Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НҰРШАТ ҚАНАТҚЫЗЫ: БИ – ӨМІР СҮРУ СИМВОЛЫ

НҰРШАТ ҚАНАТҚЫЗЫ: БИ – ӨМІР СҮРУ СИМВОЛЫ

Дүйсенбі. Басылымның сейсенбідегі бір беті менің мойнымда. Газеттің бұл жолғы санын тұтастай мәдинет саласына һәм сол салада жүрген майталман мамандарға арнауды жөн көрдім.
Сондықтан тек бізге берілген мағлұматтарға сүйене алмай, мәдениет саласының қыр-сырын көрмекке аудан орталығының қақ төрінен орын тепкен өнер орталығына қарай беттедім. Көп ұзамай діттеген жерге де табан тіредім. Бұл жерде нағыз өнерпаздардың қара шаңырағы деседі. Елдің айтуындай-ақ бар екен. Есіктен ентелей сала құлағыма бірден әуен естілді. Құдды бір симфония дерсің. Алдыға бес-алты қадам басқан соң, әлгі әдемі үнге сүйріктей саусақтарын қозғап, мың бұралып, талдырмаш мүсінімен таңқалдыра билеп биші екенін байқадым. Ол есіктен тілшінің келіп тұрғанын аңғарса да, музыканың ырғағына тербеліп, билеуді әрі қарай жалғастыра берді. Мен де ішімнен бидің бекзат өнер екеніне тағы да көз жеткізіп, сүйсініп тұра бердім.
Сәлден соң нәзік қимыл, әдемі әрекетті, сұлу қозғалысты суреттеген жан маған қарай жақындады. Дереу келген жөнімді айтып, би өнері жайлы мағлұматқа қанықтым. Кейіпкеріміз «Би – ол өмір сүру символы» деп сөзін бастады. Әрмен қарай «Түсіне білген адамға әр қимылдың астарында мән мен маңыз, тарих пен аңыз бар. Осы бір әсем өнердің әр қимылын сұлулықпен үйлестіре білетін жүрген бишілеріміз өз шеберліктерін күн сайын шыңдап отырады» деп сөзін жалғай түсті.
Бұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «хореография» мамандығын тәмамдаған Нұршат Қанатқызы. Қазіргі таңда Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы жанындағы «Жас дәурен» халықтық ән-би ансамблінің балетмейстері болып жұмыс істейді. «Жас дәурен» би үйірмесінде 40-қа жуық оқушы бар. 6-14 жас аралығында кіші топ, одан әрі жоғары топ шәкірттерін дайындауда. Аудан бишілерінің алған асуы көп. Алайда шығар биігі әлі алда. Мәселен, І-республикалық «KERUEN» байқауынан бірінші орынды қанжығалады. Сондай-ақ биыл «Таланттар топ жарған күн» облыстық заманауи өнер байқауынан ІІІ орыннан қара көрсетсе, «BELES» республикалық байқауынан І орын иеленді. Республикалық «NOMAD» байқауынан би тобы бас жүлдені қанжығасына байлады. Атап айта берер болсақ жетістіктерінің соңы көріне қоймасы анық. Ал кәсіби биші дайындау жолында қажырлы еңбегімен көрініп жүрген Нұршат Қанатқызы «Үздік ұстаз» алғыс хатын алған.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
13 желтоқсан 2023 ж. 254 0