Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл қала емес, мола ғой...

Бұл қала емес, мола ғой...

– Осы объектінің бәрі, сенің бөлеңнің жері. Сенің бөлең осы жерде бригадир.
– Мәссаған, біздің жұмыс істейтін жеріміз осы жер ма? Айналайын бөлежан, ауылдан келген мен үшін мына жерде жұмыс істеу үлкен бақыт қой. Мынау не деген үлкен қала?!
– Қайсы қала? Бұл қала емес, мола ғой. Ауылдан келген бала евро моланы қайдан білсін.
– Қой, мола дегені несі? Мола деген кішкентай төмпек болады емес пе? Мына тұрғаның зәулім-зәулім тұрған нысан қалалар ғой. Бұл сөзің әзіл шығар, бөле.
– Ей, қайдағы қала. Бұл деген евро мола. Тек байлар жататын мола. Мына тұрған екі этажды моланың арғы жағындағы төрт этажды моланы көрдің бе? Бұл үлкен бір миллионер кісінің моласы. Мына молаға қарапайым адам жерленбейді. Осы жердегі екі метр жердің өзі 50 мың доллар тұрады. Ішінде туалет, ванна, гараж, биллиард мрамордан салынған. Ы-ы-ы, ойнапсың бұл моламен, дейтін «Алдараспан» әзіл-оспақ театрының «Евро мола» атты әзілін бала күнімізде жиі көріп, күлгіге қарық болып жататын едік.
Сөйтсек бұл күлетін емес, бас қатырар мәселеге айналып келе жатқанына біраз бопты. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта ірі қалаларда жерлеу рәсімін өткізу бизнес көзіне айналды. Ет жақынын соңғы сапарға шығарып салу үшін несие алып, мола басына кесене тұрғызып, жерлеу рәсімін аста-төк қылып өткізетіндер де бар. Солай «өлілер мекені» сән-салтанат ордасына айналып үлгерді. Бұлай дейтініміз, ұзақ жолға шыға қалсаңыз, жол бойында орналасқан қорымдарды көргенде, жаға ұстап таңқаласың. Құдды бір мола емес, зәулім үй секілді көрінеді. Жалпы адамға тірі күнінде құрмет көрсетілсе игі, өлгеннен соң оған зәулім мола тұрғызу далбаса сыңайлы. Енді біз көтерген мәселе аясында Шиелі аудандық орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаевпен тілдескен едік.
– Қайтыс болған үйге намаздауға барамыз. Қара жамылып отырған үйге бірден бұлай етпе деу әбестік. Жақынынан айырылып отырған адам да сенің сөзіңді тыңдауға шамасы жетпейді. Бірақ белгі қойылам дегенше түрлі қабірге, дастарханға, туған-туыс пен қайырымдылыққа байланысты хадистер, ғибратты әңгімелер әр жеті сайын, қырқы мен жүзі, жылында да айтылады. Айтылған сөзді ескеріп, астамшылық жасамайтындармен қатар, ести тұра «жұрттан ұятты» деп биік бейіт салатындар, суретін, атқарған қызметін жаздырып қоятындар бар, өкінішке қарай. Адамның тірі кезінде опа бермеген дүние, өлгенде оған пайдасы тимейді. Марқұмның қайтыс болғаннан кейінде 3 амалы үздіксіз жүріп сауапқа айналуы мүмкін. Олар берген пайдалы білімі, намазы, жасаған ізгі амалы. Мысалға, бір жеміс ағашын отырғызса, оған адам саяласа, жемісін жесе, осы ісі марқұмға сауап болады. Ал ұрпағының зәулім бейіт салуы ешқандай сауап та, пайда да әкелмейді. Тіпті жақсылық болып саналмайды. Керсінше ысырап болады. Негізінен мұсылманның зират салуда қағидалары мен талаптары бар. Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттағы қабірлерді жеке-жеке етіп қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. Қабір басына белгі ретінде тас қоюға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында үлкен бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған. Алайда белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға болмайды. Сондай-ақ құлпытасты мүсін бейнесінде ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға тыйым салынады. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туған және дүниеден өткен күнін, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн, – деді.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы жерлеу рәсіміне төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан. Осылайша ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын көлемі екі есеге өскен. Астанада қабір қазу технологиясы мұсылмандарша – 130 мың теңге болса, христиандық – 35 мың теңге. Алматыда христиандық қабір қазу – 65 мың теңге. Астанада барлық зират мемлекеттікі. Сондықтан олар бағаны қадағалап отырады. Ал Қарағандыдағы, Петропавлдағы зираттардың барлығы жекеменшік. Алматыдағы зираттардың 51 пайызы мемлекетке, 49 пайызы жекеменшікке қарайды. Жекеменшік зираттар бағаны өздері белгілейді екен. Одан бөлек, әлемді жайлаған пандемия кезінде жерлеу мәселесі де өзекті болды. Бір күнде бірнеше қабір қазуға адам табылмады. Сол уақытта қабыр қазу мен жерлеу рәсімінің бағасы күрт өскен.
– Қабір қазып жүргеніме 15 жылға жуық уақыт болды. Бұрындары қаза болған үйдің ағайындары көңілі қалағанша ақша беретін. Бергі уақытта қабір қазу ақысы қойылды. Бір қабірді 4 адам қазамыз. Адам басына 5000 мың теңгеден келеді. Кешегі пандемия кезінде күніне 3-4 қабір қазып, үлгере алмай жататынбыз. Қазір мазар тұрғызу сәнге айналып барады. Зәулім-зәулім мазарлар өлген адамға не қажеті бар. Мәселен, 50-100 жылдан кейін сол жерге екінші бір өлікті жерлеуге болады. Ал қазіргі жағдай ол мазарларды қирату марқұмдарға көрсетілген құрметсіздік саналып, дәстүрге қайшылық болып көрінеді. Жалпы, менің айтпағым, марқұмдардың басына тұрғызылған мазарлардың ешбір кінәсі жоқ, бар мәселе тірілердің түсінігінде. Сондықтан діндарлықты қирату жолымен емес, түсіндіру жолымен жеткізу дұрыс әрі тиімді болмақ, – дейді Нұржан Саматұлы.

Түйін: Иә, біз өмірде алыстық-жұлыстық, жақсыны жаман деп даттадық, жаманды жақсы деп мақтадық. Бірі әлсіз болса, күштілік таныттық. Біреу кедей болса, қоғамнан ысырып тастауға үйрендік. Қазақта «ауызы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» сөзін жандандырдық. Не керек, жағымпаздық дерті жаңғырып сала берді. Өмірдің әділетті-әділетсіз тұстары айқын көрінді. Соңы мола салу модаға айналды. Айналаға қарап, құралын сайлап шығатын агенттіктер де пайда болды. Мұның соңы не болмақ? Мола салып жарысқанша, мол сауап жасап жарысайық!

Дархан ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ
05 желтоқсан 2023 ж. 251 0