Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЗАРДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

БАЗАРДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Жаңа жыл қарсаңы. Қарбалас шақ. Баяғыдай абыр-сабыр. Бұл ­аудан орталығындағы «Әбдіманап» базары. Екінің бірін бейжай қалдырмайтын базардың бейберекет тірлігіне көз жеткізем десеңіздер, ал мархабат.

БАЗАРДА БӘРІ БАСҚАША
Базардың көркі самбырласа саудаласқан саудагерлер мен тұтынушылар емес пе қашаннан?! Жаңажылдық көңіл-күй әсерінің жаршысы болмаққа шырша безендіретін ойыншық сатып тұрған Майра тәтейге жақындадық. Сатушыны сұрақтың астына алып, тауарының бағасын, алушылар көп пе, жалпы жаңажылдық көңіл-күйін сұрап жатырмыз. Ол кідірместен:
– Жаңажылдық көңіл-күй туралы пәлен деп кесіп-пішіп, бірдеңе айта алмаймын. Мұнда істегеніме бірашама уақыт болды. Көріп тұрғандарыңдай, көп сатып алушы алатын кісіше аптыға баға сұрағанымен артынан жауабын алып, төмен қарап кете барады. Иә, баға расымен жоғары. Мәселен, мына бір қорап толы шырша ойыншығы 5 мың теңге тұрады. Мұнан бес жыл бұрын саудада сын жоқ еді. Әкелген тауардың түгелі өтіп кететін. Қазіргі базар бағасы өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. Тауардың барлығын сонау Алматыдан аламыз. Жеткізу құны мен орынды жалдау ақысын қосыңыз тағы. Келушілер қатары күн санап сирей түсуде. Көбіне ұсақ-түйек арзан ойыншықтар өтеді. Баға бәрінің бірдей көңілінен шықпай, ­саудаласып жатады. Бұл базар ғой не десек те?! Тауардың толық өтіп кетуі ешқашан болмайды баяғыдай. Базар тек ауылдан келген кісілерге қызық. Олар баяғы «базарда арзан, түсіріп аламыз» деп ойлайды. Олардың өзі қазір әккіленіп алған. Кім білсін біз еріккеннен екі есе баға қойып отырмағанымызды, – деді сатушы Майра тәтей.
Иә, бұлай деуінің орны бар. Жә, базардағы қызылды-жасылды көз жауын алар ойыншықтарға қарап, сатушы кейпіне еніп кеттік. Ал сауда жүрсін! Келгендердің алдымен қас-қабағына қарап тұрмыз. Көбінің қабағы қатулы. «Не іздедіңіз?» деген сұраққа еріне жауап қатады. Керегін ­тауып, бағасын біліп, теріс айналып кетіп жатыр. Дегенмен, 1 сағат та әупірімдеп бір-екі ойыншық саттық. Бірақ мұнымен «болдым-толдым» деу асығыстық болар. Тәтейге алғысымызды ­жаудырып «Әбдіманаптың» өзге дүңгіршектерін аралауға көштік.

СЫЗ ӨТІП, АЯҚ СУЛАНСА ДА ТАЙСАЛМАЙТЫН ТӘТЕЙ
Дүңгіршектер арасы жиі болғандықтан, әрқайсына бас сұғып, рұқсат сұрап келеміз. Шыршалардың бағасы түріне, сапасына қарай әр түрлі екен. Қытайдан келген кішкентай шыршалардың құны 1000 теңге болса, ресейлік сапалылары 19 мыңнан басталады. Аула еріген қар суымен көлкілдеп тұр. Кеш болса көк айна мұзға айналар арты. Алушылар да сатушылар да қабырға жағалап жүр. Анадайда дүңгіршек аузынан бір тәтей қылтың етіп, «Не іздедіңдер?» деп сұрай бастады. Тақалып бар мән-жайды баяндап, ағымыздан жарыла міндетімізді айтып түсіндірдік. Аяғына киіз пиманы гәлөшімен саптай киіп, қалың тон жамылған тәтей алғашында «журналистпіз» дегенді естіп, ренжіңкіреді. Бұған себеп жоқ емес. Көбінің назын тыңдасаң, тек «пайда жоқ» деп қорытады. Бұл кәсіптің нәсібін көрмесе пайдалы іс қарастыру керек емес пе деген сұрақ та көкейде. Бірақ оның түбегейлі сырлы ойы тек сатушылардың құпиясы болып қала бермек.
– Таңнан қара кешке дейін тұрғаным ақталмайды. Бұрынғыдай емес. Халықта ақша жоқ. Бәрінің басында несие. Тауар алса жырымдап, тиіп қашып алады. Бүгінгі халықтың жағдайы соған ғана жетеді. Жұмысқа шықсақ та, шықпасақ та жалдау құнын төлеу міндет. Ауырып-ауырып жанымыз сіріленіп алды. Дәрі ішіп алып жұмыстың басында жүреміз. Тұрған орнымыз жағдайсыз. Ең құрығанда жылытқышы болса етті. Күнімен сыртта тұрып, аяғымыз суланады. Тоңсақ та жұмыс істейміз. Біз салық төлейміз. Төлеген салықтан халықтың көрер пайдасы қайда?! 63 жаста адамдар зейнетке шығады. Ол кезде бәрі ауру-сырқау. Кейбір адамдар зейнет жасқа жете алмай жатады. Не десек те, бәрі бір бала-шағаның қамы. Тоңсақ та, жалтыраған мұзға тайсақ та бұл біздің таңдап алған жолымыз. Қартайғанда басқа кәсіп іздер мүмкіндік бар дейсің бе? Тәуекел, көндік, тайсалар жеріміз жоқ. Көппен көрейік, не көрсек те. Ал Жаңа жылға келер болсақ, бұл қазақтың мерекесі ме еді осы?! Біздің ұлттық мереке Наурыз ғой. Ешкімге наразылығым жоқ. Дегенмен, от шашу атып, шырша айнала Аяз атаға зікір салып билегеннен, наурыз көженің қатығымен сусындап, айтыс көріп, қазақы дәстүрді дәріптегенді қош көреді көңілім, – деп өзінің адами ұстанымын да білдіріп жатты Рахима тәтей.
Қарап отырсаңыз, сөзінің жаны бар. «Япырым-ау, осы біз кірме мерекені көптің көсеуімен тойлап, өзіміздің ұлттық мерекені ұмыттық па?» деген сұрақ көптің санасында жаңғыратыны анық.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
25 желтоқсан 2023 ж. 168 0