ЖАС САРБАЗДЫ ҚҰТҚАРҒАН ҚАЙРАТ ҮМБЕТОВ: ДЕНЕМДЕ ГРАНАТАНЫҢ 29 ЖАРЫҚШАҒЫ ҚАЛДЫ
Екі жыл бұрын Қарағанды облысындағы әскери бөлімде болған ерлікке пара-пар оқиға қазақстандықтарды таңғалдырған еді. Онда полковник Қайрат Үмбетов жауынгерлік гранатаны окопқа түсіріп алған жас сарбазды өз денесімен жауып, ажалдан құтқарды. Сарбаз дін аман, ал полковниктің бойынан гранатаның алпысқа жуық жарықшағы табылды. Отан қорғаушы күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі бейбіт өмірде ерлігімен танылған «Халық қаһарманы», «Отан» орденінің кавалері, «Қазақстанның 100 есіміне» енген полковник Қайрат Үмбетовпен сұхбатты ұсынады. - Қайрат Жарылқасынұлы, әскери қызметке қалай келдіңіз? Еңбек жолын қай жерде бастадыңыз? - Əскери қызмет - бала кезден армандаған мамандығым. Себебі, менің әкем - әскери адам болған, атам Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан. Өзім Ташкент облысы, Шыршық қаласында туып-өскенмін. Сол қалада Шыршық Жоғары даңқ командирлерінің инженерлік училищесін аяқтап, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Онда батальон командиріне дейін көтеріліп, Щучье Ұлттық корғаныс университетіне оқуға түстім, Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында жұмыс істедім. 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің Бас штаб академиясы факультетіне магистратураға қабылдандым. Қазір сонда мемлекеттік емтиханға жəне магистрлік диссертацияны қорғауға дайындалып жүрмін. Келесі айда оқуымды аяқтап, Ұлттық ұлан қатарындағы қызметімді әрі қарай жалғастырамын. - Жас сарбазды құтқарған сәтті еске алсаңыз. Жарақатыңыз ауыр болды ма? Салдары қазір мазаламай ма? - 2016 жылы 7 сәуірде Қарағандыдағы Қарабас кентінде әскери бөлімнің оқу-жаттығу полигонында, жауынгерлік дайындық сабағында қатардағы сарбаз Сұлтанқұлов лақтырған РГД-5 гранатасы окоптың ішіне түсіп жарылды. Ол бәрін дұрыс жасады, тек шын жауынгерлік гранатаны қолға алғанда қобалжыды. Ең алдымен жауапкершілікті ойладым, не жағдай болса да, қарамағымдағы жас сарбаздың өмірін сақтап қалу маңызды болды. Менің орнымда болған кез келген офицер де солай жасар еді. Жарылыс болған күні Абай қаласында бірінші ота жасалды. Төрт күннен кейін Қарағанды қаласындағы Мақажанов ауруханасында екінші рет ота жасады. Денемде гранатаның 50-60 жарықшағы бар еді. Дәрігерлер оның жартысына жуығын алып тастады. Қазір бойымда 29 жарықшақ қалды, олар уақыты келгенде өздігінен шығады дейді. Ал салдары еш мазаламайды. - Бұл оқиғаны әріптестеріңіз бен отбасыңыз қалай қабылдады? - Әрине, жақсы жаңалық емес. Әріптестеріме, басшылыққа бар жағдайды өзім баяндадым. Ал отбасыма айтқан жоқпын. Себебі әйелім декреттік демалыста болды, жүрегін ауыртқым келген жоқ. Ата-анам, туыстарым, жұбайым - барлығы оқиғаны жаңалықтардан естіп, хабарласты. Ол кезде мен ауруханадан шығып, жұмысқа бара жатқанмын. «Алаңдайтын ештеңе жоқ» деп жұбаттым. - Қазір ол жауынгер қайда жүр? Сізге хабарласып тұратын шығар? - Иә, Абзалмен де, оның ата-анасымен, әжесімен де жақсы араласамыз, мерекелерде бір-бірімізді құттықтаймыз. Абзал өзі ұлымдай болып кетті. Күзде Жамбыл облысында шаңырақ құрды, тойына шақырған еді қызмет бабымен бара алмадым. Жолым түссе, міндетті түрде құттықтап шығамын. Мемлекеттік қызметке орналасып жатырмын деген, қазір жұмыс істеп жүрген шығар. - Әскери қызметтегі марапаттарыңыз жөнінде айтып берсеңіз? - Жауынгер Сұлтанқұловты құтқарғаным үшін мені «Халық қаһарманы» атағына ұсынған болатын. 2016 жылдың 7 мамырында Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Халық қаһарманы» атағын, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін алдым. Қарағанды облысының әкімдігі екі бөлмелі пәтер сыйлады. Одан бөлек, 14 шақты мерейтойлық, қызметтік медальдарым бар. Жалпы әскери салада 21 жыл бойы қызмет етіп келе жатырмын. - Сіздің пікіріңізше, бүгінгі күннің сарбаздары қандай болуы керек? - Біріншіден, әскери адам елінің 100 пайыз патриоты болуы керек. Отаны үшін ештеңеден аянбауы тиіс. Батыл болуы тиіс. Үздіксіз өзін-өзі дамытатын, оқып-үйренуден жалықпайтын, жан-жақты болуы қажет. Бойын шымыр ұстауы керек және үлкендерді құрметтеуі керек. Ең басты қасиеттер - осы деп ойлаймын. - Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанған едіңіз. Іріктеу қалай жүрді? - Бұл жобада жеңімпаз болам деп ойлаған жоқпын. Оған ұсынылғанымды жолдастарымнан естідім. Телефоныма «Сіздің есіміңізді «100 жаңа есім» жобасына ұсыну туралы өтінім берілді» деген хабарлама келді. Оған аса мән берген жоқпын. Күзде жеңімпаз атандыңыз деген хабар келіп, 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні Астанада бас қостық. Үш күн Астанада экскурсия болып, 102 жеңімпаз бір-бірімен етене танысқан болатын. Дәурен Әлтаев, Сергей Шегай сынды Қарағандыдан шыққан жеңімпаздармен хабарласып тұрамын. 1 желтоқсаннан кейін қаңтар, наурыз айларында 3-4 рет жиналдық. Қарағандыда да бас қостық. - «Халық қаһарманы» болу, Қазақстанның 100 есіміне ену атақпен бірге үлкен жауапкершілік те жүктейтін шығар? - Әрине. Бұл ең алдымен - ұжым алдындағы үлкен жауапкершілік, бірге оқып жүрген курстастарымның, ата-анам мен туыстарымның, кішкентай ұлымның алдындағы жауапкершілік. Шынымды айтсам, көпшілік ортада өзімді ұстауыма, жүріс-тұрысыма дейін жіті мән беретін болдым. - Алдағы мерекелер қарсаңында қазақстандықтарға не тілер едіңіз? - 7 мамыр - Отан қорғаушы күні және 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін, Қарулы Күштер мен Ұлттық Ұлан қызметшілерін және қатардағы сарбаздардың барлығын мерекелерімен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, қызметте табыс тілеймін. Еліміздің тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосып, биік шыңдардан көріне берсін. Елімізде тыныштық болсын!
Автор: Айжан Серікжанқызы