ҚАЙ КӨШЕ МЫҚТЫ?
Дана халқымыз «Бірлік болмай тірлік болмас» деген тәмсіл сөзді бекер айтпаған. Біле білсек, береке қай жерге орнаса, дәл сол жерде құт пен ырыс қонақтайтыны рас. Ал мұндай елдің де, жердің де дамуы жылдам, тірлігі де тындырымды. Біз осы ретте біртұтас ауылдың татулығы мен ынтымағы жайында айтқымыз келіп отыр. Кез келгеніміздің «ауыл» десе делебеміз қозып, аңсап тұратынымыз айтпаса да белгілі. Өйткені ауылды еске алғанда көздің жауын алатын тұмса табиғат, ақыл айтқан ізетпен дариялы қариялар мен ине-жібі қолында, ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбайтын ақ жаулықты әжелер санаңа оралады да тұрады. Мінекей, осындай сәтті көріністерді – Алғабас ауылынан тамашаладық.
Қаңтар айының 12 жұлдызында Алғабас ауылына жол тарттық. Жуантөбе ауылдық округ әкімдігінің қолдауымен, мәдениет үйінің ұйымдастыруымен көшелер сайысында қонақта болдық. «Менің көшем мықтылардың мекені» деп аталатын жүйріктер қатысқан байқау өте жоғары деңгейде өтті. Негізгі мақсаты – ауылдың бекем бірлігі мен көшенің тыныс-тіршілігін насихаттау болса, ауыл халқының есінде каларлықтай іс-шара болды десек қателеспейміз.
Қаңтар айының 12 жұлдызында Алғабас ауылына жол тарттық. Жуантөбе ауылдық округ әкімдігінің қолдауымен, мәдениет үйінің ұйымдастыруымен көшелер сайысында қонақта болдық. «Менің көшем мықтылардың мекені» деп аталатын жүйріктер қатысқан байқау өте жоғары деңгейде өтті. Негізгі мақсаты – ауылдың бекем бірлігі мен көшенің тыныс-тіршілігін насихаттау болса, ауыл халқының есінде каларлықтай іс-шара болды десек қателеспейміз.
Іс-шараның барысын жас айтыскер ақын – Еламан Кенжеш қазақтың күмбірлеген домбырасымен сайыс қатысушыларына сәттілік тілеп, арнаумен ашты. Содан кейін сөз Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Азамат Есімовке ұсынылып, үміткерлерге жылы лебізін білдірді.
– Қайырлы күн, ағайын! Алдымен ауылдың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосып келе жатқан үлестеріңіз алғысымды білдіргім келеді. Берекелі де баянды бірлігіміз арта берсін. Ауылымыз алға жылжып, көркейе түссін. Баршаңызға зор денсаулық, әр отбасына амандық пен игілік тілеймін. Ал сайысқа қатысушыларға тек ғана сәттілік серіктеріңіз болсын демекпін, – деді. Айта кетейік, тағылымы мол шараның тізгінін кештің ұйымдастырушысы, ҚР мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы, айтыскер ақын, сатирик, Кенжебай Жүсіп жүргізіп отырды.
Аталған жүйрік додада «Жамбыл Жабаев», «Амангелді Иманов», «Әзімхан Исмайлов», «Абай Құнанбаев», «Шынболат Ділдебаев» көшелері бағын сынады. Арнайы ережелерімен танысып, талаптарды орындады. Атап айтсақ, «Көше кімнің атында?», «Біздің көшенің бишісі», «Көшенің жас келіні таң қалдырады», «Көшенің тұрғындары хормен ән салады», «Топ басшысы ауыл жайлы екі сұрақтан жасырады» және «Шыда балуан» атты кезеңдер бойынша сыңға түсті. Нәтижесінде бас жүлдені Ж.Жабаев көшесі жеңіп алса, 1 орынды Ш.Ділдебаев, 2 орынды А.Иманов пен А.Құнанбаев көшесі лайықты деп танылса, ал 3 орын Ә.Исмайлов көшесіне бұйырды. Сайыстың қызықты өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік көрсеткен «Берекелі» шаруа қожалығының төрағасы Орынбасар Балтаев және Жуантөбе ауылдық округ әкімі Азамат Есімов пен халық қалаулысы «Жер жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Асхат Ермахановты ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінің директоры Үсен Ахметов те өз қолдауын білдіріп, сайыскерлерге ізгі тілегін жеткізді.
Жарыстан түйгеніміз де, көргеніміз де көп болды. Мәселен, бір ауылдан бес көшенің өнерпаздары, спортшылары, келіндері шығып, көшелерінің намысын қорғап шыққанымен, бәрі мықтыны мықты деп, ауызбіршілігі барын көрсетіп, бір-бірінің жетістігіне қуанып жатты. Демек, мұндай сайыстар бұл ауылда жиі өтетіндігінің нақты дәлелі. Үлкенді тыңдау, құрмет көрсету деген ізгі қасиеттерді байқадық.
Тағы бір айта кететін жайт, көрерменннің көп болғаны соншалықты, ауыл халқы залға сыймай қалды. Яғни, қолдаушылар санын айтып жеткізе алмаймыз. Сол мезетте ақпараттар алып тұрғанымызда халықтың кішкене ұсынысы айтылды. Халықтың саны жылдан-жылға еселеніп артып келе жатыр. Енді халықтың көптігіне байланысты мәдениет үйіндегі 200 орындық ауыл тұрғындарына аздық қылады екен. Бұл дегеніміз ауылға мүмкіндігі болса 250-300 орындығы бар мәдениет үйі салынса деген халықтың өтініші бар еді. Расында, мәдениет – ұлт мәйегі емес пе? Өнердің өнегелі ордасы саналатын мәдениет үйлеріне бір сәт назар аударсақ, нұр үстіне нұр болар еді дес-ті.
«Бақ қайда барасың десе, бірлігі мен ынтымағы бар елге барамын» деген екен. Оған дәлел біз әңгімеге арқау еткен Алғабас ауылы. Қазақы қаймағы бұзылмаған, дәстүрдің озығы мен тозығын теңдей дәріптейтін бірлігі бекем ауылдың ұйымшылдығы басқаларға үлгі етуге әбден лайық. Тентегін тезге салатын ақсақалы бар, келінін келісті етер кейуанасы бар қазыналы елдің бір байлығы болса ол – балталаса да бұзылмайтын татулығы. Ал біз ауылдың бірлігіне риза болып, Алғабас ауылын артқа тастап, ауданға қарай бағыт алдық...
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ