Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұндай тұлпар 100 жылда бір рет туады

Мұндай тұлпар 100 жылда бір рет туады


Фото: Halyq Uni, Dubai Racing Club

12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен беделді бәйгеде қазақстандық Кабирхан атты тұлпар жеңіске жетті. Бүгін Қазақстанның ат спорты өкілдері мен дүлдүлдің иесі елге оралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оларды Астана халықаралық әуежайында туыстары мен Бәйге федерациясының өкілдері, атбегілер күтіп алды.

Аталған федерациясының атқарушы директоры Алтай Беймен бұл жеңіс қазақстандық атбегілерге жігер беретінін атап өтті.

Al Maktoum Challenge бәйгесінің бірінші кезеңінде жеңімпаз атану – зор қуаныш. Біз ұшқыр бәйгеде әлемдегі үздік мемлекеттермен текетіресетіндей деңгей көрсете аламыз. Осы жеңіс алғашқы қадамның бірі деп ойлаймын. Себебі, Қазақстанның ат спорты тарихында мұндай жеңіс бірінші рет болып тұр. Халықаралық беделді жарыста Кабирхан атты тұлпар бірінші келіп, қазақтың көк туын желбіретті. Осылайша, Тілек Мұхамметқалиев мұндай биік мақсат қоюға болатынын көрсетті. Бұл еліміздегі көптеген атбегіге мотивация береді деп сенеміз, - деді басшы.

Кабирханның қожайыны Дубайдағы жеңіс маңызды қадамның бір бөлігі екенін жеткізді.

Бұл жеңісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кабирханның көптеген жанкүйері бар: Қазақстан, Ресей, АҚШ және Еуропа. Бәрі құттықтап жатыр. Мұндай тұлпар жүз жылда бір рет туады. Кабирхан тұлпарымыз беделді жарыста еліміздің намысын қорғап, қазақ елінің атын шығарып жатыр. Бұл – халықтың жеңісі, - деді ол.

Оның айтуынша, Дубайдағы бәйгенің бірінші кезеңінде жеңіске жеткені үшін Кабирханға 126 мың дирхам (15 млн 477 мың 202,79 теңге, 1 дирхам – 122,83 теңге) берілген.

Енді 26 қаңтарда тұлпарымыз бабында болса, ол Al Maktoum Challenge жарысының екінші кезеңіне қатысады. Мұнда асыл тұқымды ағылшын тұлпарлары жарысады. Осы маңызды бәйгеге дайындалып жатырмыз. Оның жүлде қоры – 1 млн доллар (451 млн 160 мың 500 теңге, 1 доллар – 451,16 теңге), - деді Тілек Мұхамметқалиев.

Атбегі бұл бәйге де тұлпар үшін маңызды екенін айтты.

Биыл 30 наурызда Dubai World Cup бәйгесі өтеді. Оның жүлдеқоры – 12 млн доллар (5 млрд 413 млн 926 мың теңге), ал бірінші орынға 7 млн 200 мың доллар (3 млрд 248 млн 355 мың 600 теңге) беріледі. Біз 26 қаңтардағы жарыста жеңіске жетсек, осы бәйгенің финалына қатыса аламыз, - деді ол.

Еске салайық, биыл 12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен Al Maktoum Challenge-нің  бірінші кезеңінде қазақстандық Кабирхан атты тұлпар жеңіске жеткен еді.

Бәйгеге 13 дүлдүл қатысты. Шабандоз Пэт Доббс мінген Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесті. Тұлпардың жанкүйерлері жеңіске жеткен видеоны әлеуметтік желілерге жариялады.
15 қаңтар 2024 ж. 258 0