ҮЗДІК АНИМАТОР ОРТАЛЫҒЫ
Әдеттегідей қойын дәптерімді қолыма алып, орталыққа қарай бет алдым. Жан-жақтан сықырлаған дыбыстар, көліктердің гүрілдеген дауысы естіледі. Желтоқсанның ызғарлы желі мен сарышұнақ аязы да ұрып тұр. Қақаған суықта жаурасам да, сүйікті жұмысымды ұмытпадым. Жаңа ақпараттар алуға тырыстым. Сөйтіп жаяу келе жатып, көзіме ерекше бір жазу көрінді. Оң жақ қапталдағы аниматор орталығына назарым түсті. Ойланып тұрып, ішіне кіруге бел байладым. Ішінде адам лық толы. Неше түрлі мультфильм кейпіндегі бейнелерді көріп таңқалдым. Мені көрген орталықтың басшысы күлімсіреп қарсы алды.
Гүлдана Ержанқызы – үш жылдан бері балалардың көңіл-күйін шаттыққа бөлеп жүр. Негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі болса да, өзін басқа қырынан танытып кәсіп бастаған. Ең алғашқы кәсібі сұлулық салоны болса, кейіннен өзінің қызығушылығымен Шиеліде аниматор орталығын ашады.
Гүлдана Ержанқызы – үш жылдан бері балалардың көңіл-күйін шаттыққа бөлеп жүр. Негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі болса да, өзін басқа қырынан танытып кәсіп бастаған. Ең алғашқы кәсібі сұлулық салоны болса, кейіннен өзінің қызығушылығымен Шиеліде аниматор орталығын ашады.
– Мектептен қанша алыстасам да, маған балалармен жұмыс істеген ұнайтын. Сол мақсатпен аниматор болғым келді. Ауданда жоқ нәрсені ашқым келетін. Жаңашылдықты ұнатамын. Әрине, бұл кәсіп бірден бастала қоймады. Түбегейлі жан-жақты зерттедім. Басқа да аниматорлардың жұмысын көрдім. Бастапқыда екі аниматор болып мерекелік кештерге шығатынбыз. Алайда, одан белсенділік болмады. Не себепті дейсіз ғой? Адамдардың аздығынан. Әйтсе де, мен жұмысты тоқтатпадым. Алға қарай жылжып, орталыққа адамдарды тартуға тырыстым. Осылайша, ұжым саны да артты. Бағдарламалар ұйымдастырып, сұраныс та көбейе бастады. Шынымды айтсам, бұл кәсібім менің бағымды ашты десем, артық айтқаным емес, – дейді кейіпкеріміз.
Расында үйде, кафеде, тойханада болсын балалардың көңілін тауып жүргендерді көресіз.Тіпті үйлену тойының өзінде аниматорларды кездестіресіз. Кішкентай бүлдіршіндермен бірге ән айтады, ойын ойнайды. Мұның өзі бала үшін үлкен мейрам. Әсіресе, теледидар мен ғаламторға байланған балақайлар үшін. Ал Гүлдананың өзіндік ерекшелігі әр тапсырысқа арнайы сценарий жазып, неше түрлі кейіпкерлердің дауысын салуға тырысады. Демек әр тойды ұмытылмастай еткенін қалайды.
Бүгінде ұжымда 4 aдам қызмет етеді. Кәсіпкердің айтуынша, жүргізушілік пен ұйымдастырушылықты өзі басқарып отырады.
– Мен өз жұмысымды ұнатамын. Бала жаны өте нәзік келеді. Балаларымыз болашағымыз емес пе? Сол себептен оларды телефонмен достастырмай, адамдармен байланыстыру қажет, – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, аниматор кейіпкерлеріне 2 ай бұрын тапсырыс беріп қояды. Мәселен, бір аниматордың бағасы 270 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ орталыққа тек аудан ғана емес, жан-жақтан хабарламалар келіп, сұраныстар түседі. Атап айтсақ, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданына барып, кештердің сәнін келтіреді.
Мінекей, жас кәсіпкердің аниматорлық күні осылай өтуде. Қызықты әрі қиын. Неге қиын? Себебі күндіз-түні жұмыс істеу, адамдарға жауап беру, баланың көңілін табу – бұның барлығы қажырлы еңбектің нәтижесі. Біздің кейіпкеріміз тек ғана аниматорлықпен ғана емес, сұлулық салонын да басқарып отыр. Осы тұрғыда жолдасы Ерболат Мұхтаровтың көмегі ерекше болғанын айтып кетейік. Өйткені әйел адам үшін отбасының, жан-жарының қолдауы өте маңызды. Қазіргі таңда бір әулеттің үлгілі келіні. Жұбайының сүйікті жары әрі балаларының аяулы анасы.
Осылайша, бір күнімді аудандағы үздік аниматорлық орталыққа арнадым. Оқырман, балаларды смартфонға телмірткенше, осындай аниматорлық орталықтарына қызықтырыңыздар. Себебі бала – біздің болашағымыз. Ұрпақ тәрбиесі – сіз бен біздің қолымызда.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ