінің ұнамаса үлкейтуге, мұрның ұнамаса кішірейтуге болады. Қаласаңыз блефоропластикаға дейін жасатып, ажырыңызды айшықтай аласыз. Тіпті қарныңыздағы артық майды да арнайы процедураның көмегімен сылып тастауыңызға жағдай жасалған. Бірақ мұндай хирургияның түрі елімізге енді жеткендіктен, адам өмірі үшін әлі де қауіпті. Дегенмен салмағына көңілі толмайтындар үшін бұл процедура таптырмас тәсіл саналады. Бүгінде қанша жерден бұл процедураның қауіптілігін айтқанымен, қатерге бас тігуге ұмтылатындар көп. Ал қарындағы майды аппараттың көмегімен алдыруға қорқатындар, арықтауға арналған дәрілерді жиі қолданады. Алайда мұның оданда үлкен қауіп туғызатынын ешкім аңғармайды. Себебі мұндай препараттардың жарнамасы жер жарып тұр. Саудасы қызып, жер жаһанды жайлап тұрған қаптамадағы дәрілердің адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білмесеңіз айтайық. Соңғы 4-5 жылдықта елімізге келетін мұндай өнімдердің 70 проценті жалған сертификатталған өнім болып саналады. Яғни жалған құжат болуы әбден мүмкін. Сондықтан дәріні сатып аларда нұсқаулығы мен құжаттарына мұқият назар аударғаныңыз абзал. Қазіргі таңда дүкендерде «black latte, qyat 7, detox» сынды өнімдер сатылымда. Бұл өнімдердің сапалы және сапасыз түрі болады. Сапасыз түрі көбінесе Қытайда жасалатын болғандықтан, оған түрлі зиянды заттар қосылады. Ал құрамы сапасыз өнімнің адам өміріне аса қауіпті екенін есіңізден шығармағаныңыз абзал. Тарих қойнауын ақтаратын болсақ, арықтауға арналған дәрілер сонау 1800 жылдары қолданысқа енген. Ал артық майды кетіретін жақпа майлар 1930 жылы Францияда жасалған. Құрамында хлор мен бром бар радиоактивті бұл майлардың адам баласына тигізген пайдасы зор болғанымен, денені қызартып, түрлі ауруларға алып келген. Кейіннен Германия мемлекеті де сұлулықтың жолында түрлі қадамдар жасаған. Сылқымдар жүзі нұрланып, әдемі болу үшін, күшәләны «мыщьяк» да ішкен. Бірақ бұл да бір есірткінің түрі болғандықтан, оны мүлде қою мүмкін емес. Германия елінің сұлулары осы күшәләні ішіп, айтарлықтай арықтаған. Алайда мұны қолданғандардың дені 35 пен 40 жас аралығына дейін ғана өмір сүрген. Себебі күшәләның құрамындағы заттар ерте өлімнің басты себебіне айналған. Елімізде соңғы жылдары арықтауға арналған дәрілерден бөлек, түрлі кофелер сатылымға енген. Олар адам салмағын тұрақты етіп, арықтатады-мыс. Керек десеңіз, денсаулығыңызға пайдасы бар дейді сатушылар. Бірақ бұл жай ғана сауданың көзі секілді. Әрине бәріне бірдей күйе жағып, харамға жатқызудан аулақпыз. Дәрілік заттың пайдалылары да бар. Тек көпшіліктің назарын аударту үшін дене мүшелеріне өзгеріс енгізетіндердің ісін мүлдем құптауға болмайды. Бүгінгі таңда елімізде сұлулық үшін түрлі құрбандыққа баратындардың қатары артқанымен, олардың қауіпті екендігін, сәл ғана қателіктің құны орасан болатынын халыққа, әсіресе жастар қауымына көбірек айту міндетті. Себебі елімізде арықтайтын дәрі ішіп, ажал құшып жатқан қаракөздеріміз қаншама? Тек мүсінін сұлулау үшін ғана пластикалық ота үстеліне жататындардың әрекетін, өз денсаулықтарына өздері зиян келтіріп, бөгде көздерге көрінетіндердің ісін де құрғақ қиял қуу мен көзбояушылық демеуге амал жоқ. Қасиетті Құранда айтылғандай, бұл – шайтанның әміріне бағынушылық екені айдан анық.

Г.ӘБДІХАНИ
30 қаңтар 2024 ж. 197 0