Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗДЫҢ ОРНЫ ТӨРДЕ

ҚЫЗДЫҢ ОРНЫ ТӨРДЕ

Қазақ халқы қыз бала дүниеге келсе жақсылықтың нышаны, бейбітшілік, тыныш заман болады деп жақсылыққа жорыған. Қызға асқан құрмет танытып, əрқашан сыйлы қонағындай күткен. Көптеген жыраулардың дастандары мен жырларына арқау болған да осы қазақ қыздарының тəрбиесі, өзіне тəн асыл қасиеттері еді. Халқымыз қызды құрметтеумен қоса, оған бірқатар талаптар мен тəртіптерді қоя білген.
Мысалы, «Қызды қырық үйден тыю» – деп, қыз тəрбиесіне аса көп көңіл бөліп, ата-ана əрқашан жауапкершілікті сезінген. Көшпелі, аумалы-төкпелі заманның өзінде де бабаларымыз қыз тəрбиесі мен абыройын жоғары қойып, оны арнайы күймеге отырғызып, жатын орнын да бөлек шымылдықпен бөліп, қорғай білген.
«Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп əрқашан бойжеткеннің тəрбие көргендігін бірінші орынға қойып отырған.
Бүгінде біз сол асыл бабалардың ұрпақтарымыз. Еліміз тəуелсіздікке қол жеткізіп, қайта елдігімізді қолға алып, жаңа ғасырға аяқ басып жатқан жайымыз бар. Жаратқанға мыңда бір шүкір, жоғалғанымыз түгенделіп, үзілгеніміз қайта жалғанып, қайта өрлеу заманына өттік. Десек те бүгінгі күні діни тəрбиенің ата-баба салып кеткен дара жол мен салт-дəстүрімізден сəл де болса жырақ қалудың зардабы əр жерден өз қарасын көрсетуде. Мәселен, қазақта «Қыз баланы төрге шығару керек» деп жатады. Неліктен олай дегенде, «Қыз – қонақ», «Қыз – жат жұрттық» деп қысқа қайыра салатын әдетіміз бар. Себебі, оның неліктен екенін көбіміз біле бермейміз. Осы орайда мына бір аңызды назарларыңызға ұсынғымыз келеді.
Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәси¬ла деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі. Нұх дас¬тарқан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарқан басында отырып:
– Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Сонда Нұх пайғамбар:
– Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарқаннан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті. Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызыңды төрге отырғыз», «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан екен.
Елі, рулы қауымы жат жұрттық саналатын қызды оң жаққа төрге отырғызып еркелеткен, намысын қорғап, арының аяқасты болмауын қадағалаған. Бойжеткенге отбасының ұйытқысы болатын болашақ асыл жар, ұрпақ тәрбиелейтін ертеңгі ана деп қараған. Сондықтан, қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөліп, оның бойына өнегелі қасиеттерді дарытуды ұлттық парыз деп санаған. Бойжеткенді жұрты түгел мәпелеп өсіріп, жақ¬сы тәрбиеге баулыған. Сол себепті ата-салтымыздан жырақтамай қашанда аяулы қыздарымыздың арын қорғап, төрден төмен түсірмейік. Сонда Жаратқанның қалауымен абыройымыз да, ырзық-несібеміз де еселене түсер.
23 қараша 2022 ж. 468 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930