Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілге қауіп қайдан келеді?

Тілге қауіп қайдан келеді?

Біз қазақ жұрты – бақыт құсын қолға қондырған халықпыз. Бұл ойды мен есті бола келе ескере бастадым. Неге дейсіз бе? Ойлап қарасақ, қазақ елінің бабалардан мұра болып қалған кең-байтақ жері, тағылымы мол тарихы, діні мен ділі, ана тілі бар. Бәлкім, мұндай мақтауларды балдырған балалар ғана таңдай қаға тыңдар. Ал ересек жандарға бұл жаттанды сөздер болып көрінеді. Себебі тіл және жер мәселесі соңғы он жылдықта аса қызу талқыға түсуде.
Ертіс пен Еділ, Арқа мен Алатаудың арасын қамтыған ұланғайыр жерімізді мемлекеттің қорғауына қалдырдық. Тарихымыз, дініміз бен діліміз ұлт жадынан өшпестей болып, мәңгіге тұрақтады деп сенеміз. Ал ана тіліміздің жайы не болмақ? Тіл ертеңін ойлаған әр ұлт өз ана тілін қорғауға міндетті деп білеміз. Отан қорғаушылар туған жерін қызғыштай қорыса, ондағы халық та өздеріне аманат етілген тілді дәл солай қорғай білуі қажет.
Менің ойымша, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, өмірін ұзарту үшін өзге тілдің сөздерін қосып сөйлеуді доғару қажет. Мәселен, біз жас­тар ауызекі сөйлеу барысында «ок», «если что», «потому что», «по-моему» және тағы да басқа сөздерді көп қолданамыз. Осылайша, біз қазақ тіліне үлкен қауіп төндіріп отырмыз. Бәлкім, бірде-бір орыс сөзін қоспай сөйлейтін қазақ жоқ шығар. Міне, осы мәселені ескере отырып, әр адам тіл тазалығын сақтауды өз басынан бастай алады. Тамшы тама-тама көл боларын ұмытпаған жөн.
Университет қабырғасында жүргенімде, қолыма әйгілі лингвист-ғалым Рәбиға Сыздықованың «Сөз құдіреті» атты тамаша кітабы түсті. Бұл кітапты оқи келе, мен қазақ тілінің қадірін толықтай түсіндім. Біздің тіліміз – әлемдегі ең бай тілдердің қатарында екен. Осыған дәлел ретінде академик мынадай мысал келтіреді: есімдері дүниенің төрт бұрышына тараған атақты Шекспир мен Байронның сөздік қоры он бес мың сөзді құрайды екен. Ал халқымыздың мақтан тұтар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясында 16 800 сөз қолданған. Бұл қайталанбайтын, жеке-дара сөздердің саны екенін баса айтқан жөн болар. Яғни қазақ тілі сөйлеушісі көп ағылшын тілін шаң қаптырмаса, кем түспесі анық.
Ал PhD докторы Орынтай Ошанова тіл тазалығын сақтаудың жолдарын өзінің «Сөйлеу мәдениеті» атты кітабында тамаша түсіндірген. Ғалымның айтуынша, тіл тазалығын сақтау үшін диалект, жаргон сөздердің қолданысын азайту керек. Бұл сөздер қазақ тілінің бай екеніне күмән келтіреді. Расымен де, синоним, омоним, көпмағыналы сөздерге бай тілімізді диалект сөздермен арзандатудың қажеті жоқ. Әрқашан да әдеби тіл нормасын сақтау – өзге ұлт алдында қазақ тілінің мәртебесін асқақтатпақ.

Аружан Мұсаева,
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және
әлем тілдері университетінің 2 курс студенті
27 қараша 2023 ж. 165 0