ӨЗ БОСАҒАҢ ҚЫМБАТ ПА ӘЛДЕ ТОЙХАНА БОСАҒАСЫ МА?
Біз қазақ халқы қашанда қыз баласын ерекше қадірлегенбіз. Оны сүйікті жар, үлгілі келін, аяулы ана, ұрпақ өрбітуші ретінде жоғары бағалап, төрден орын ұсынған. Сонымен қатар ұлттың болмысын қалыптастыратын жан болғандықтан қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Дәуірлер алмасып, заман ағысы өзгерген шақта біздің ұлттық құндылықтарымыз да жаңаша сипат алды. Десек те, жаһанданамыз деп дәстүрімізді ұмытып бара жатқандаймыз.
Балиғат жасына толған соң, аялы алақанға салып мәпелеп өсірген бойжеткеннің де ұзатылар уақыты келеді. Ежелгі салт-дәстүрге сүйенсек, қызының ұядан ұзап кетуіне әу бастан дайындалып, жасауын реттеп, сәукелесін дайындаса, әкесі тойдың қамына кіріседі. Ал енді әңгіменің басты өзегін кеңінен өрбітсек.

Жаңа өмірге қадам басқалы жатқан бойжеткеннің тәрбиеленіп өскен ұясынан емес, әлдебір тойхананың босағасын аттап кете баратынына қынжыласың. Әрине әркімнің талғамы мен таңдауына байланысты ғой. Әйтсе де, қызды алып кетуге келген бас құдалар да, болашақ келіндерінің алтын босағасын көрмей, бірден тойханаға жүгіретінін қайтесіз?!
Мәселен, олар тойханаға барды. Жан-жағының бәрі даңғаза-шу, ығы-жығы адам, той бойы сағат тіліне қарап, әйтеуір шулы жерден құтылғанша асығады. Тіпті бір-біріне қарайтындай уақыт таппайды. Енді мынаны қараңыз. Күйеу бала өрекпіген достарын ертіп алып, бірге жалға алған қымбат көліктерін тойхананың жанына тақап қояды. Одан әнші мен асабаның соңғы «сау бол» сөзін күтпестей Золушкасын бүкіл ағайын-туыс, таныс, достарының көзінше, көтеріп алып кетеді. Әсілінде, мұндай дәстүр ілгеріде болған ба еді?
Қыз ұзату ертеден келе жатқан ғұрып. Екі ел арасындағы байланысты қалыптастыратын отау құруға бастар жол, жастардың алғашқы қадамы. Бұрындары қыз өзінің босағасынан аттайтын. Күйеу еліне аттанар сәтінде қыз ауылын аралайды. Содан кейін жақын-туыстарымен қоштасып, шаңырақ иелерінен ескерткіш есебінде ұсынған сыйлықтарын алып, ақ батасын алатын. Соңында ақ босағасына келіп, ата-анасымен, туыстарымен, құрбыларына «сыңсу» айтып, өзінің жаңа үйіне жеңге-қайынсіңлілерімен бірге жолға шығатын. Күйеу бала болса жанына жақындай алмай, ұялып, тек алыстан ғана бақылайтын.
ТҮЙІН: Осы ретте мен әлеуметтік желі арқылы адамдардан сауалнама жүргізген едім. Соның нәтижесінде, 90 пайыз «қыз өз босағасында аттау керек» деген тұжырымға келді. Ал 10 пайызы тойханада деген пікірлерін қалдырды. Демек, бұдан түйгеніміз, салт-дәстүріміз ұмытылмады. Тек оны дұрыстап насихаттап отыру қажет.
Расында неге қызды қайдағы бір тойхананың босағасынан ұзатып кеттік? Төрде отырған қызын қазақ қашан сырттан, ауырлау айтқанда «көшеден» ұзатып еді? Салт-дәстүрімізді оздырмау да, тоздырмау да өзімізге байланысты. Ойланайықшы...
Айнұр ИБРАШ