Қазақтың атын шығарған қазанат
Жақында біріккен Араб әмірлігінің Дубай шаһарындағы Мейдан ипподромында әлемнің ең мықты ұшқыр аттарының жарысы өткен болатын. Сол аламан додаға Батыс Қазақстан облысынан Тілек Мұханбетқалиевтың «Қабірхан» атты тұлпары 2000 метрлік жарыста ұлы көштің басын бастап келді. Осылайша шашасына шаң жұқпаған сәйгүлік әлем елдерінің алдында бәсімізді биікке шығарды.
Қазақ халқы үшін жылқы жеті қазынаның бірі. Мұның себебі белгілі. Өйткені шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті қалың жаудан бабаларымыз жылқы «күйімен» қорғаған. Даңғайыр дархан даланың төсінде жүген тартып, тұлпар тізгіндеген халықтың бойында сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі ерекше. Ат құлағында ойнап, тұлпардың жайын білген қазақ үшін әлемдік дүбірлі додада оза шауып, бас бәйгенің басынан көрінуі де бекер емес. Иә, футболдан шаң шығарып, доп теуіп, әлемдік чемпионаттарда көш бастамасақ та, қанымызда бар асыл құндылықты дәріптеп, қазақ баласын ат үстіне қондырып, осы спорт түрін әлі де нықтап қолға алсақ, ел мерейі үстем болары ақиқат.
Қазақ халқы үшін жылқы жеті қазынаның бірі. Мұның себебі белгілі. Өйткені шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті қалың жаудан бабаларымыз жылқы «күйімен» қорғаған. Даңғайыр дархан даланың төсінде жүген тартып, тұлпар тізгіндеген халықтың бойында сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі ерекше. Ат құлағында ойнап, тұлпардың жайын білген қазақ үшін әлемдік дүбірлі додада оза шауып, бас бәйгенің басынан көрінуі де бекер емес. Иә, футболдан шаң шығарып, доп теуіп, әлемдік чемпионаттарда көш бастамасақ та, қанымызда бар асыл құндылықты дәріптеп, қазақ баласын ат үстіне қондырып, осы спорт түрін әлі де нықтап қолға алсақ, ел мерейі үстем болары ақиқат.
Қазақ елінің ат спортына деген көзқарасын бүкіл елге паш еткен текті тұлпар туған жерге осылайша оралды. Оларды Астана халықаралық әуежайында туыстары мен Бәйге федерациясының өкілдері, атбегілер мен журналисттер күтіп алған болатын. Сонда ат спорты федерациясының атқарушы директоры Алтай Беймен бұл жеңіс қазақстандық атбегілерге жігер беретінін атап өтті.
– Al Maktoum Challenge бәйгесінің бірінші кезеңінде жеңімпаз атану – зор қуаныш. Біз ұшқыр бәйгеде әлемдегі үздік мемлекеттермен текетіресетіндей деңгей көрсете аламыз. Осы жеңіс алғашқы қадамның бірі деп ойлаймын.
Себебі Қазақстанның ат спорты тарихында мұндай жеңіс бірінші рет болып тұр. Халықаралық беделді жарыста «Қабірхан» атты тұлпар бірінші келіп, қазақтың көк туын желбіретті. Осылайша, Тілек Мұхамметқалиевтің жеңісі көпшіліктің алдына биік мақсат қойып, соған қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Бұл еліміздегі көптеген атбегіге жігер береді деп сенеміз, – деді.
Дубайдағы бәйгенің бірінші кезеңінде жеңіске жеткені үшін «Қабірхан» атты тұлпарға 15 млн теңге берілді. Тілек Мұхамметқалиев Дубайдағы жеңіс маңызды қадамның бір бөлігі екенін айтты.
– Бұл жеңісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кабирханның көптеген жанкүйері бар: Қазақстан, Ресей, АҚШ және Еуропа. Бәрі құттықтап жатыр. Мұндай тұлпар жүз жылда бір рет туылады. Баптаған тұлпарымыз беделді жарыста еліміздің намысын қорғап, қазақ елінің атын шығарып жатыр. Бұл – халықтың жеңісі. Ендігі кезекте 26 қаңтарда тұлпарымыз бабында болса, ол Al Maktoum Challenge жарысының екінші кезеңіне қатысады. Мұнда асыл тұқымды ағылшын тұлпарлары жарысады. Қазіргі уақытта осы маңызды бәйгеге дайындалып жатырмыз. Оның жүлде қоры – 1 млн доллар болып бекітілген. Алдағы күндері алдымызда жарысты күндер тұр. Осы айтулы күні сүйгүлік ұлы көштің басынан көрінеді деген сенімдеміз, – деді.
Тұлпар жайы тұраламасын
Иә, тұлпардың да, адамның да жеңісі еліміз үшін өте маңызды. Себебі көк туымызды желбіретіп, еліміздің атын шығару кімге болса да абырой. Осы сенім үдесінен шығып жүрген жандардың еңбегі қашанда ерен. Қазақта «Азаматтың бір қанаты – Қазанат» деп жатады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қазіргі уақытта көп азаматтарымыз аттан түсіп, бойындағы қайсарлықтан айырылып бара жатыр. Олай дейтініміз, бұрын ат құлағында ойнаған қазақ баласы, қазір айфонның құлағында ойнайды. Біздің ұлтшылдығымыз бен құндылығымыз да осы тұлпарға сайып келеді. Өйткені сонау ескі замандағы ашаршылық кезінде қазақ аттан айырылды да қанаты қайырылды. Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген сөз астарында, тұлпар мініп, ту ұстаған рухы мықты халыққа табиғаттан дарыған еркін мінезді меңзесе керек-ті. Қазір көбінде бозекпе, босбелбеу, ынжықтау болатынының бір себебі – ат үстіне үзеңгі артпағандықтан емес пе? Әр қазақ баласының бір қанаты – қазанат болса, қанатынан айырылған қазақтарды не дейміз?
Дархан Байтілес